Қызылжар – сұлулығын сипаттауға тіл жетпейтін табиғаты ақ қайыңдармен көмкерілген, топырағы құнарлы қасиетті өңірлердің бірі. Сылдырай аққан ерке Есілдің қос жағалауы – орманды алқап, шабындығы мен жайылымы мол шұрайлы дала. Шалғайдағы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға “Ауыл аманаты – ел аманаты” экспедициясын облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов бастап апарды. Есіл, Шал ақын аудандарын басып өтіп, Қостанай бағыты бойынша 380 шақырым жолды артқа қалдырдық.
Аудан әкімі Руслан Аңбаев бізді ежелгі танысындай жылы шыраймен қарсы алып, жұмыс жоспарымен танысқаннан кейін жанымызға орынбасары Берік Сапановты қосып берді. Тіршілігі қыж-қыж қайнаған сауда орындары, басқа да әлеуметтік нысандар қаз-қатар тізілген кең көшелерді басып өттік. Сапарымыз Көкшетау бағытындағы Тахтаброд ауылдық округіне қарай жалғасты. Республикалық маңызы бар Петропавл-Қостанай-Жезқазған бағытындағы күрежолдың сапасы талапқа сай болғанымен, ауданаралық жолдардың тозып кеткені бірден байқалады. Осы себепті 150 шақырым аралықты 3 сағаттан аса еңсеруге тура келді. Уақыт ұту үшін Тахтабродты жанай өтіп, Ковыльныйға тіке тарттық. Ауылға кіре кірбің тартқан көңіліміз шайдай ашылып сала берді. Оқтай түзу көшелер түгел асфальтталған. Мектеп үйі гүлден алқа таққан тәріздес. “Ақселеу” ЖШС-ның еңселі ғимараты алдында басты кейіпкеріміз – шаруашылықтың директоры Серік Малаевтың ұлы, жігіт ағасы Нұрлан Серікұлы күтіп тұр екен. Амандық-саулық сұрасқан соң бірден Секеңнің кабинетіне алып келді.
Жол бойы “овка”, “евка” деген атаулардан көз ашпай келгендіктен бе, “Ақселеу” атауымен жылап көріскендей болдық. Секең, қанша айтқанмен, шаруаның адамы емес пе, әңгімені қысқа қайырып, орнынан тұра берді. Ол ишараны айтқызбай ұғып, соңынан ілестік. Алдымен 14 түрлі нан өнімдерін пісіретін наубайханаға бас сұқтық. Мұнда “Оңтүстіктен – Солтүстікке!” мемлекеттік бағдарламасы арқылы келген отбасы мүшелерін қызу еңбек үстінде кезіктірдік.
Серіктестікте 700 бас ірі қара бағылады. Бұдан бөлек, жылқы, қой түліктері өсіріледі. 15500 гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар егіледі. Элеваторға германиялық заманауи қондырғылар орнатылған, желілер түгел автоматтандырылған. Жылу қазандығы Польшадан әкелінген. Зығыр сабанымен жылытылады. Ауылдың бір шетінде подстанция мен мұнай базасы орналасқан. Күзгі орақ аяқталып, қырман қызу еңбек дүбіріне бөленген. Ойымызға “Қырманға кел, қалқатай, білегіңді сыбанып” деген өлең жолдары оралды. Диспетчер бірқатар ақпаратқа қанықтырды. Өңірдегі маңдайалды агроқұрылымның ауылды заман ағымына лайықты ғажап елді мекенге айналдырғаны қажырлы еңбектің, зор ұйымдастырушылық қарым-қабілеттің, жұмыстың жүйелі жолға қойылуының арқасы екенін іштей түйсіндік. Ең бастысы, тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімі мейірімді жүздерінен, алға қарай басқан нық қадамдарынан, жауапкершілікті бек сезінген сөздерінен анық аңғарылады.
Тахтаброд ауылдық округіне қарасты “Ақселеу” ЖШС шаруа қожалығының директоры, “Құрмет”, “Парасат” ордендерінің иегері Серік Малаевпен әңгімеміз әріден өрбіді. Оның Ковыльный ауылымен тағдыр тоғыстырғанына 37 жыл өте шығыпты.
“Егемендігіміздің елең-алаң кезеңінде барды сақтап қалудың өзі оңайға соққан жоқ. Тек 2000 жылдардан бастап қана жылымықтың жылы лебі есіп, жағдай ептеп түзеле бастады. Алдымен техникаларды жаңаладық. Сосын тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға кірістік. Мектепті өз қамқорлығымызға алдық”, – деді Серік Тәттібайұлы өткенді еске алып.
Қазір ауылда 130 тұрғын үй бар, 120 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Баспаналарға жылу, су тартылған. Қала өмірінен бір мысқал кем емес. Наубайхана, монша, асхана, дүкен, ФАП үзіліссіз жұмыс істейді. Мектептегі спорт кешенінде ат спортына айрықша басымдық берілген. Оқушылар көкпар тарту, теңге ілу, аударыспақ дегеннің не екенін сөз емес іс жүзінде біледі. Күрес, хоккей, волейбол, баскетбол секцияларын таңдаушылар да аз емес.
Мектепке жылына 5 миллион теңге мөлшерінде түрлі жәрдем беріледі. Оқушылар түгелдей шаруашылық есебінен тегін тамақтанады. Дүние есігін ашқан сәбиге бірреттік 40 мың, сосын ай сайын 10 мың теңгеден жөргек пұлы төленіп тұрады. Бір кезде жабылуға шақ қалған білім ошағы қайтадан еңсе түзеп, оқушы саны 80-нен асқан.
Ауылда елтең-селтең жүрген адамды кездестіру қиын. Әркім өз міндетін адал, ұқыпты атқаруға дағдыланған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша көшіп келген 21 отбасыдан 12-сі тұрақтап қалған. Бәрі жайлы баспанада тұрады, түгелдей жұмыспен қамтылған, қосалқы шаруашылықпен шұғылданады. Сейдәлі Өскенұлы 2019 жылы Оңтүстік Қазақстанның Келес ауданынан көшіп келіпті. Бес баласы бар. Бір ұлы жанында. Тағы бір ұлы жоғары оқу орнын тамамдаған соң осында келмек. Мал шаруашылығы бригадирі кәсібіне төселіп алған. Өскен Мерейжан Бурабайдағы Қатаркөл ауылшаруашылық колледжін бітіріп, еңбек жолын осы серіктестіктен бастаған. Бес жылдың ішінде тәжірибесі толысып, біржола тұрақтап қалған. Алпысбай Нұрақанұлы – элеваторда оператор.
Өңірде арақ-шарап сатылмайтын 4 елді мекен болса, бірі – Ковыльный. “Ащы суға” 2010 жылдан бері тыйым салынған. Бастамаға бастапқыда ішінара қарсылық танытқандар кездескен. Уақыт өте келе түсіністік танытқан. Шаруашылықта озық технологияларға, цифрландыруға жете көңіл бөлінген. 1987 жылы кеңшарда 66 комбайн, 90 трактор болса, соның жұмысын қазір 35 техника ғана атқарады.
Серік Тәттібайұлының ойынша, тек мемлекетке алақан жайып, қарап отыру масылдық пиғылға соқтырады. Әр адамның бойында елге, жерге деген сүйіспеншілік пен жанашырлық сезімі болуы шарт. Оған ешкім үйіп-төгіп ештеңе бермеген. Маңдай тердің, адал еңбектің арқасында талай қиын асуларды бағындырып, көпшілік құрметіне бөленген. 1991-2005 жылдар аралығында 110 неміс отбасы тарихи отанына көшіп, тәжірибелі мамандардың орны ойсырап қалған. Олардың баспаналары сатып алынып, көрші ауылдардан жұмыс іздеп келген адамдар тегін орналастырылған. Ескілері қалпына келтіріліп, көп балалы, аз қамтылған отбасыларға тегін берілген. 10-11 сыныптарға жабылу қаупі төнгенде Секең ауданның білім бөліміне барып, мұғалімдерге айлық төлеу, басқа да қосымша шығындарды шаруашылық міндетіне алған. Балалар саны толыққанша уәдесінде тұрған.
Ауыл аудан орталығынан 150, облыс орталығынан 400 шақырым шалғайда орналасқан. Ең жақын темір жол – 120 шақырым. Астық өнімдерін сонда жеткізуге тура келеді. Жанар-жағармай да алыстан тасымалданады. Мұның бәрі – қып-қызыл шығын. Бірақ жоқтан бар жасаған, істің көзін тапқан басшы тұрғындардың өмір сапасын арттыруды назардан тыс қалдырған емес.
Жол жайы да – түйінді проблемалардың бірі. Әсіресе ауданаралық жолдардың сапасы сын көтермейді. Қыруар қаржы талап ететін жобалар облыстық, республикалық деңгейдегі басшылардың араласуымен ғана шешіледі. Жұртшылықтың өтінішіне орай округ орталығы мен Ковыльный аралығындағы 16 шақырымды келесі жылға дейін толық жөндеуден өткізу жөнінде шешім алыныпты.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
“Қазақстан дәуірі” газетінің тілшісі.
Нұрсайын ШӘРІП,
Қазақстанның құрметті журналисі.
СУРЕТТЕ: С.Малаев (сол жақтан төртінші).