Азия кубогында топ жарды
Алматыда “Almaty ASTC Triathlon Asian Cup – 2019” халықаралық сайысы өз мәресіне жетті. Жарыста әлемнің 19 елінен келген 69 спортшы сайысқа түсті.
Қысқа “спринтерлік” (750 метр жүзу, 20 шақырым велокезең, 5 шақырым жүгіру) қашықтықта ұлттық құраманың мүшесі Арина Шульгина көш бастады. Барлық қарсыластарының алдын орап, 1 сағат 3 минут 43 секунд нәтиже көрсеткен отандасымыз жеңімпаз атанды. Екінші орында – корейлік Йе Джин Парк. Ол 1 сағат 3 минут және 57 секунд нәтижеге ие. Ал үздік үштікті тағы бір корейлік спортшы Гири Ким түйіндеді. Оның уақыты 1 сағат 4 минут 8 секундты құрады.
Ерлер арасындағы сында 55 минут 51 секундта межені бағындырған Франция елінің өкілі Феликс Дюшамп алтыннан алқа тағынды. Ал қазақстандық триатлоншы Аян Бейсенбаев мәреге төртінші болып жетті. Оның нәтижесі – 56 минут 35 секунд.
Ширек финалда сүрінді
Қазақстандық теннисшілер Михаил Кукушкин мен Зарина Диас Мексиканың Лос-Кабос қаласында өтіп жатқан “ATP” санатындағы жарыстың жартылай финалына шыға алмады.
Ерлер арасында еліміздің бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин әлемдік рейтингте 27-ші орында тұрған аргентиналық Диего Шварцманмен кездесіп, жеңіліс тапты. Бір қызығы, бұған дейінгі екі кездесуде де Кукушкин басым түскен болатын.
Ал АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы турнирде бақ сынаған Зарина Диас ширек финалда әлемнің 62-ші ракеткасы, италиялық Камила Джорджиден ұтылды.