«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚ ӘЖЕМ

“Адам баласының өмірі туғанда пешенесіне жазылады” дегенді үлкендердің аузынан жиі еститінмін. Бірақ жасым кішкентай болғандықтан шығар, ол сөздер мен үшін бейне бір жұмбақ сияқты болып көрінетін. Қалай ойлансам да, шешімін бір таба алмайтынмын. Енді, міне, арада жылжып жылдар өтіп, есейіп, өзім де отбасылы болған соң сол сиқырлы сөздердің негізгі мағынасын түсінген сияқтымын. Қазір ойланам, бәлкім, анамның аялы алақанының мейірімді махаббатын сезініп те үлгере алмай, одан көз жазып қалуым менің пешенеме жазылған өмірдің бір сынағы шығар, кім білсін?

Бұл жалғанда мәңгілік жасайтын жан жоқ, әрине. Бірақ, ананың орны бөлек қой кім үшін болса да. Мен анамнан төрт жасымда айрылдым. Бала болсам да, өмірдегі ең жақын адамның келмеске кеткенін жан дүниеммен сезінгендей болдым. Сол бір қиын сәтте ана орнына ана болып, бауырына басып, қамқорлық көрсеткен асыл әжемнің орны мен үшін әрдайым ерекше. Мектепке алғаш жетектеп апарған, әр жетістігім мен жеңісіме қуанған, қиналған кезде ақыл-кеңес беріп, әрқашан жанымнан табылған әжем – Мәра Ғазизқызы Есіл ауданына қарасты Еңбек ауылының тумасы. Бар саналы өмірін Бірлік ауылында өткізген аяулы жан бір ғана отбасына емес, түгел сол маңдағы елді мекенге ақылшы ана, өнегелі ене, керек кезде келінге де келін болып, үлгі көрсете білетін. Әр нәрсені таразылап, салмақтап, алыстан ойлайтын жан еді ол.

Анамыз өмірден өткен соң әжем апам екеуімізді қанатының астына алды. Әлі есімде, мені еркелетіп, “Әсек”, “құлыным”, “қос ошағаным” деп, мейірлене маңдайымнан иіскейтін. Шіркін, сол сөздерді бір кездерде сағынамын деп ойламаппын…

Әлі есімде, әжемізбен сырласып отырған кезде: “Әже, атамызға тұрмысқа сүйіп шықтыңыз ба?” – деп сұрайтынмын. Жүзі арайланған әжеміз болса: “Құлыным-ау, ол кезде махаббат деген болды ма?” – дейтін. Ондай сәтте әжеміз ауылдағы бір апайы сөз салып, атамыз Бексұлтанға қосқанын, екеуінің сыйластықта өмір сүргенін, оннан астам құрсақ көтергенін, жұмыс істеп, ел қатарлы тұрмыс кешкендерін әдемілеп әңгіме етіп айтып беретін.

Ол кісі өзі де бала кезінде жетім қалып, әженің тәрбиесінде өскен екен. Әжеміздің әкесі кәмпескеге легіп, Ыстықкөл жаққа жер аударылған. Сол жақта анасының дүниеден өткенін, көрген қиыншылықтарын біз ертегі сияқты тыңдайтынбыз. Әжем әрдайым: “Қазір бәрі баршылық, қанағат етіп, тәубе деңдер, күпіршілік етпеңдер, тамақ дейсің бе, киім дейсің бе, бәрін сатып алуға болады”, – деп ақылын айтып отыратын. Шынында да, бүгінгі көптеген адамдардың кейбір қанағатсыздықтарына, тек ішіп-жеу, әдемі, қымбат киіну құлқындары мен өрескел қылықтарына қарап налисың, қынжыласың. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ ондайлар да арамызда жоқ емес екенін де айтпасқа болмайды.

Әжем үш кластық біліммен колхозда есепші болған, “Әже-ау, балаларға кім қарады?” – деп сұрағанда: “Қайдан білейін, сендер қазір бір балаға бір қарауыл қоясыңдар, ол кезде балалар үлкені кішісін бағып өсетін. Ешкім оларды өбектеп, еркелетпейтін, не әперсең, соны киетін”, – деп күрсіне есіне алатын. Шынына келгенде, он бала тұрмақ, қазір 1-2 балаға зорға ие боламыз ғой. Әрине, “Заманына қарай – түлкісі” демекші, оған өзіміз де кінәліміз, еркелетеміз, айтқанын істейміз ғой. Әжеміз қонаққа келгенде: “Оннан артық бала бақтым, мынадайды көргем жоқ”, – деп, немере-шөберелерінің қылықтарына таңғалып отыратын, жарықтық.

Ауылда көпшілік әжемізді “Бәя” дейтін. “Шебердің қолы ортақ” дегендей, әжеміздің қолынан шыққан төр көрпе біздің өңірде ғана емес, Қазақстанның бірнеше аумағына қыз жасауы, сый-сыяпат ретінде жіберілгені қаншама?! Ауыл жігіттері: “Бәя, қолымыз тоңды” десе, ол қолғап-шұлықтың неше түрлісін тоқып беретін. Тон, сырма желеткелер тігуге шебер еді. Іс тігу былай тұрсын, тіпті, ешкі тарап, түбітінен орамал, қолғап та тоқитын. Ерінбей еңбек ететін әжеміздің қолы берекелі болды-ау, шіркін! Біздің бала кезімізде қазан-қазан құрт қайнатып, бүкіл ауылға дәм татқызатын. Ал қаз балапандарын қолдан басқызып, көктемде оны бағып, еті өз алдына бөлек, мамығын жастық, төсекке жарататын. Жарықтық, жоқтан бар жасап, атамыз қайтыс болғаннан кейін ұл-қыздарын өсіріп, жеткізіп, жеке-жеке үй қылып шығарды.

Ақжарқын мінезді әжеміз, сексеннен асқан жасын “ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын, жұрттың батасын көп алған шығармын” деп, байланыстырып отыратын. Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой, кейде келіндері, қыздары өкпе-наздарын айтып келгенде олардың арасына түсіп, шаруаларына араласпайтын. Тек үнсіз ғана тыңдап, ақырын ғана ақылын айтып отыратын. Міне, бұл да әжемнің ақылдылығы, даналығы деп түйіндеймін.

Бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бағып-қағып өсірген қазыналы қария жайында бір үзік сыр, міне, осындай. Әжеміз бүгінде қасымызда жоқ, ғайып болып, келмеске кетті. Бірақ оның жылы жүзі жүрек түбінде мәңгі сақталады. Ес білгелі қолымыздан жетектеп, өмірдің түрлі-түрлі толқындарынан алып өткен осынау бір кейуананы сағынамын, іздеймін, аңсаймын. Әжем дүниеден өткенде бәрімізге бір-бір орамал берген болатын, соны иіскеп, мауқымды басып аламын кей кезде. Әже тәрбиесін көрген, мейірін сезіп өскен жандарға бұл сағыныш таныс шығар, сірә?

Әсемгүл СӘРСЕНҚЫЗЫ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp