“Жастар тәжірибесі” бағдарламасы – жоғары оқу орны мен колледжді тамамдаған түлектер үшін таптырмас мүмкіндік. Оның аясында қыз-жігіттер өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, тәжірибе жинай алады. Мәселен, үстіміздегі жылдың басынан бері Петропавл қаласында 70 жас маман 36 мекемеге алты айлық тағылымдамадан өтуге жіберілген.
Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Батыр Серіковтің айтуынша, бағдарламаға қатысушыларға ай сайын 63 мың теңге еңбекақы төленеді.
– Биыл бағдарлама аясында 175 қыз-жігітті жұмысқа орналастыру жоспарланған. Орталыққа екі қолға бір күрек іздеп келушілердің қатары қалың. Қандай да бір мекемеде немесе кәсіпорында бос жұмыс орны болса, олар алдымен бізге хабарлайды. Осылайша, жастарды сол мекемелерге бағыттаймыз. Тәжірибе жинақтауға берілген алты ай уақыт жас маманның еңбек өтілінің мерзіміне де кіргізіледі, – дейді Батыр Серіков.
Аталмыш бағдарламаның көмегіне Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің түлегі Ұлмекен Ділдәбекова осыдан екі апта бұрын жүгінген. Нәтижесінде Петропавл қалалық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөліміне жұмысқа орналасқан. Ол облыс орталығында некеге тұрған ерлі-зайыптылар туралы мағлұматты арнайы базаға енгізумен айналысады.
Эльмира СӘДУАҚАСОВА.