«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІКТІҢ НЫШАНЫ, ЕРЛІКТІҢ ҰРАНЫ

Бұрнағы күні тұғыры биік Туымызды, ел тарихын әлемге танытар Елтаңбамызды және әр азаматтың патриоттық рухын көтерер Гимнімізді тағы бір мәрте дәріптедік. Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шарада облыс әкімі Ерік Сұлтанов:

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Барлық уақытта және барлық халықтарда мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Гимн мемлекеттілік пен тәуелсіздіктің белгілері болып табылады”, – деген. Тәуелсіздігіміздің тұмары, елдігіміздің басты белгілерін құрметтеу – туған жерді, тарихты қастерлеу. Сондықтан жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру – біздің міндетіміз. Мемлекеттік Гимн барша әлемге танылып, көк байрағымыз желбірейтін сәттер көп болсын! – деді.

Шара барысында бір топ солтүстікқазақстандықтар көрсеткен жоғары азаматтық жауапкершілігі, отансүйгіштігі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапатқа ие болғандардың бірі – Бейбіт Әлімжанов 8 жылдан бері қалалық ішкі істер басқармасының әкімшілік бөлімінің учаскелік инспекторы болып қызмет етуде.

– Елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға, мемлекетіміздің дамып, өркендеуіне әр қазақстандық өз үлесін қосып жүр. Осы орайда менің еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Ел үшін қызмет ету – біздің асыл парызымыз, – деді полиция капитаны Бейбіт Әлімжанов.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасып, онда өңіріміздің өнерпаздары Мемлекеттік рәміздерімізді дәріптеген, еліміздің абыройын асқақтатқан әндерді шырқады.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp