«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жетімнің басынан сипа, жүрегің жұмсарады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде бірнеше отбасы соңғы екі жыл­да 50-ге жуық жетім баланы бауырына басқан. Былтыр арнайы мекемелерде тәрбиеленіп жатқан балалар саны 312 болса, қазіргі уақытта олардың қатары 344-ке жеткен.

Жалпы өңірде жетім және ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін 10 мекеме бар. Оның 8-і білім беру жүйесіне қарайды. Соның үшеуі – өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы. Бұл орталықтар Қызылжар ауданының Архангелка ауылында, Айыртау ауданының Саумал­көл және Мағжан Жұмабаев ауданының Полудино ауылында орналасқан. Ал отбасылық үлгідегі балалар ауылы және 2 жасөспірімдер үйінің бірі Петропавлда, сонымен қатар Ақжар ауданының Талшық ауылын­да жұмыс істейді.

Қызылжар ауданында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған Соколов арнайы мектеп-интернаты бар. Ғабит Мүсі­репов атындағы ауданда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Шөпті­көл арнайы мектеп-интернаты жұмыс істеп тұр.

Петропавлдағы «Балалар үйі» коммуналдық мем­лекеттік мекемесі облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының балансына берілген. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жүйесіне Петропавлдағы балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қа­райды.

«Балалар мұндай мекемелерге әртүрлі себептер­мен түседі, бірінің әке-шешесі ата-ана құқығынан айырылған, екіншісінікі қамауда отыр. Енді бірінің ата-анасы ұзақ уақыттан бері емделуде. Мекемелер­дегі жетім балалардың үлесі 14 пайызды құрайды. Былтыр 28 баланы, биыл 21 баланы ерлі-зайыптылар асырап алды», – дейді облыстық білім басқармасы­ның баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Маманның айтуынша, республикалық деректер банкінде орталықтандырылған есепте тұрған балалар біздің елден тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға берілуі мүмкін. Ал шетелдіктердің бала асырап алуы туралы істерін қараған кезде сот азаматтығы мен тұрғылық­ты жеріне қарамастан баланың туыстарының не Қазақстан Республикасы азаматтарының осы баланы бірінші кезекте асырап алуына мүмкіндік береді.

«Облыста балаларды асырап алушылардың олар­ды кері қайтаруы өте сирек кездеседі. Соңғы жеті жылда осындай 3 жағдай тіркелді. Соның бірі былтыр орын алды. Жалпы қазіргі уақытта 18 жасқа дейінгі 121 бала асырап алушылардың қолында. Бала асырап алушыларға 75 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем беріледі», – дейді маман.

Баланы асырап алу тәртібі регламенттелген. Сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған, ата-ана құқығынан айырылған немесе тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар, дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын, соттылығы бар, азамат­тығы жоқ, табысы жеткіліксіз, наркологиялық не­месе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрған адамдар бала асырап ала алмайды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp