«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жанат АЙТБАЕВ: «ДОМБЫРА ҮНІ РУХТАНДЫРАДЫ»

– Жанат Хамитұлы, Қызыл­жар өңіріне келгеніңізге ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Соң­ғы кезде қазақтың ұлттық өнерін дамытуға көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, күні ертең аталып өтетін ұлттық домбыра күні – осы сөзіміздің айғағы. «Руха­ният қоғамды тәрбиелейді» деп жатамыз. Олай болса, қазағы­нан қонағы басым өңірдің дом­быраға, дәстүрлі әнге деген көз­қарасы қалай өзгерді?

– Бұрын мектептерге ба­рып, концерт қойғанда әнді әу дегеннен айғаймен бастағанда көрермендер қарқылдап кү­летін. Уақыт өте үйренді. Шәкірттерім руханиятқа еңбек сіңіріп жүр. Мектеп балалары­ның да домбыраға қызығушы­лығы оянып, бастапқыдай емес, білім ордаларында үйір­мелер ашылып, Амангелді Ра­мазанов, Еркебұлан Қарып, Ға­лымжан Нұрпейісов оқушы­ларға бағыт-бағдар беріп жа­тыр. Домбырамен ән айтқан бала қашанда ұлтқа қызмет етуді ойлап тұрады. Өнер кол­леджінде Біржан Есжан сабақ береді. Колледжіміздің түлегі Ерасыл Алпысбай да Астанада білімін тереңдетіп, туған жері­не оралып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алды. Бір сөзбен айтқан­да, ауыз толтырып айта алатын деңгейге жеттік деп ойлаймын.

Өнерді кез келген жерде на­сихаттауымыз керек. Мысалы, тойда жүрген жастарымыз ақы­рындап халықтың санасына дәстүрлі әндерді сіңіріп, той­шыл қауымды тәрбиелеуде.

Бірақ той-бизнесте мол та­бысқа қол жеткізу мақсатында эстрадалық әндерді айтып, дауысынан айырылып қала­тындар да бар. Өзім мың рет эстрада әнін айтсам да, даусы­ма ешқандай зияны тимейді. Сондықтан адам өзін бір салада қалыптастырмай, басқа салаға қызығушылық танытпағаны жөн. Қалыптасып алған соң не жасасаң да өзің білесің. Басты­сы, іргетасы мықты болуы тиіс.

– Ел алдында жүрген ақса­қалдарды зиялы қауым деп есеп­тейміз. Өздеріңіз де аға буынның өкшесін басып келесіздер. За­мандастарыңызды зиялы қауым­ның қатарына жатқыза аласыз ба?

– Зиялы қауым жайлы сөз қозғаған емеспіз, ауыр болса да айтайын. Ананы да, мынаны да зиялы қауым өкілі дей берудің қажеті жоқ. Бізде «Зиялы қауым» деген жеті томдық кі­тап шықты. Парақтап көріп едім, ішінде неше түрлі адам жүр. Жалпы зиялы тұлға деп Олжас Сүлейменов, Тұрсын Жұртбай, Диқан Қамзабекұлы сынды азаматтарды айтады. Зиялы деп айтуға тұрарлық адамдардың өзі республикада саусақпен санарлық. Иә, оқы­ ған, тоқыған азаматтарымыз баршылық. Алайда, олардың барлығы зиялы қауым өкілі емес. Ал біздің буын туралы ай­туға әлі ерте.

– Белгілі әншілер сахнаға шығарда қобалжып, қара терге түседі екен. Сіз де сахнаның киесінен қорқасыз ба?

– Сахнаның аты – сахна. Оның киесі бар. Бірақ ән орындаған кезде іштегі қобал­жу, толқу өзінен-өзі жоғалады. Көп дүние адамның көңіл-күйіне тікелей байланысты. Көңіл көтерілгенде шарықтай­сың, құлазығанда құлдырай­сың.

– Сіз шәкірт тәрбиелеп жүр­ген ұстазсыз. Ұстаздық – ұлы іс. Ұлы істер үнделмей істеледі. Сіздің ойыңызша, ұстаздықтан басқа қандай тағылымды істер атқаруға болады?

– Біздің жасағанымыз – теңізге тамған тамшы ғана. Ұлы іс – ұлтыңды сүю. Ұлтын сүй­ген адам халқына қызмет етеді. Тіліңе, мәдениетіңе жұмыс іс­теу арқылы ұлтыңды құрмет­тейтініңді көрсетуге болады. Тындырғаның кіші іс пе, үлкен іс пе? Оның маңызы жоқ. Не тындырсаң да, ұлтыңа деген үл­кен махаббатпен істеу керек. Ұлы істі қызмет етумен са­бақтастыратындар да бар. Қызметті әркім әртүрлі жасай­ды. Ал ұстаздың ұлтқа қылған қызметі – шәкірттерін ұлтты сүюге тәрбиелегені. Адам бала­сына пайдаң тимесе де, зияның тимесін. Бұл да – ұлы іс.

– Жамбыл ауданында ертеде Қайнет деген атақты бай болып­ты. Соның қызының әні бар дейді. Бір ауызы ғана ел есінде. Сіз бір сұхбатыңызда соны із­дестіру керектігін айтып едіңіз. Жалпы ән зерттеп көрдіңіз бе?

– Мен әнді зерттеумен ай­налысқан емеспін. Біржан Ес­жан жұрт білмейтін біраз әнді тапты. Кімнің және қашан шығарғанын, қайда айтылға­нын нақтылап жүр.

Зерттеушілік менің табиға­тыма келмейді. Білу мен зерт­теудің арасы жер мен көктей. Айтатын әндерің туралы толық ақпаратты білген дұрыс. Ал зерттейтін болсаң, ауыл-ауыл­ды аралап, ізіне түсіп зерттеу керек.

Ғылымға үстірт қарауға бол­майды. Зерттеушілікті таңдаса­ңыз, шығармашылықпен айна­лысуға уақыт таппайсыз. Сал- серілердің төңірегіндегі дау-да­май ғылым емес, шығармашы­лықтың басым түсуінен туында­ған. Болмаған дүниені болды деп асыра сілтеу мен біреудің туын­дысын біреуге телігендердің кесірінен бітпес дау туады.

Ал өзің айтқан әнге келер болсақ, бір шумағын ардагер ұстаз Қарақат Шалабаевтан естігенім бар. Бірақ оны соңы­на түсіп іздеген жоқпын.

– Қалада туған балаларға қа­рағанда ауылда атқа мініп өскен балалар серілікке бір табан жа­қын болатынын өзіңіз де айта­сыз. Ел жаққа барсақ, тай мініп жүрген бала көрмейміз десек те болады. Түптің түбінде сал-сері­лердің әндерін орындаушылар азайып кете ме деген қауіп жоқ па?

– Қанда бар дүние жойыл­майды. Бұдан бөлек, көкжиек­ке қарап өскен бала бәрібір қиялдайды. Біз де төрт қабыр­ғаның ішінде отырсақ та, анда- санда сайын далаға шығып, кең тыныстаймыз ғой. Сол сияқты балаларды да ауылға апарып тұ­рамыз. Даланы аңсаған бала­ның көкжиегі кең болады.

Сахнаны эстрадалық әндер жаулаған кезде Жәнібек Кәр­менов, Қайрат Байбосынов аға­ларымыз қазақ халқының үнін өз биігінде сақтап қалды. Кейін ән-күй үйірмелері ашылып, консерваторияда оқытылатын деңгейге жетті. Енді жылына қаншама маман түлеп ұшып, тамыр жайып, сал-серілердің әндерін орындаушылар күннен күнге көбейіп жатыр. Қазақтың жаны – домбыра. Жансыз өмір болмайтындай, қазақ та дом­бырасыз жүре алмайды. Дом­быра үнін естігенде қазақылы­ғымыз оянады, рухтанамыз. Дәстүрлі әннің мәнін түсінген адам арзан дүниеге қызығуды қояды.

Атқа міну – еркіндік. Әлеу­меттік желіден шабандоздар­дың құйқылжытып шауып келе жатқанын көргенде делебең қозады. Сонау жылдардағы аш­тықта да, саяси қуғын-сүргін кезінде де қазақтың рухы өлген жоқ. Қазір өшкеніміз жанып, керісінше ұлттық сана-сезім жаңғырып жатыр.

– Қазіргі таңда қажетті-қа­жетсіз ақпараттың барлығын әлеуметтік желіден алатын бол­дық. Он секундтық дүниені көріп дағдыланған адамдар үш минут­тық ән тыңдауға келгенде шы­дамсызданады. Ары қарай не бо­лады?

– Жастар түгіл ақсақалда­рымыздың өздері тик-токқа кіріп, арзан дүниелерге таңда­нып отырады. Жас кезінде кі­тап оқымағандарға болмашы дүние – жаңалық. Әлеуметтік желі неше жерден «жылдам ха­бар алғызғанымен», кітаптың орнын баса алмайды. Теледи­дарды жаңалық үшін қараған­дай, смартфонды да өзіне ке­рек кезде ғана ұстайтын уақыт келеді әлі.

– Күні кеше Димаш Құдай­берген С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін жаңа форматта кө­рерменге ұсынды. Дәстүрлі әнді жаңа заманға бейімдегісі келетін­дерге көзқарасыңыз қандай?

– Сал-серілердің әндерін жаңа форматта ұсынбас бұрын қайсысын эстрада жанрында орындауға болатынын білу ке­рек. Эстрадаға келмейтін халық әндерінен «дискотека» жасап жүргендер де бар. Ыңғайға келтіру үшін сөзін өзгертеді. Сөзі өзгерген соң мәні жоғала­ды. Көргенде қарның ашады. Ал «Тау ішінде» айтуға жеңіл­деу болған соң эстрадалық үлгі­де сәтті шыққан болар.

Баяғыда АБК деген топ Ес­тайдың «Қорлан» деген әнін қорлаған еді. Димаш қазақты әлемге танытты. Сол бәрімізге сабақ болуы керек.

– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp