Өңір тұрғындарымен байланыс орнату мақсатында облыстық прокуратура WhatsАpp желісін іске қосты. Енді тұрғындар құзырлы орган өкілдеріне гаджеттер арқылы заң бұзушылықтар жайында хабарлай алады.
Сондай-ақ, еңбекақы төлемдері, еңбекті қорғау ережелері мен шарттарының бұзылуы, браконьерлік оқиғалар, тау-кен өндірісі, заңсыз ағаш кесу, экологиялық мәселелер жөнінде де ақпараттармен бөлісе алады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік заттармен қамтамасыз етілмеу, емдеу мекемелеріндегі кезек, жер телімдерін пайдалану және тағы басқа мәселелер прокуратураға өтінім жазуға негіз бола алады.
Тұрғындардың құқығын қорғау мақсатында облыстық прокуратура экология, еңбек және жерге қатысты құқықтар саласында тексеріс жүргізеді. Азаматтардың құқықтарының бұзылуы немесе жоғарыда айтылған мәселелер бойынша тұрғындар 87712002577 нөміріне хабарласа алады.