«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢСЕЛІ АЗАМАТ

Адам баласының есейер шағында туған еліне, өскен жеріне өмірі мен өнегесі арқылы сыйлы, ардақты болар азамат атануға талпынуы – өмір заңы, адамдық қасиеттің мәні болса керек. Біздің арамызда да құрметке бөленіп, өмір жолы өзгелерге өнеге деп айтуға тұрарлық азаматтар аз емес. Зейнолла Мәкенов – осындай сыйлы азаматтардың бірі. Бүгінгі таңда аудан әкімінің орынбасары қызметін атқаратын Зейнолла Бекетұлы – оның өркендеуіне өзіндік мол үлесін қосып жүрген адам.

Шағын ғана Майбалық ауылында дүниеге келген Зейнолла Бекетұлы әкесін үлкен құрметпен еске алады. Аштық жылдарын басынан өткерген әкесі өмір жағдайларына байланысты қазіргі Шал ақын ауданындағы Балуан ауылынан қоныс аударыпты.  

– Отызыншы жылдары әкемді жақын туысы Майбалыққа көшіріп алыпты. Соғыс басталған жылы небәрі 16 жаста болса керек. Барлық ер-азаматтар майданға аттанып жатқанда әкем де сұранып, ақыры 1942 жылы балаң жігіт майданға аттанады. Бірінші рет ауыр ұрыстарға қатысып, үш рет жараланады. Әскери госпитальда емделіп, қайтадан сапқа тұрады. Жеңіс күніне де жетіп, 1946 жылы екінші топ мүгедегі болып әскерден оралды. Мүгедекпін деп жасыған емес. Ауылдан жұмыс та табылды. Әкем дүкенші болып орналасты, – дейді ол.

Бекет бейбіт өмірге оралғасын Ақан есімді қызбен көңілі жарасып, отау құрды. Отбасы құтсыз болған жоқ. Өмірге алты ұл, үш қыз келіп, шаңырақ бүлдіршіндердің сыңғырлаған күлкісіне толды. Бұдан асқан қандай бақыт бар?!

Зейнолла кішкентайынан зерек болды. Әсіресе, есеп жағына мығым еді. Көрші балалар қызық көріп, түрлі сандарды санататын. Сирек жаңылысатынына бәрі таңғалатын. Сонда төрт-бес жасар шамасы.

Осының бәрін, әрине, әке-шешесі де білетін. Өздерінің толық білімі болмағандықтан, балаларын жақсы оқытуды ұйғарды. Бұл өте дұрыс шешім болды. Кейіннен төрт баласы жоғары, бесеуі арнайы орта оқу орындарының дипломдарын иеленді.

Зекең уақытының бос кездерін көбінесе кітапханада өткізетін. Балалық шақтың қиялы жүйрік қой. Жетінші сыныпта жүргенде, заң қызметкері боламын деп шешті. Осы оймен мектепті тамамдап, Қарағанды университетінің заң және құқықтану факультетіне жол тартты. Бір орыннан қыруар адам үмітті екен. Ол бірден күдерін үзді.

Ал 1971 жылы мұнда кооперативтік сауда институты ашылды. Конкурста бір орынға – 25 адам. Жастайынан есеп-қисапқа жақын адамға бұл жақсы жаңалық болды. Бірден ойланбастан емтиханға қатысып, үздіктер қатарынан шықты. Сөйтіп, кешегі оқушы Зейнолла студент атанды. Студенттік бес жыл қас қағымда өте шықты. Нағыз есте қаларлық жылдар. Осы уақыт ішінде кейіпкеріміз Гүлнар есімді арумен некелерін қидырып та үлгерді. Мектеп қабырғасында тұтанған махаббат отының кешікпей лаулап жанып, үлкен өмірге қол ұстасып бірге аттанатындарын өздері бұрыннан-ақ білген. Бес жыл оқудан соң, қолына дипломын алған, жанында сүйген жары бар жас маман ауылға оралды. Оқу орнында қалдыруға ұсыныс та болды. Бірақ отбасы жағдайына байланысты ұсыныстан бас тартты. Бұл уақытта әкесі сырқаттанып жүрсе, туған бауырларының кейбірі оқу орындарында, кішілері мектеп қабырғасында еді. Отбасына қарайласып, қолдан келер көмегін жасауды өз мойнына алды.

“Жамбыл” кеңшарына еңбек және жалақы бойынша экономист болып тағайындалды. Бұл орында екі ай ғана істеген жас маман алғырлығымен көзге түсіп, кеңшардың бас экономисі қызметіне тағайындалды. Сегіз жыл осында еңбектенген ол, жаңадан құрылған “Жаңажол” кеңшарының бас экономисі қызметіне шақырылды. Абыройлы қызмет атқарды, Отан алдындағы әскери борышын да өтеп келді. Бұл 1979 жылы болатын.

1983 жылға дейін Жаңажолда еңбек етіп, кейін “Благовещенка” кеңшарына ауысты. Мұнда бас экономист қызметімен қатар директордың өндіріс бойынша орынбасары болды.

1995 жылдан “Благовещенка” кеңшарының директоры қызметін атқарды. Бұл – кеңшарлар ыдырап, жеке шаруашылықтар құрылып жатқан уақыт. Кеңшарлардағы қаншама нысандар жекеменшікке өтіп, көбі қирап, бұзылып жатты. “Благовещенка” кеңшарының соңғы директоры болған З.Мәкенов қаншама нысандарды бұзылудан сақтап қалуға айтарлықтай күш-жігер жұмсады. Келешекте соның бәрі қажет боларын сол кезде білді. Еңбегі зая кеткен жоқ. Нәтижесінде, қырман, жанар-жағармай базасы, шұжық цехы, жөндеу шеберханалары сияқты нысандар сақталып қалды. Қазір ол жерде істеп жатқан басқа құрылымдар нысандарды қайта қалпына келтіруге шығынданған жоқ. Зекеңнің осынау еңбегін ерекше айтуға әбден болады.

Кеңшардағы еңбек жолы аяқталғасын бай тәжірибе жинақтаған Зейнолла Бекетұлы қол қусырып отырған жоқ. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімін басқару туралы ұсынысты қабылдап, 2006 жылы жаңа қызметіне кірісіп те кетті. Он жылға жуық уақыт мемлекеттік қызметте жүрген ол бүгінгі таңда аудан әкімінің ауыл шаруашылығы, шұғыл мәселелер және әлеуметтік сала бойынша орынбасары қызметін атқарады.

Адамға әр кезде де қолдаушы, ұстаз қажет. З.Мәкенов осы ретте “Благовещенка” кең-шарының бұрынғы директоры Ескендір Елеусізовті айтады. Кезінде кеңшардың бас экономисі қызметіне шақырған да, кейін директорлыққа тағайындауға ұсынған да сол кісі. Осындай жақсы байланыс ешқашан да үзілмейді. Ал Зейнолла Бекетұлы аудан әкімінің орынбасары қызметінде жүргенде Ескендір Есмақұлына “Жамбыл су” кәсіпорнына жетекшілік етуге ұсыныс жасады. Тәжірибелі жан сол кезде жағдайы құлдыраған кәсіпорынды тез арада қалпына келтіріп, оның дамуына, жөнделуіне, су жүйесі құрылысын жүргізуге қаражат бөлінуіне қол жеткізді. Бүгінгі таңда аталмыш кәсіпорын аяғынан нық тұрып, толыққанды жұмыс істеуде.

– Ауылда туып-өсіп, сонда үйренген адамға қалалы жер жақпас, сірә. Астанадағы Сәуле, Зәуре, Петропавл қаласында тұратын Сандуғаш есімді қыздарымызға анда-санда Гүлнар екеуіміз барып қайтамыз. Соның өзі бізге жеткілікті. Барғасын кейін қарай асығамыз. Сондықтан бізге қаладан гөрі ауылда тұрған жақсы. Немере-жиендерді құшақтап, сүйіп бір мауқымызды басып келеміз. Ал онда көшу ойымызда жоқ. Жұмыстан кейін үйге келгенде аулада жүргенді ұнатамын. Әсіресе, көктем мезгілінде. Қыстан кейінгі күннің қыздыруы да ерекше, ауа да басқаша сезіледі. Туған ауылымды, табиғатын еске аламын. Қанша жасқа келсек те, әр адам балалық шағын қатты сағынады. Бұл сағыныш еш уақытта да басылмайды, – дейді ол.

З.Мәкеновтің зайыбы Гүлнар Низаметдинқызы бүгіндері құрметті зейнет демалысында. Қырық жыл педагогика саласында қызмет еткен ол жұбайы екеуі 38 жыл бойы тату-тәтті өмір кешуде.

Зейнолла Бекетұлы жастайынан өлеңге де жақын болды. Түрлі тақырыпта жазған өлеңдері қалың дәптерлердің беттерін толтырған. Олардың бәрін ұқыптап сақтауда.

Уақыттың жүйріктігіне дауа жоқ. Күні кешегі жігерлі шақтары жадында қайта-қайта жаңғыратындай. Қазақ “Алпыс – тал түс” десе де, біраз жерге ұзап кеткені аңғарылады. Әйтсе де, сол жылдар босқа өтпегені дәтке қуат. Бүгінде сыйлас адамдары «Біздің Зекең» деп ерекше құрметтейтін Зейнолла Мәкенов сондай ілтипатқа әбден лайықты. Жан дүниесінің кеңдігі, үлгілі қызметі, адами абзал қасиеттері оны осындай абыройға бөледі.

Ғабит ЕСІМСЕЙІТОВ,

журналист.

 Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp