Ермек Бәкіров – Мағжан Жұмабаев аудандық мәслихатының №3 сайлау округі бойынша депутаты, әлеуметтік саясат, заңдылық және құқықтық тәртіп, депутаттық өкілеттіктер және әдеп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, Кәсіптік даярлау және қызмет көрсету колледжінің директоры. “AMANAT” партиясының мүшесі.
Не үшін депутат болдым?
Қоғамға қызмет ету, мемлекеттік мүддені ескере отырып, туындаған мәселелерді шешу, еліміздің өркендеуіне атсалысу, халыққа жақын болу, қиын уақытта жандарынан табылу, қол ұшын беру – әр депутаттың басты ұстанымы. Депутат тұрғындар алдында тұрған проблемаларды білетіндердің арасынан сайлануы керек деп санаймын. Ауданда өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруға, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысу ниетімен аудандық мәслихат депутаттығына үміткер болдым. Осы жерде туып-өскендіктен ауданның және өзіме сенім артқан Булаев қаласының мәселелерімен таныспын. Оларды шешудің жолын іздеп, жерлестерімнің мүддесін қорғап, әр ісімді әлеуметтік ахуалды жақсартуға бағыттап, халықтың сенімін ақтауды өзімнің адамдық және депутаттық борышым деп санаймын. Халықтың қалауымен аудандық мәслихаттың депутаты ретіндегі міндеттерімді атқарып келемін.
Мен көп жылдан бері білім беру саласында еңбек етемін. 1989 жылдан бастап ауыл мектебінде мұғалім, оқу ісі жөніндегі меңгеруші, мектеп директоры болдым. Кейін Булаев қаласының №4 орта мектебінің директоры, Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. Қазіргі уақытта Кәсіптік даярлық және қызмет көрсету колледжінің директорымын.
Елді дамыту үшін жұмысшы кәсіптер мен түрлі сала мамандарының беделін арттыруға басымдық берілуі тиіс. Кәсіптік оқыту мен білім беруді қолдау арқылы ғана отандық экономиканы дамыту үшін қажетті жұмыс күшін даярлай аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық қоғамның назарын индустрияландыру идеясына бірнеше рет аударды. Бұл істі техникалық бағыттағы бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрлардың қажетті санын даярламай атқару мүмкін емес. Осы ретте Президент 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласын жаңғырту үшін реформалау және қосымша қаржыландыру аздық етеді. Алдымен еңбек ету идеясын насихаттау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуі қажет. Яғни еңбек ету халықтың, оның ішінде жастардың негізгі идеясына айналуы тиіс. Қазір жастарды техникалық және кәсіптік білім беру саласына тарту қиын. Осы істі орындаған кезде ғана саланы қосымша қаржыландыру бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауда тиімді құрал бола алады.
Сайлаушыларға қандай уәде бердім?
Біз басты жетістіктері бейбітшілік, келісім және өркендеу болып табылатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының нақты міндеттері тұжырымдалады және басым бағдарлар белгіленеді. Депутаттар өз тарапынан осы бағыттарды мақсат етіп, сайлаушылардың еркін білдіре отырып, көкейкесті мәселелерді шешуге басымдық беруі керек.
Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде мен Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары мен Үкіметтің міндеттерін орындауға бар күшімді саламын. Менің депутаттық қызметім сайлауалды бағдарламада айтылған өзекті мәселелерді бағдар етіп, жерлестерімнің мүдделерін іске асыруға бағытталған.
Сайлауалды бағдарламамда тұрғын үй-коммуналдық қызметтерін жақсарту және әлеуметтік бағытталған тарифтік саясаттың сақталуын бақылау, қала көшелеріндегі автобус маршруттарының жұмысы, жол қозғалысы қауіпсіздігі, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету сынды мәселелер қамтылған. Сонымен қатар тұрғындарды толғандырып жүрген балабақша салу, құқық бұзушылықтардың алдын алу, бақылау камераларының санын көбейту, бағаның өсуін бақылау, халықты жұмыспен қамту жайы да басты назарда. Жас мамандарды жұмысқа орналастыру, балалар ойын алаңдары мен демалыс орындарын абаттандыру, аз қамтылғандар мен зейнеткерлерге қамқорлық, мәдени демалыс және спорт, жастарды патриоттық тәрбиелеу үшін жағдай жасау сынды шаралар – күн тәртібіндегі мәселелер. Міне, халыққа берген осындай уәделерді сапалы орындап, сенімді нығайту және ақтау үшін аянбай еңбек етіп жүрмін.
Қай уәдемді орындадым?
Ауданда тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін біршама жұмыстар атқарылуда. Аудандық мәслихат депутаттары әрдайым әлеуметтік нысандардың құрылыстары, инфрақұрылымды дамыту шаралары, жолдарды жөндеу және салу сияқты нәтижелі істердің басы-қасынан табылады.
Мониторингтік топтың құрамында аудан аумағындағы жол, су, медициналық пункттер тағы да басқа құрылысы жүріп жатқан немесе күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандарға барып, жұмыс барысына партиялық бақылау жүргіземіз.
Булаев қаласы тұрғындарымен кездесулер барысында айтылған талап-тілектер ескеріліп, аудан әкімдігіне және тиісті атқарушы органдарға қаланың солтүстік жағындағы Буденный көшесіне жаяу жүргіншілер тротуарларын салу, балалар ойын алаңын салу, Буденный мен Уәлиханов көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату, Энергетиктер көшесі бойындағы жолды жөндеу, қала аумағындағы қураған ағаштарды кесу, қоқыс жәшіктерінің санын ұлғайту сияқты мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолдадым. Бүгінгі таңда бұл мәселелердің барлығы шешілді.
Азаматтарды жеке қабылдаған кезде көптеген мәселелер оң шешіледі немесе бақылауға алынады. Мысалы, қоқысты қатты тұрмыстық қалдықтар жинау орнына шығару, жалғыз тұратын адамдардың үйінің жанындағы қарды тазарту, жұмысқа орналастыру сынды мәселелер жиі айтылады. Қыс және көктем мезгілдерінде жалғызілікті жандардың өтінішімен колледж студенттері олардың аулаларындағы қарды шығарады. Сонымен қатар үш адамды жұмысқа орналастырдым.
Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында қысқы кезеңде жолдарды күтіп ұстау, балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыру, елді мекендерді абаттандырудың жай-күйі, аудан мекемелерінің жылу беру маусымына дайындығы туралы мәселелер қаралады. Ауданның, ауылдық округтердің және Булаев қаласының бюджеттерін нақтылау және бекіту туралы сұрақтар қызу талқыланады.
Сонымен қатар мен – аудандық қоғамдық кеңестің мүшесімін. Кеңестің сайлаушыларды толғандырып жүрген мәселелер қаралатын отырыстарына үнемі қатысамын.
Қайырымдылық шарасы аясында өрттен зардап шеккендерге көмек ұйымдастырылды, шіркеуге көмек ретінде 5 тонна көмір жеткізіп бердім. Қаланың солтүстік жағындағы қыста көшелерден шығарылған қарға арналған полигонды жабдықтауға бастамашы болдым. Биылғы жылғы көктемде су тасқынының алдын алу үшін қапқа салынған құм жеткізіп, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау кезінде демеушілік көрсетілді. Қайырымдылық акциялары шегінде халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету – мен үшін міндетті істер.
Елге берген уәдені орындаудың белгісі – сайлаушылардың мұң-мұқтажын білу, оларды шешу жолын табуға ықпал ету, билік басындағыларға айтып, нәтижеге жету. Мен үшін елдің алғысы – үлкен марапат, еңбегіме берілген баға деп түсінемін.
Халық маған сене ме?
Әр деңгейдегі депутат сайлаушыларына есеп беріп отыруы керек. Ол қолынан келмейтін іс-шараларды жүзеге асырам деп уәде бермей, өз деңгейіндегі мәселелерді жоспарлы түрде шешуге міндетті. Сондықтан өкілетті орган жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Қандай да болмасын мәселелерді бірлесе шешкен кезде оң нәтижелерге жетеміз.
Халқым маған сену үшін бар күш-жігерімді, білімім мен біліктілігімді, тәжірибемді депутаттық қызметке бағыттап, міндеттерімді адал орындауға тырысамын. Әрине, артылған сенімді қаншалықты ақтағанымды сайлаушылар ғана біледі. Аудан тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін үш мәрте сайлауға қатыстым. Он жылға жуық тәжірибесі бар депутат болуым халықтың қалауы, маған деген сенімінің белгісі ғой деп ойлаймын. Депутат пен халық өзара бірін-бірі сыйласа, сенім білдірсе барлық мақсаттарға қол жеткізе аламыз.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.