«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІНДІ ДҰРЫС ТҮСІНУ КЕРЕК

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институтында “дөңгелек үстел” ұйымдастырылды. Түрлі сала мамандарының басын біріктірген ауқымды шара “Қазақстандағы радикалды, деструктивті, теріс ағымдардың қаупі мен түрлерінің көріністері” атты тақырыпқа арналды.

Шара басында қатысушылар назарына жат ағымдардың жетегінде кетіп, санасы уланып, ойлары тұмшаланып, ашық күнде адасқандар жайында бейнефильм көрсетілді.

Жастарға тағылымы мол тәрбие беріп, жат ағымдардың алдын алуға бағытталған “дөңгелек үстелге” жиналғандар ел тыныштығы бәрінен де маңызды екенін тілге тиек етті.

– Елбасының сындарлы саясатының арқасында татулығы жарасқан еліміз күн санап дамып, көркейіп келеді. Биыл – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Бұл – елеулі оқиға. Осы аралықта биік белестерді бағындырып, жетістіктерге қол жеткіздік. Мәңгілік ел болу үшін басты құндылықтарымызды сақтап, жастарға оны үнемі айтып, жеткізіп отыруымыз керек, – деген Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов, өкінішке қарай, бүгінгі таңда қоғамда дінді дұрыс түсінбей жүрген адамдардың барын айтып, теріс ағымдарға тосқауыл қоюдың маңыздылығына тоқталды.

Шараға Әскери институт пен “Орталық” өңірлік қолбасшыларына қарасты әскери бөлімдердегі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бөлімшелерінің бастықтары, “Бүркіт” арнайы мақсаттағы жасағы командирлерінің орынбасарлары қатысты. Жарыссөзге шыққандар Қазақстандағы терроризм және экстремизм көріністерінің негізгі тенденциялары мен ахуалы, лаңкестік шараларға қарсы бағытталған құқықтық аспектілер жайында түйінді ойларын айтып, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Діни діңгегіміздің мықты болуына арналған шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp