Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Облыс әкімімен кездесуге келген тұрғындар баспанамен қамту, егістік үшін жер беру, еңбекақы төлеу сияқты өзекті мәселелерді көтерді.
Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Николай Кинцельдің айтуынша, “Салахадин” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысушылары кәсіпорыннан заңсыз шығарылған. Пайшылардың бір бөлігі жиналыс хаттамасын заңсыз деп тану үшін сотқа жүгініпті, бірақ олардың бұл талаптары қанағаттандырылмаған. Николай Кинцель бірнеше жыл бойы еңбекақы алмаған. Ол өзінің 2004 жылы жұмыстан шығарылғанынан да бейхабар екен.
“Мен қойма меңгерушісі болып жұмыс істедім. Серіктестік басшысы маған ай сайын 25 мың теңге еңбекақы төленетінін айтты. Биыл көктемде айлығымның 25 мың емес, 15 мың теңге болғанын білдім. 2008 жылы ай сайын менің зейнетақы шотыма 1 мың теңгеден түссе, соңғы айларда бар-жоғы 350 теңгеге толыққан. 1998 жылы бір тиын да түспеген”, – деді ауыл тұрғыны.
Бұл мәселе бойынша еңбек инспекциясы басқармасы тексеру жүргізген. Еңбек шартының жасалмауына байланысты кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ал еңбекақы мәселесі сол күйі шешілмеген. Серіктестік өкілдерінің айтуынша, қызметкерлердің құжаттары өрт кезінде жанып кеткен көрінеді.
“Бұл мәселе бойынша сотқа жүгіну керек. Біз жерге, басқа да мемлекеттік органдардың әрекеттеріне байланысты жұмысты қолға аламыз. Егер кәсіпорынның заңгері өтініш білдірсе, еңбек инспекциясы мен ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары кеңес беретін болады”, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Ақсақал Сансызбай Қалиев Уәлиханов ауданындағы бірнеше мәселені айта келген. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің басым бөлігі тиімсіз пайдаланылады. Әлеуметтік нысандар сапасыз тұрғызылған.
Ғауез Торсанұлы ауылдағы мәселелерге бейжай қарамайтын тұрғынға алғысын білдірді. Бірнеше жыл бұрын бюджеттің ақшасына салынып, пайдалануға берілген спорт алаңының қазіргі жағдайы өңір басшысының ашуын туғызды. Алаңның қоршауы балалар үшін қауіпті. Облыстық білім басқармасы мен аудандық әкімдік мәселені шешуі тиіс.
Облыс әкіміне Қызылжар ауданының тұрғыны Жабай Ибраев та жүгінді. Ол ағайындарымен бірге мал шаруашылығымен айналысады, бірақ егістік жер жетіспейді. Бос тұрған жер учаскесі бар, алайда оны конкурстық жолмен алу мүмкін емес. Екі жылдан бері егін егілмегендіктен, бүгінде 200 гектарға жуық алқапты арамшөп басып кеткен.
Архангелька ауылдық округінде жайылымдық жер жетіспейді, ондағы жер учаскесіне басқа шаруашылықтар да иелік етуге талаптанып отыр. Қызылжар ауданының әкімі алқапты жалпы қолданыстағы жайылымдық жер ретінде беруді жоспарлап отырғанын айтты. Ғауез Торсанұлы бұл мәселені шешуді тапсырды. Кездесуде көтерілген барлық мәселе бақылауға алынды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.