«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өмірді сүю өзіңнен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде 24 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр. Оның 13 мыңнан астамы еңбек етуге қабілетті болса, 2 376-сы – бала.

Он екі мүшесінде ақау болғанымен, қалыпты жағдайда өмір сүруге бейім жандарды бүгінде кез келген салада кездестіруге болады. Ел қатарлы еңбек етіп, мемлекеттің қолдауымен кәсіп ашып, елдің дамуына үлес қосып жүргендері қаншама?! Бір сөзбен айтқанда, білімді де білікті мамандар.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасовтың айтуынша, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту – оларды оңалтудың табысты бағыттарының бірі. Яғни, мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қолдауға арналған бағдарламалар мүмкіндігі шектеулі жандарға да тиесілі. Бұл ретте өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Осы жылдың 1 қазанындағы деректерге сүйенсек, 496 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылған. Олардың үш жүзден астамы жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстарға, “Күміс жас” және “Алғашқы жұмыс орны” жобалары аясында екі қолға бір күрек тапқан. “Бастау бизнес” жобасы бойынша мүмкіндігі шектеулі 85 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, бизнес идеяларын дамыту үшін 49 адамға грант берілген. Мәселен, Петропавл қаласының 2-топтағы мүгедек тұрғыны Ләззат Әшімова сала қызметкерлерінің қолдауымен өткен жылы мемлекеттен 1 млн. 380 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Ол етке, тұшпара мен мәнтіге арналған қамыр дайындайтын “Енем әзірлеген дайын қамыр” жобасын іске асырса, Виктория Шелегеда мүгедектігі бар балаға күтім жасаушы ретінде биыл 1 млн. 476 мың теңгеге грант ұтып, ұлттық киім тігу цехын ашты.

– Мемлекетіміз 3 жыл бойы мүгедектігі бар адамның жалақысының бірінші жылы – жалақы мөлшерінің 70 пайызын, екінші жылы – 65 пайызын, үшінші жылы – 60 пайызын субсидиялайды. Біздің облыста осындай екі жұмыс орны құрылды. Былтыр Қызылжар ауданында 2-топ мүгедектігі бар, тірек қимыл жүйесі бұзылған Гүлзиан Тілеулина “Е.Нубаев” жеке кәсіпкерлігіне хатшы-референт лауазымына жұмысқа орналастырылды. Оған жағдай жасау мақсатында жұмыс беруші пандус сатып алып, арнайы тұтқалар орнатты, санитарлық бөлмені жабдықтап, есік ойықтарын кеңейтті. Екінші мысал, биылғы жылы Ақжар ауданында 1-топ мүгедектігі бар, тірек қимыл жүйесі бұзылған Самат Әубәкіров “Дәуіт-Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қаржыгер лауазымына жұмысқа орналастырылып, оның жұмысын жеңілдету мақсатында арнайы үстел мен ноутбук сатып алынды.

Жалпы мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналып келеді. Қоғамда “мұндай адамдарға қамқорлық көрсету – қоғам алдындағы парызымыз” дейтін азаматтар да жоқ емес, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов.

Аймақта мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін оларға қолдан келгенше жағдай жасалуда. Қазіргі таңда облыстың әлеуметтік қорғау жүйесінде арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету үшін 9 әлеуметтік мекеме психоневрологиялық аурулары бар адамдар, қарттар мен мүгедектігі барлар, тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедектігі бар балалар үшін қызмет етеді. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығы жұмыс істейді. Биылғы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша стационарда 1,5 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілсе, оның 1344-і – мүгедектігі бар ересектер, 48-і – мүмкіндігі шектеулі балалар және 195-і – қарттар.

Жыл басынан бері мүгедектігі бар адамдар 6 721 оңалту құралына, 241 – ымдау тілі қызметіне, 267 – жеке көмекшіге және 635 – санаторлық-курорттық емдеу қызметіне қол жеткізген. Мүгедектігі бар балалар мен олардың ата-аналарын қолдау мәселелері мемлекет назарынан ешқашан тыс қалмаған. Биыл 65 мүгедектігі бар (оның ішінде 11-інде ақыл-ой кемістігі бар) бала санаторлық-курорттық емделуге жіберілген.

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, аудандар мен Петропавл қаласы мәслихаттарының шешімдеріне сәйкес, сондай-ақ мүгедектігі бар баланы үйде оқыту фактісін растайтын оқу орнынан алынған анықтама негізінде бұл балаларды материалдық қамтамасыз етуге қаражат тағайындалады. Өтініш негізінде ай сайын көлемі 3 АЕК-тен 5 АЕК-ке дейін және тоқсан сайын 6,5 АЕК-тен 15 АЕК-ке дейін төлем жүргізіледі. Сонымен қатар, АИТВ-инфекциясы бар балаларға өмірлік қиын жағдай туындаған кезде екі еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде әлеуметтік көмек беру қарастырылған. Осы көмек түрімен 11 бала қамтылыпты (9,3 млн. теңге ) .

2021 жылдан бастап, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде “TEN QOGAM” мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау орталығы жұмыс істейді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде орталықтың қызметін “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігі” заңды тұлғалар бірлестігі жүзеге асырады. Орталықта психологиялық және құқықтық көмек, әлеуметтік мәселелер бойынша консультациялар және жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі. Осы орайда 20 адам түрлі кәсіптік оқыту курстарынан өтсе, 365 адам түрлі мәселелер бойынша кеңес алған, 7 азаматқа жұмысқа орналасуға көмек көрсетілген.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек етуге деген құлшынысы аса зор. Өйткені олар қоғамға масыл болғысы келмейді. Оларды өмірді бар ынтасымен сүюге жетелейтін де осы – бойдағы күш-жігер, іштегі бұлқыныс.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp