Жақында редакцияға Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының тұрғыны Қырғыз Қаңтарбаев қоңырау шалды. “Soltústіk Qazaqstan” газетінің байырғы оқырманы жаңа жылдан бері ауылға пошта келмегенін айтып, он күн өтсе де қарт басылым қолына тимегеніне күйінді.
– Мен өңірімізде қазақ тілінде тарайтын жалғыз газет – “Soltústіk Qazaqstan”-ның тұрақты оқырманымын. Алайда, ауылда пошта бөлімшесі болмаған соң, өткен жылдары газет жаздырып ала алмадық. Шындығын айтқанда, газет оқымаған соң рухани азықтан құр қалдым. Басылымда жарық көретін тарихи, танымдық мақалаларды тұшынып оқудың өзі бір ғанибет қой. Биыл басылымға жазылғаныммен, қаңтар айының алғашқы он күнінде қолымызға газет тимегенін қалай түсінуге болады? – деп жанайқайын жеткізген еңбек ардагері ауылда пошта байланысы жұмыс істесе, мұндай мәселе туындамайтынын алға тартты. Оқырманның айтуынша, аптасына үш рет шығатын газет ауылға уақытында жеткізілмейді. Жинап бір аптада бір рет әкеледі. Оның өзін кешіктіреді.
Бұл мәселе бойынша Аққайың аудандық пошта байланыс торабының басшысы Николай Грудцинге хабарластық. Мәселені біздің аузымыздан естіген пошта байланысының басшысына таңғалдық. Аралағаш ауылына не себепті газет уақытында жеткізілмегенін білмейді. Сонда аудандық поштаны үйлестіруге жауапты азаматтың қол астындағы қызметкерлердің жұмысынан хабарсыз болғаны қалай? Әлде мардымсыз жалақыны сылтау еткен жайбасар пошташыларды жауапкершілікке шақыра алмағаны ма? Әрине, кінәні біреуге арта салу оңай. Мәселені шешетінін айтқан Николай Грудцин енді мұндай жағдай қайталанбайды деп уәде берді.
– Аралағаш ауылының тұрғындарына қаңтар айының алғашқы екі нөмірі жеткізілмеген. Жаңа жылға байланысты мерекелік демалыстан соң жұмысымызда осындай кедергілер орын алды. Алдағы уақытта бұл мәселе жіті назарда болады. Сондықтан енді мұндай олқылыққа жол бермеуге тырысамыз, – дей келе, ол аталмыш ауданда бес пошта бөлімшесі ғана жұмыс істейтінін жеткізді. Қалай айтсақ та, ауылда поштаның болмауы немесе пошташылардың мардымсыз жалақыға жұмыс істейтіні оқырманға газетті жеткізіп беруге кедергі болмауы керек. Әр адам өзіне тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен орындауы тиіс. “Тәртіпке бағынған құл болмайды” демекші, алдымен тәртіп пен талап күшейтілуі тиіс. Әрине, пошташылардың бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, осындай келеңсіздіктер әрбір ауданда кездесіп қалып жатады. Атын атап, түсін түстемесек те, ауылдан хабарласатын оқырмандарымыздың пошташыларға өкпесі қара қазандай.
Біз үшін әр оқырманның орны бөлек. Баспасөзге жазылу науқаны кезінде және “Soltústik Qazaqstan” газетінің 100 жылдығына орай барлық аудандарды аралап, оқырмандарымызбен кездесу өткіздік. Сондай кездесудің бірі Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінде өткенін газетте жазғанбыз. Көзі ашық, көкірегі ояу ауыл азаматтарының пікірінен облыстық басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанық екенін аңғардық. Көргені көп, көкейге түйгені мол ауыл ақсақалдары газет ұлттың қамқоршысы, жанашыры екенін айта келе, қарашаңырақтың мерейтойына тарту ретінде басылымға бәрі бір кісідей жазылатындарын жеткізген. Сөзінде тұрып, басылымға жазылған газет жанашыры Қырғыз Қаңтарбаев сияқты оқырмандарымыздың барына қуанамыз.
Ауылды былай қойғанда, облыс орталығында да газет жеткізуде келеңсіз жайттардың орын алатынын айтпай кету мүмкін емес. Мәселен, пошташылар газеттерді Сүтішев көшесі, 23 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы есігіне қыстырып кететін көрінеді. Үйдің тұрғындарынан бөлек, сол маңнан қаншама адам өтетінін ескерсек, кейде оқырманның қолына газет жетпей қалады. Әр пәтердің есігін қақпай-ақ қойсын, кейбір пошташылардың кіреберістегі пошта жәшігіне газет салуды қиынсынатынына не айтарсың? Почта басшылығы айтылған сыннан қорытынды шығарса игі.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.