«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАРЫМТАҒА” ЖОЛ БЕРМЕЙ…

Облыста жүргізілген “Барымташы” жедел-алдын алу іс-шарасының үш күні ішінде полиция қызметкерлері ұрланған 20 бас малды иелеріне қайтарды.

Ресей Федерациясының ет саудасымен айналысатын бір азаматы Петропавл қаласына кіреберістегі жол бекетінде тоқтатылды. Құжаттарын тексеру барысында шетел азаматының көлігіндегі 169 килограмм ет өніміне Кеден одағы мемлекеттеріне міндетті ветеринарлық сертификат болмай шықты. Ол оны жаңа талаптарды білмейтіндігімен түсіндірмек болды. Десе де, 34 жастағы кәсіпкердің үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салынды.

Осындай алдын алу жұмыстарын облыстық және жергілікті жолдар бойында 46 жедел топ жүргізді. “Барымташы” алдын алу шарасының үш күні ішінде криминалдық полиция қызметкерлері 178 ет саудалайтын сауда орталығын тексерді. Нәтижесінде малды құжатсыз тасымалдаудың 6 фактісі және 40-тан астам заңсыз ет өнімдерінің тасымалы анықталды. Іс-шаралар барысында, әсіресе, мал ұрлығы жиі орын алатын ауылдық жерлерге баса назар аударылды. Өз меншігінде көп мал ұстайтындармен түсінік жұмыстары жүргізілді.  

– Мал ұрлығының алдын алу үшін тұрғындарға мал қораларының есіктеріне құлып салуды ұсынамыз. Сондай-ақ, ұрылар көбінесе малды өрістен әкететіндіктен, өз малыңызды қараусыз қалдырмаңыздар, – дейді облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Шалқар Рахматуллин.

“Барымташы” жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде облыс аумағында полиция қызметкерлері бес жылқы, алты сиыр және он қойды қолды қылған мал ұрлығының 7 фактісін ашты. Аталмыш қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен барлығы 23 адам қамауға алынды.

Ерлан МАХМЕТОВ,

облыстық ішкі істер департаменті

баспасөз қызметінің инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp