Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап еліміз тарихи дамудың жаңа кезеңіне өтті. Егемен Қазақстанның алдында жаңа асулар тұрды. Әлемдік аренада ұлт болып қалу үшін атқарылар жұмыс көп еді. Соның бірі – алты алашқа алтын тұғыр болатын жаңа астананың орнын айқындау. Бұл мәселе тоқсаныншы жылдардың басында көтеріле бастады. Ал 1994 жылдың 6 шілдесінде Жоғарғы Кеңес елорданы ауыстыру туралы қаулы қабылдады. Осы құжат негізінде еліміздің бас қаласының іргетасын қалау жұмыстары басталып кетті.
Әлемдік тарихқа көз жүгіртсек, әр мемлекет дамудың белгілі бір кезеңінде ауқымды өзгерістерді бастан кешіп, астана ауыстырғанын көреміз. Мысалы, бауырлас Түркия өткен ғасырда өз астанасын Анкараға көшірді. Ал Бразилия жаңадан салынған Бразилиа қаласын елдің орталығы деп айқындады. Жалпы әлем тарихының соңғы жарты ғасырында жиырмаға жуық ел астана ауыстырған. Тағы бірқатар елдерде түрлі мәселелерге байланысты жаңа астана белгілеу туралы пікірталастар толастамай келеді. Кеңес одағы тарағаннан кейін Қырғызстан мен Әзірбайжанда да осындай ұсыныстар айтылды. Қырғызстан халқы ауасы ластанып, кептелісі көбейген Бішкектегі орталықты оңтүстікке жылжыту керек десе, әзірбайжандар теңіз жағасындағы Бакудегі халық санының тым көп екеніне алаңдаулы. Сондықтан да егемендіктің алғашқы жылдарында еліміздің бас қаласын Арқаға әкелу мемлекеттің ұзақ жылғы даму бағдарын айқындаған дұрыс қадам болды.
Өткен ғасырдың аяғында астанамызды Алматыдан басқа қалаға көшірудің бірнеше себептері аталды. Ең алдымен Алматы географиялық тұрғыдан елдің шетінде тұр. Өнеркәсіптік тұрғыдан қала өз өркендеу шегіне жеткен еді. Оның орталықтағы индуст риялық қалалардан қашықтығы өндірістің өркендеуіне кедергі келтірді. Оңтүстіктегі қала халықаралық көлік дәліздерінен қашық, ал оны дамытуға биік таулар мүмкіндік бермейді. Бұдан бөлек, экологиялық ахуалға да халықтың алаңдап келе жатқанына көп болды. Бұл себептерге жер сілкінісі қаупін де қосуға болады. Мысалы, 1859 жылы қазіргі Әзірбайжан жеріндегі Ширван хандығының астанасы болған Шемаха қаласы табиғи апат салдарынан бір-ақ күнде жермен жексен болып, орталық Бакуге ауысқанына тарих куә.
Еліміздің жаңа астанасы 32 талап негізінде таңдалды. Оның ішінде қаланың географиялық, табиғи-климаттық, әлеуметтік-экономикалық факторлары мен инженерлік, көлік инфраструктурасын дамыту мүмкіндіктері, құрылыс, демография, ғылым мен мәдениеттің даму жағдайлары ескерілді. Жаңа астана мәртебесіне үміткер ретінде еліміздің ірі өндірістік орталығы Қарағанды, географиялық тұрғыдан дәл ортада орналасқан Жезқазған және Ақтөбе қалалары қарастырылды. Алайда, Ақмола барлық талаптарға барынша сай елді мекен болып шықты. Қаланың еліміздің ғана емес, Еуразия құрлығының орталығында орналасуы оның халықаралық беделін арттырады. Сол кездің өзінде Ақмола ірі көлік дәліздерінің бойында орналасқан, дамыған қала еді. 50-60 жылдары солтүстіктің ауыл шаруашылығы орталығы болған Ақмолада дамуға қажетті еңбек күші де жеткілікті еді. Құрылысқа қажетті жердің жеткілікті болуы мұнда кезкелген архитектуралық нысандарды салуға мүмкіндік береді. Бұл ретте экологиялық ахуал да астананы Ақмолаға көшіруге әсер етті. Жер ресурстарының көптігі, Бурабай демалыс аймағына жақындығы елорданың айналасында жасыл белдеудің жайқалуына қолайлы жағдай тудырды. Арқадағы жаңа Астана Қазақстанның орталығы мен солтүстігіндегі өңірлердің дамуына серпін берді.
Тарихи шешімді қабылдауда ұлттық қауіпсіздік мәселесі де маңызды рөл ойнады. Сыртқы қауіп күшейген тұрақсыздық заманында елорданың ел жүрегінде орналасқаны дұрыс. Тарихта мемлекетке қауіп төнген жағдайда астананы ішкері аймаққа көшірген жағдайлар болған. Мысалы, соғыс жылдары Кеңес одағының орталығын Самараға көшіру жоспары жасалған. Еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары әлемдік сарапшылар Орталық Азия жаңа қақтығыстардың ушыққан аймағына айналуы мүмкін екенін болжады. Артынша Өзбекстан мен Қырғызстанда саяси тұрақсыздық туындап, қарулы қақтығыс орын алды. Мұндай кезеңде астана Азиядағы даулы аймақтар мен ислам радикализмінен қашық жерге көшірілуі керек еді. Осындай кезде де Ақмола өзінің лайықты қала екенін көрсетті.
1998 жылдың 6 мамырында Ақмола қаласының атауы Астана болып ауысты. Комиссияның бұл атауға тоқтауы да бекер емес. Астана атауы жаңа қаланың әкімшілік қызметін, еліміздің орталығы екенін бірден аңғартады. Бұған қоса бұл сөз әлемнің көптеген тілдерінде оңай айтылып, жазылады. Елорданың атауы мемлекетіміздің айнымас атрибуты болғандықтан, қалаға жаңа атау беру қажет еді. Бұл ретте бұрынғы тарихи Ақмола да ұмытылып кетпей, Астана маңындағы өңір Ақмола облысы деп аталды. Осылайша еліміздің орталығында солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты, Еуропа мен Азияны жалғап жатқан жас қала пайда болды.
Астананы Арқаға ауыстырғанмен, Алматының да ел дамуындағы жетекші рөлін сақтап қалу маңызды. Бұл міндет те ойдағыдай жүзеге асты. Жұртшылықтың бәрі жаңа қалаға үдере қоныс аударып кеткен жоқ. Алматы Қазақстанның мәдени, ғылыми орталығы саналады.
30 жылға жуық уақыт өтсе де, Астана әлемдегі ең жас елордалардың қатарында. Бұл көрсеткіш бойынша Астана Мьянма мен Палау елдерінің орталықтарынан кейінгі үшінші сатыда.
Елордамыз көркіне таңдай қақтырарлық өркендеген қалаға айналды. Астанамен бірге әлемдік қауымдастықта еліміздің де беделі биіктеп, мерейі өсті. Кешегі бабалар арманы ақиқатқа айналып, бейбіт елдің бақ ордасының үстінде көк туымыз желбіреді. Астана – қазаққа бұйырған азаттықтың баға жетпес сыйы.
Жания ШУПАНОВА,
Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің тарих пәні мұғалімі.