«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІСТІКТЕР ЖІГЕРЛЕНДІРЕДІ

Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин атап көрсеткендей, теріскейліктердің спорт саласында бағындырған белестері аз емес. Атап айтатын болсақ, биыл Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында 6 жерлесіміз бақ сынады. Бұрын-соңды мұндай жоғары деңгейдегі додаға өңірімізден осыншама спортшы қатыспаған еді.

– Соңғы екі жылда облысымыздың спорт саласы қарқынды дамуда. Дене шынықтыру нысандары көбейіп, жыл басынан бері саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған 1500-ге тарта іс-шара өткіздік. “Ақ бидай”, “Солтүстік”, өңіріміздің барлық мектептерін қамтитын “Мен – чемпионмын!” секілді дүбірлі спорт ойындарын ұйымдастырдық. “Қуаныш” волейбол және “Барс” баскетбол клубтары мен “Құлагер” шайбалы хоккей командасы ел біріншілігінде үшінші орынды еншіледі. Жуырда хоккейшілеріміз Қазақстан кубогын иеленді. Бұл, әрине, біз үшін үлкен қуаныш. Жаңадан құрылған клубтың бір жылдың ішінде осындай биік белеске көтерілуі – сирек кездесетін құбылыс, – деді Руслан Есеналин.

Баспасөз мәслихатында соңғы екі жылдың ішінде өңірімізде 4 спорттық-сауықтыру орталығы, 192 хоккей корты, 370 шағын және үлкен футбол алаңы салынып, іске қосылғаны атап көрсетілді. Алдағы уақытта облыс орталығында мемлекеттік және жекешелік әріптестік аясында “Спорт сарайы” жанында әмбебап теннис орталығы тұрғызылады. 1200 орынға шақталған нысанда волейбол, баскетбол, теннис алаңдары болады деп жоспарлануда. Теннис орталығында облыстық, республикалық, халықаралық жарыстар өткізуге барлық жағдай жасалмақ. Сол сияқты, облыстық қазынадан бөлінетін қаржыға “Жастар” стадионында жабық үлгідегі футбол кешені салынады. Аумағы 2400 шаршы метр болатын жаңа орталықта жергілікті футболсүйер қауым қыста да шеберліктерін шыңдайды. Жабық үлгідегі кешенде “Қызылжар-СҚ” ФК тәрбиеленушілері жаттығатын болады. Алдағы уақытта “Қарасай” стадионы да күрделі жөндеуден өткізілмек. Бұл мақсатқа 70 миллион теңге бөлінеді.

Қазір солтүстікқазақстандық спортшылар алдағы ірі додаларға дайындалуда. Алматы қаласында келер жылы өтетін қысқы Универсиадаға 9 жерлесіміз қатысады. Оның 8-і конькимен жүгіруден, ал біреуі шаңғы спортынан бақ сынамақ. Дүбірлі додаға қатысқалы отырған барлық дүлдүлдеріміз жүлделі орындарға ілігеді деген үміттеміз.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp