«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кімдер декларация тапсырмайды?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“2025 жылдан бастап Қазақстан халқының бір бөлігі міндетті декларация тапсырудан босатылатын көрінеді. Осыған жан-жақты түсініктеме берсеңіздер”, – деген екен редакцияға жолдаған хатында Петропавл қаласының тұрғыны Есет Нұрғалымов.

Оқырман сауалына облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Наталья Некрасова жауап берді.

“Президент тапсырмасына сәйкес, цифрландыру деңге­йі­нің жеткілікті болуына байланысты 2025 жылға жоспарлан­ған соңғы кезеңдегі декларант­тар­ды міндетті есеп беру талап­тарынан босату жөнінде мәселе Үкімет отырысында талқыла­нып, шешім шығарылды.

Келесі жылдан бастап 8 млн. адам декларация тапсыруы тиіс болатын. Алайда Мемлекет бас­шысының жалпыға бірдей дек­ларациялау тәсілдерін қайта қа­рау жөніндегі ұсынысы негізінде мына санаттағылар активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырудан босатыла­ды. Атап айтқанда, жеке құры­лымдардың қызметкерлері, зей­неткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және бас­қа­лары. Бұдан бөлек, шетелде үйі және көлігі, шетелдік банк­тер­де 3,7 млн. теңгеден астам сома­дағы ақшасы, инвестиция­лық ба­ғалы металлдары, шет­ел­дік ком­панияға, тұрғын үй құ­рылысына қатысу үлесі, цифр­лық актив­те­рі, берешегі, шетел­де құны 1 мың АЕК-тен асатын бұйымы жоқ адамдар да декла­рация тап­сырудан босатылады. Яғни шет­ел­де мүлкі жоқ адам­дарға дек­ларация тапсыру мін­детті емес.

Ал декларациялау мемле­кет­тік қызметшілерге, коммер­ция­лық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшыларына, олар­дың жұбайлары, Қазақстан Рес­публикасынан тыс жерлерде ак­тивтері барларға және бір жыл ішінде сатып алғандарға, бір жыл ішінде құны 20000 айлық есептік көрсеткіштен (74 млн. теңге) астам сатып алулар жа­са­ғандарға, өз бетінше салық салынатын табыс тапқандарға қалдырылды.

Жаппай декларация тапсы­ру жүйесі 4 кезеңнен тұрады. Бі­рінші кезең 2021 жылғы 1 қаң­тар­да басталып, мемлекеттік қыз­метшілер мен олардың жұ­байлары табысы мен мүлкі жай­лы есеп берді. Қамтылған адам­дардың саны – 580 мың. Екінші кезең 2023 жылы қолға алынып, мемлекеттік мекеме мен квазимемлекеттік сектор қызметкер­лері және олардың жұбайлары декларация тапсырды. Саны 2,1 миллион адам болды. 2024 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап заң­ды тұлға басшылары мен құрылтай­шылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары дек­ла­рация тапсырды. Міндет­тел­гендер саны – 3,9 млн.

Ал төртінші кезеңде – 2025 жылғы 1 қаңтардан барлық жеке тұлға (жеке құрылым қызметке­рі, зейнеткер, үй шаруасындағы әйел, студент) декларация тапсыруға міндетті болады деп жос­парланған. Нәтижесінде, дек­ла­рациядан өтетіндер саны 13 миллионға жетуі керек еді. Үкіметтің есебінше, 8 мил­лионға жуық адам бұл міндеттен босатылады, бұл – елдегі жеке тұлғалардың 90 пайызы.

Қазір декларацияны 4 миллионнан аса адам тапсырады. 2025 жылы барлық азамат декларация тапсырады деген ше­шімге халық алаңдаушылық біл­дірді. Сондықтан аталған мә­селеге Мемлекет басшысы на­зар аударды. Бүгінде мемлекеттік органдардың деректер база­сы цифрландырылған. Қаржы­лық және валюталық бақылау күшейтілді. Халықаралық келісім­дер арқылы шоттар бойын­ша дерек алмасу жолға қойыл­ған. Цифрлық қызметтер кең та­ралған. Сондықтан жеке тұлға­лардың активі жөнінде барлық ақпарат бар.

Енді жаңа шешімге сай шет­ел­де мүлкі бар, табысы мол адамдар ғана үкіметке есеп бе­реді. Ал аз табысы отбасын асы­рауға ғана жететін қарапайым жұрт декларация тапсырамын деп әуреге түспейді. Декларация шартының жеңілдетілуі ар­қасында әлеуметтік саясат жеті­ліп, көлеңкелі экономика жойы­лады, сыбайлас жемқорлық дең­гейі төмендеп, бюджетке түсетін қаржы артады деген үміт мол.

2025 жылғы 1 қаңтардан бас­тап, жоғары лауазымды шенді­лер, яғни “А” корпусының саяси және әкімшілік лауазымын атқа­ратын адамдар, Парламент де­путаттары, адам құқығы жөнін­де­гі уәкілдер, судьялар, квази­мемлекеттік сектор субъектісіне жетекшілік ететін басшылар дек­ларацияда көрсетілген мәлімет­терді мемлекеттік органның рес­ми сайтында жариялауы тиіс”, –делінген жауапта.

Дайындаған

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp