«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАН-ЖАҚТЫ ЗЕРДЕЛЕНГЕН ЗАҢ

2015 жылғы 31 қазанда Елбасымыз тұңғыш рет жария түрде жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодекске қол қойды. Бұл құжаттың еліміздің барша халқы үшін зор маңызы бар екенін айғақтайды. Ел Президенті Кодекске қол қоя отырып: “Жаңа Кодексті қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады. Заңнама аясында барлық заманауи негізгі құқықтық институттар қамтылған. Сонымен қатар, біздің құқықтық жұмысымызды әлемдік озық стандарттар деңгейіне жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген”, – деп атап айтты.

Бұл – жоғары сенім және Азаматтық процестік кодексті жаңғырту бағытында Жоғарғы Соттың атқарған үлкен жұмысына берілген оң баға.  

Мемлекет басшысы республика судъяларының VI съезінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алдына Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексін әзірлеу міндетін қойған болатын. Берілген тапсырманы сапалы орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты орасан зор көлемді жұмыс жүргізіп, Қазақстан Республикасының жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодексін дайындады. Аталмыш Кодексті әзірлеуге үкіметтік емес ұйымдар, ғалымдар, заңгерлер, жұртшылық қатысып, оны жан-жақты зерделеді. Мұның өзі барлық пікірлерді ескере отыра, Кодекске енгізілген жаңалықтардың өзектілігі мен маңыздылығын толық бағалауға мүмкіндік берді.

Қазақстан Республикасының жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодексі сот істерін қарауды жеңілдетіп, барлық шешімдерді қарапайым адамдарға түсінікті етеді. Аталған Заңның мақсаты – азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы тиімді қорғау, дауларды қарау мен шешу жылдамдығын арттыру, сот актілерінің сапасын қамтамасыз ету.

Жаңа Кодекс “100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет” Ұлт жоспарында көзделген бірқатар шараларды практикалық тұрғыдан іске асыруды қамтамасыз етеді. Әсіресе, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшу, азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурор қатысатын істердің санын қысқарту, барлық сот процестерін бейне және таспаға жазу шараларын енгізу, инвестициялық дауларды қараудың жаңа тәртібі туралы нормалар енгізіледі.

Кодексте іске қатысушылардың жарыспалылығы қағидатын күшейту, істі соттың қарауына дайындау кезеңін жетілдіру, істі қарау тараптарды шақырусыз өтетін оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізудің жаңа институтын енгізу және бұйрық арқылы іс жүргізуді қолдану аясын кеңейту көзделген.

Сонымен қатар, аталмыш Кодекс ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға бағытталған, сот сатыларының процестік өкілеттіктері едәуір өзгертіледі, әсіресе, жергілікті соттарда құқықтық даулардың жылдам, сапалы және дұрыс шешілуі одан әрі жеделдетіліп, тараптардың сотқа жүгінуі жеңілдетіледі.

Тараптардың талабын татуластыру жолымен шешуге ынталандыру және дауды соттан тыс шешу тетіктерін күшейту мақсатында іс татуласу келісімімен аяқталған және татуластыру рәсімдері өткізілген жағдайда сот шығындарын қысқарту және мемлекеттік бажды қайтару көзделуде.

Азаматтық процестік кодекстің жаңа редакциясында процестің әр сатысындағы сот әрекеттері, іске қатысатын адамдардың құқықтары мен міндеттері, сонымен қатар міндеттерді орындамаудың және құқықтарды теріс пайдаланудың құқықтық салдары толық белгіленген. Сондай-ақ, Кодексте қандай тұлға сотта өкіл бола алатыны және тиісінше өкілдің өкілеттіктері қалай ресімделетіні толықтай реттелген.

Соттан тыс жасалған келісімдер бойынша міндеттерді мәжбүрлеп орындату туралы талаптар ауызша талқылаусыз, тараптардың құжаттары негізінде бір ай мерзімінде жазбаша түрде іс жүргізуде қаралады. Көрсетілген шаралар қиын емес дауларды жедел қарап, шешуге мүмкіндік береді, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру процесін жеделдетеді.

Жаңа нормалар тараптардың істі қарауға қасақана қарсы болған, айыппұл санкциялары, сот шығындарын жүктеу сияқты материалдық жауапкершілік белгіленген дәлелдемелерді ұсынбаған жағдайда құқықтары мен міндеттерін теріс пайдалануын тоқтатуға бағытталған.

Ерекше талап қоюмен іс жүргізу және ерекше іс жүргізу институттары кейбір өзгертулермен сақталып отыр. Істі сот талқылауына дайындауға арналған мерзімдер, заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда дауларды міндетті түрде сотқа дейін реттеуге қойылатын талаптар белгіленген.

Жоғарғы Сот электрондық сот төрелігін дамыту үшін көп жағдай жасап, жаңа заманауи технологияларды қолдануда, ол процесті жеңілдетіп жеделдетеді, сот төрелігіне қолжетімділікті және азаматтарды тиісті хабарландыруды қамтамасыз етеді, қағаз рәсімдерін, процестен тыс қарым-қатынастарды азайтады. Өтініш пен басқа құжаттарды тапсыру, іске қатысушыларды хабардар ету, соттық санкциялау, дәлелдемелерді қашықтықтан зерттеу, тараптарды іс материалдарымен таныстыру, процесті тіркеу, сот актілерін жөнелту және атқару құжаттарын жазу ақпараттық техникалық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылады. Болашақта электронды істерді қалыптастыру мүмкін болады.

Бүгінгі күнде электрондық тәсілмен түскен талап-арыздар санының көбейгенін атап өткім келеді. Яғни, бұл іске қатысушы тараптардың құқықтық мәдениетінің өскенін байқатады.

Соттылық пен мамандану туралы қағидаларды сақтай отыра, мамандандырылған соттар қарайтын істер шеңбері нақтыланды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соттардың соттылығы заңды өкілдердің істі баланың тұратын жері бойынша қарау туралы өтінішхат беру құқығын сақтай отыра кеңейтіледі. Іске қатысушылар үшін олардың тұратын жері соттың орналасатын жерінен алыс болуымен негізделген қиындықтарды азайтатын тәртіп көзделген.

Инвестициялық дауларды қарау бойынша мамандану енгізіледі. Инвестициялар мен кәсіпкерлікті құқықтық қорғаудың жаңа деңгейі бизнес жүргізу, елімізге инвестициялардың келуін ынталандыру үшін қолайлы жағдай жасауы және инвесторлардың қазақстандық сот төрелігіне деген сеніміне оң әсер етуі көзделеді.

Аталмыш Кодекстің жаңашылдығы азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін бірінші сатыдағы сотта қараған немесе апелляциялық сатыда сот актілерін толық көлемде тексерген кезде уақтылы қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Соттардың азаматтық істерді 2016 жылғы қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Кодекс негізінде қарауы сот төрелігін іске асыру сапасына оң әсер етіп, олардың жұмысының тиімділігін арттырып, сот ісін жүргізудің ашықтығы мен анықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғаудың кепілі болып табылатыны сөзсіз.

Солтүстік Қазақстан облысының барлық судьялары алдымыздағы жылы азаматтық іс жүргізуде қолданылатын жаңа Кодексті талқылап, әр бабына жеке-жеке тоқталып, жан-жақты зерделеп, сот төрелігін одан әрі сапалы іске асыруға дайын екендігін байқатты.

Мұратғали ӘКЕТАЙ,

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp