Солтүстік Қазақстан облысында биыл ауылға жұмысқа келген 58 дәрігерге 87 млн. теңге көтермеақы беріліп, баспана мәселесі шешіліп жатыр.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, өңірде дәрігер жетіспеушілігі мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Облыстың емдеу мекемелеріне 230 маман керек. Соның ішінде 27 терапевт, 21 педиатр, 15 анестезиолог-реаниматолог, 15 акушер-гинеколог және 10 хирург қажет. Биыл медициналық жоғары оқу орындарының 169 түлегі Қызылжар өңіріне келуі керек. Келісім бойынша, олардың 86-сы жұмыс істеуге елді мекендерге барады. Қазірдің өзінде олардың жартысына жуығы қызметтеріне кірісіп кетті. Айыртау ауданына биыл мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс күші артылған Түркістан облысынан 4 дәрігер келді. Солардың бірі Мырзатай Байжұман Айыртау аудандық ауруханасына учаскелік терапевт болып жұмысқа орналасты. Зайыбы – биология пәнінің мұғалімі, қазір декреттік демалыста. Екі баласы бар отбасыға аудандық әкімдік 3 бөлмелі пәтер берді. Қазір олар 1,5 млн. теңге көтермеақы алу үшін құжаттарын жинап жатыр. Былтыр «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылдағы 26 дәрігерге 4,377 млн. теңге көтермеақы және 11-іне баспана алуға 39 млн. теңге бюджеттік несие берілді. Ал биыл 10 дәрігерге 2 млн. жуық теңге көтермеақы бөлініп, 7 дәрігер 26,5 млн. теңге бюджеттік несие алды. Облыстық мәслихаттың шешімімен дәргерлердің жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында былтырдан ауылға жұмысқа келген әр маманға 1,5 млн. теңгеден беріле бастады. 2018 жылы осы мақсатқа 40 млн. теңге жұмсалса, биыл 58 дәрігер 87 мл.н 240 мың теңге алды. Петропавл қаласында 80 пәтерлі «Дәрігерлер үйі» бар. Бұл жерде баспанасы жоқ жас мамандар тұра алады. «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы аясында «Жас өркен» шағын ауданынан медициналық қызметкерлерге 23 пәтер бөлінді. Биылдан бастап 1 млн. теңгенің тұрғын үй сертификаттары беріле бастайды. Алғашқы 100-і жас мамандарға берілмекші.
www.inform.kz