Таныс келіншек телефон соқты. Мұғалім. Мектепте Наурыз мерекесіне орай шара өткізілмекші екен. Бұйымтайы – сол шарада ұлттық салт-дәстүрімізді көрсету үшін сценарий жазып беруді сұрайды. Тұсау кесу, беташар, неке суын ішкізу туралы. Ел егемендігін алып, Наурыз мерекесі алғаш тойланған күннен бастап көрсетіліп келе жатқан ұлттық салт-дәстүр. Өзгерген, жаңаша сипат алған, мазмұны тереңдетіліп, мағынасы арттырылған ештеңе жоқ. Нақ бір қазақ халқы қыз ұзатып, келін түсіргеннен басқа ештеңе бітірмеген тәрізді…
Басқасын былай қойғанда, мектеп оқушысының, яки он екіде бір гүлі ашылмаған шәкірттің бетін ашып, неке суын ішкізгеніміз қалай болар екен? Ұлттық ұғымның ұңғысында мұндай рәсімдер адам өмірінде жалғыз-ақ рет жасалса керекті. Ал ата-аналары қайда қарап отыр? Шамасы, қазіргі жастар мән бере бермейді ғой. Әйтпесе, үлбіретіп бағып отырған қыздарының бетін ретсіз аштырып, жөн-жосықсыз неке суын ішкізбес еді. Ал мереке сайын тұсау кесу рәсімі көрсетіледі. Аяғын апыл-тапыл жаңа басып келе жатқан сәби болса бірсәрі. Әлдеқашан аяғын басып кеткен балпанақтай бала. Бұрын да бір рет тұсауы кесілген. Қайта-қайта кесе бергеннің несі сән?! Сонда ол баланың жүріс-тұрысы алғашқы кескенге ұқсай ма, жоқ әлде кейінгіге ме?
Егер шынымен ұлттық рәсімдерді насихаттауға аңсарымыз ауып тұрса, өзгеше жол іздегеніміз жарасымды шығар. Әрі еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін білетін таптауырын тақырыптарды қаузай бергенше, елді елең еткізе түсетін жаңалық қылып ғасырлар қойнауында тұншығып жатқан саф алтын іспетті басқа салт-дәстүрімізді оралтып алсақ оң болмай ма?
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.