Еңбек құқығындағы негізгі құқықтық қатынас қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек қатынасы болып табылады, ол әрдайым екіжақты және еңбек шарты негізінде туындайды.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде “Еңбек шарты” түсінігіне “Еңбек шарты бойынша қызметкер сыйақы үшін тиісті біліктілігі бойынша жұмыс (еңбек функциясын) атқарады және еңбек тәртібін сақтайды, ал жұмыс беруші еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді, қызметкерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, еңбек шартында, ұжымдық шартта, тараптардың келісімінде көзделген жалақыны уақтылы әрі толық көлемінде төлейді және өзге де төлемдерді жүзеге асырады” деп анықтама берілген.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 34-бабына сәйкес еңбек шарты қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың бірі саналады.
Еңбек қоғамындағы күрделі проблемалардың бірі жұмыс берушінің қызметкермен еңбек шартын жасаудан жалтаруы деуімізге болады. Осы арқылы жұмыс беруші қызметкердің құқығын бұзып қана қоймайды, сонымен бірге мемлекет бюджетіне жіберілетін салықтық аударымнан да жалтарады.
Жұмыс табудың қиындығына байланысты қызметкер жұмыс берушінің кез келген талабын қабылдауға дайын болады, оның ішінде еңбек шартын жасауды талап етпейтін кездер де жиі кездеседі.
Бұл жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторы ретінде азаматтарға жұмыс берушінің ырқында кетпей, жұмысқа қабылдау туралы оң жауап алғаннан кейін еңбек шартын жасауды талап етіңіз дегім келеді. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабының 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес еңбек шартын жасау жұмыс берушінің міндеті болып табылады.
Қызметкер еңбек шарты жазбаша үлгіде екі дана болып жасалатындығын, оның бір данасы жұмыс берушіде қалатындығын, қол қойылған екінші данасы қызметкерге берілетіндігін білуі керек. Еңбек шарты жасалғаннан кейін оның екінші данасын беруді талап етіңіз. Бұл құжат қызметкермен еңбек қатынастарын растауға қызмет ететін болады.
Еңбек шартының мазмұны Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 28-бабында белгіленген нормаға сәйкес болуға тиіс. Қызметкер үшін еңбек шартының мерзімі, еңбекке ақы төлеудің көлемі және басқа жағдайлары, жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режімі сияқты тармақтар аса маңызды болып табылады.
Өкінішке қарай, бүгінгі күні қызметкерлер еңбек шартын жасауға аса мән бермейді. Ондай қызметкерлер өздерін қалыпты зейнетақы, әлеуметтік төлемдер алу құқығынан айырады. Жұмыс берушімен келіспеушілік туа қалған жағдайда өзін қорғау мүмкіндігін едәуір қиындатады.
Өзіңізбен еңбек шарты жасалмаған жағдайда сіздің ататегіңіз жазылған немесе жұмыс берушінің қолы қойылған кез келген ресми құжатты иеленуді ұсынамыз.
Еңбек шартын жасамай, қызметкерді жұмысқа жіберу жауапкершілігін жұмыс беруші көтереді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 86-бабына сәйкес жұмыс берушінің санатына қарай 20-дан 100 АЕК-ке дейінгі көлемде, қайталанған жағдайда 40-тан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады (2015 жылы 1 АЕК – 1982 теңге). Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы өз құзыреті аясында Солтүстік Қазақстан аумағында еңбек заңнамасының сақталуына бақылау жасайды.
Кез келген мәселе бойынша 46-37-73, 50-33-42, 36-17-86 телефондары арқылы немесе Абай көшесі, 64 мекенжайы бойынша ақыл-кеңес ала аласыз. Сол сияқты, қоғамдық қабылдауға немесе qit.sko.qov.kz ресми интернет-ресурсы бойынша басқарма басшысының блогына сауал қоюыңызға болады.
Антон АЛЕКСЕЕВ,
мемлекеттік еңбек инспекторы.