«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» – САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру міндетін қойды. Ондағы мақсат – апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектеп проблемасын шешуге көмектесу. Мемлекет басшысы өз сөзінде орта білімнің сапасын табысты ұлт болудың маңызды бір шарты ретінде бағалап: «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасаймыз», – деп атап көрсетті.

Еліміз бойынша 200 мыңнан астам оқушыға орын тапшы екенін ескерсек, халықаралық тәжірибеге негізделе отырып, қолға алынған бастама аясында материалдық-техникалық базамен толық жабдықтау, балалардың шығармашылық және интеллектуалды қабілеттерін дамытуға ықпал ету жолдары жан- жақты ойластырылған. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен 2,6 трлн. теңге қаржы бөлініп, заман талабына лайықталған 369 мектеп салу белгіленді. Осы орайда, жалпы білім ошақтарын салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттердің бірі ретінде айқындалғанын айта кеткен жөн. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, нәтижесінде 2023-2024 жылдары «Жайлы мектепті» қоса алғанда, 510 мың оқушыға лайықталған 422 мектеп бой көтерді. Осылайша 32 апатты және 71 үш ауысымды мектеп жайы оңтайлы шешіліп, 200 мың оқушы жайғастырылды. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектепті пайдалануға беру жайлы тапсырма жүктеліп, жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесіне енгізу талабы қойылды.

Өңіріміздегі тұңғыш «Жайлы мектеп» жобасы былтыр қолданысқа беріліп, 600 орынға шақталған заманауи нысан қараша айында өз есігін айқара ашты. Оның сапалы салынуына интерактивті карта және IP-камера арқылы онлайн бақылау айтарлықтай әсерін тигізді. Жай мектептерге қарағанда ерекшеліктері мен артықшылықтары көп. Біріншіден, бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдары бар, бұдан бөлек, оқу құралдары мен киімге арналған жеке шкафтар қойылған. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау құралдарымен, мектепке кіруге арналған турникеттермен жабдықталған. Сондай-ақ заманауи білім және тәрбие беру, денсаулықты жақсартуға байланысты басқа да жағдайлар жасалған. Мысалы, бір мектепте төрт спорт залдың, робототехника кабинеттерінің, STEM-зертханаларының, коворкинг аймақтарының, хореография залдарының болуы білім сапасына айтарлықтай ықпал етері, ұстаздар еңбегін жеңілдетері, болашаққа салынған инвестиция өз жемісін берері, ең бастысы, өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестірері даусыз.

Мемлекет басшысы белгілеп берген ұлттық жобаның стратегиялық маңызы зор екені күнделікті тәжірибеде айқын байқалады және көңілге үлкен үміт ұялатады. Басты артықшылықтарының бірі – бірыңғай білім кеңістігінің құрылуы. Әсіресе инклюзивтік білім беруге баса көңіл бөлінген. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жеке санитарлық бөлмелер мен кең кабинеттер қарастырылған. Лифт, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері бар. Физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттер, touch-экрандар, жұмсақ жиһаздар, музыкалық аспаптар, үстел ойындары орналастырылған.

Ұстаздар ұлттың маңдайалды зияткерлік қуаты саналады. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашып қана қоймай, үздік оқу бағдарламаларына, озық басқару жүйесіне тікелей араласуды кәдуілгі дағдыға айналдырған. Осы себепті мектебімізге қабілетті, талапты жастарды қабылдауға баса мән беріледі. Бүгінгі таңда оқу үдерісінде жаңа технологиялар мен әдістемелерді жетік меңгерген 58 педагог қызмет етеді. Олардың жартысынан астамының біліктілік санаты жоғары, 463 оқушы бір ауысымда оқиды. Мектепалды даярлық сыныптарын қоса есептегенде, 25 сынып кешені бар. Келешекте қазақ тілінде оқытылатын сыныптар санын арттыруды көздеп отырмыз.

Президент Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында озық ойлы ұрпақ өсіруде білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруіне назар аударды. Мектептерде қолға алынған, түпкі мақсаты отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу жайына тоқталып, оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алу тиіс деген ойын айтты. Биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған 200-ден астам мектеп салынатынын, сапалы тұрғызылған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары екенін жеткізді. «Жуырда Талдықорғанға бардым. Ондағы қазақ мектебі қарапайым болса да тартымды. Осындай мектептерді барлық жерде салу керек. Үш жылда – 1300, оның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет», – деді. Петропавлда ашылған «Жайлы мектеп» құзыреттілік орталығына айналып үлгерді. Оның бір мысалы – мектепте «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы облыстық филиалының ұйымдастыруымен педагогтар арасында семинардың өтуі. Онда оқушылармен жұмыс істеудің тиімді тәсілдері ортаға салынып, педагогикалық шеберлікті арттырудың өзекті бағыттары талқыланды. Жұлдыз Сералина мен Константин Колыванов «Оқытудағы жасанды интеллект және цифрлық технологиялар», Арайгүл Мұқанова мен Наталья Сытникова «Сыни ойлау мен оқушылардың дербестігін қалыптастырудың жобалық ерекшеліктері» туралы әсерлі баяндама жасаса, Бақыт Жүзен мен Наталья Килоева Lesson Study әдістемесі негізінде пәнаралық қорытындыларымен таныстырды. «Абай идеясын заманауи білім жүйесінде дамыту» тақырыбы шеңберінде өткен республикалық семинар-практикумда білім беру ұйымдарының өкілдері, кітапханашылар, тіл жанашырлары, Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған облыстарынан келген қазақ тілі мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – еліміздегі мектептердің білім беру және тәрбиелеу мүмкіндіктерін арттыратын ерекше бағдарлама, саладағы соны серпіліс екенін баса айтқым келеді. Тек жаңа мектептер салу ғана емес, білім сапасын жақсартуға, оқушылардың жан- жақты дамуына және ұрпақтың саналы, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына жасалған қарышты қадам десе де болады. Олай болса, құстың қос қанаты іспеттес білім мен тәрбиені жаңа сапалық деңгейге көтеру– баршамыздың ортақ міндетіміз.

Гүлжан ЖАҚАНОВА,

№28 жалпы орта білім беретін мектептің директоры.

Pıkır

Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті. Президент соңғы Жолдауында бұл салаға Үкімет пен әкімдерді, сондай-ақ депутаттарды белсене қатысуға шақырып, қаржыландыру көздерін анықтауды, сондай-ақ демеушілерді де тарта отырып, 3 жыл ішінде 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы «Білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж адамдарға көмек көрсетеміз және мемлекеттік қолдаудың ашық болуын қамтамасыз етеміз», – деп қадап айтты. Бұл қадам, түптеп келгенде, ауылдықтардың да әлеуетін арттырары сөзсіз.

Менің айтпағым, Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, ауылдық жерлерде де мемлекеттік бюджетпен бірге жеке инвестиция құйып, неге шағын үлгідегі мектептер салмасқа? Бұған Сулышоқ елді мекені сұранып тұр. Тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің орнықты шешілуіне Қайрат Жәнібеков жетекшілік ететін «Агрокомплекс-Сулышоқ» ЖШС жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Ауылға дейін асфальт жол тартылған. Шаруашылықтың жеке қаржысына Мәдениет үйі, балабақша тұрғызылған. 16 тамызда байырғы елді мекеннің 115 жылдығы атап өтіледі. Мерейтой қарсаңында мешіт пайдалануға беріледі. Оқушылар саны 80-нен асып жығылады. Бір «әттеген-айы», 9 жылдық мектеп өте тар әрі ескі, бүгінгі уақыт талаптарымен еш үйлеспейді. Қарапайым спорт зал да жоқ. Былтыр жаңа нысан салу жөнінде мәселе көтеріліп, тіпті жобалық-сметалық құжаттарын рәсімдеуге серіктестік қаражат бөлмек болып еді, бірақ қолдау таппады.

Нұркен НҰРСЕЙІТ,

жеке кәсіпкер.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp