Газетімізде “Bіzde qonaqta” атты жаңа айдар ашылғанын, оның алғашқы кейіпкері – жерлесіміз, есімі елімізге ғана емес алыс-жақын шетелдерге белгілі дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тоқпанов редакция ұжымымен кездескенін айтқан едік. Бүгін Серік Имақұлымен болған сыр-сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Серік Имақұлы, ең алдымен шақыртуымызды қабыл алып, ғасырлық тарихы бар қарашаңыраққа арнайы табан тірегеніңізге рақмет айтамыз. Сіздің өнегелі әңгімеңізді тыңдап отырып, есіме дана халқымыздың “Әкеге қарап ұл өсер” деген қанатты сөзі түсті. Өйткені, алаштың небір ардақты перзенттерінің іздері қалған қарашаңырақ – “Soltústіk Qazaqstan” газетінде әкеңіз Имақ Тоқпановтың та маңдай тері төгілгені аян. Ендеше, әңгімемізді әке тағылымы, шеше өнегесінен бастасақ артық болмас?
– Маған қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап өткен аяулы тұлғалар қызмет еткен қарашаңырақ бөтен емес. Әкем – Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылының тумасы. Ұзақ жылдар бойы ауылнай болды. Елді мекеннің Жаңажол аталуына да көп еңбек сіңіргенін жұртшылық жақсы біледі. Анам Мұхит Бекбергенқызының шыққан жері – сол аудандағы Майбалық ауылы. Олар қазақ әдебиетінің алыптары: Сәбит Мұқановпен, Ғабит Мүсіреповпен өте жақын араласты. Ол кезде баламыз. Өсе келе әкеміздің жастық шағы, есею жылдары туралы айтқан әңгімелеріне ден қоя бастадық. Әкем 11-12 жасында ауылдағы байлардың қойын бағып, жалшылықта жүріп күн көрген екен. Ауыл молдасынан оқығаны кейін іске асып, жазған дүниелері газет беттерінде жарқ етіп шыға келеді. Бір күні ауылға жазушы Сәбит Мұқанов келіп, жастармен кездесу өткізеді. Олардың ең талапты, пысық дегендерін губерниялық партия мектебіне оқуға түсіреді. Үш жылдық сол мектепті бітіріп шыққандардың ішінде менің әкем де болды. Содан кейін Қызылту ауданында (қазіргі Уәлиханов) партиялық бақылау комиссиясы мен жұмысшы-шаруа инспекциясының бастығы бола жүріп те газет жұмысына белсене араласты, редакцияның ақылдастар алқасын басқарды. 1934 жылы Көкшетауға ауысып, ондағы жаңа қызметі де газетпен тікелей байланысты болды.
Көкшетау аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімін басқарды, аудандық “Колхоз жолы” газетінің редакторлығы міндетін қосымша атқарды. Өсу, өрлеу үстіндегі жас коммунисті сол кездегі партия органдары әрқашан назарда ұстап, оның өз білімін жетілдіруіне қамқоршы болды. 1935-1937 жылдары әкемнің тағы да Алматыға оқуға жіберілуі соның дәлелі. Оны қай жерде жүрмесін, қандай міндет атқармасын газет жұмысы, өмірдің отымен кіріп, күлімен шығып жататын баспасөз қызметі өзіне тартып, қызықтыра бергені кездейсоқ емес. Сондықтан да болар, 1937 жылдан бастап ол журналистік қызметке мүлде ауысты. Бұрынғы Көкшетау облысының бірқатар аудандық газеттерінің редакторы болып қызмет істеді. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында еңбек жолын “Ленин туы” (қазіргі “Soltústіk Qazaqstan”) газетінде жалғастырды. Қаламы төселіп, газет жұмысының қыры мен сырын жетік білетіндігін танытқан оған кейін Көкшетау облыстық партия комитеті Қызылту ауданына тілші болып баруды ұсынады. Сөйтіп, ол 1949 жылы Көкшетау облыстық “Көкшетау правдасы” газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарды.
“Менің көкірек көзімді ашып, жүрер жолымды нұрландырып берген Сәбит еді”, – деп еске алатын әкем. Бізге жақсы бол, адам бол, ақ жолдан айныма деп ақыл айтқаны, адамгершілік қағидалардың өлшеміне салып тәрбиелегені есімде қалыпты. Біз “Ұлағаты үлкеннің ұрпағы үлгілі” деген тәмсілдің шынайы өмірдегі көрінісіне куә бола жүріп өстік, өндік.
– Осы тұста мені “өмір бойы қоғамдық жұмыстармен айналысып, қолынан қаламын тастамаған жанның баласының дәрігерлік жолды таңдауы қалай?” деген сауал қызықтырып отыр? Өзіңізді оқырмандарымызға таныстыра кетсеңіз артық болмас?
– Бұрынғы Қызылту ауданының орталығы – Кішкенекөлдегі орта мектепті тамамдағаннан кейін Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түстім.
Әлі есімде, алпысыншы жылдары Кішкенекөлге Сәбит Мұқанов келді. Шай үстінде әкеме “Толбухино” кеңшарына Мәскеуден Брежнев келе жатқанын, соған бару керектігін айтты. Содан, қыстыгүні қос ат жегілген шанамен жолға шықтық. Жиналыс болды, концерт қойылды. Мен де салтанат үстінде бір ән орындап бердім. Әнімді айтып болып, сахнаның сыртына беттей бергенім сол еді, бір бейтаныс кісі: “Жарайсың, балам! Әнші болуға қалай қарайсың? Қаласаң, Ленинград консерваториясына түсіруге көмектесейін?” – деді. Ол кезде бұл консерваторияға түсу екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт еді. Алла аузыма салды ма, мен жұлып алғандай: “Жоқ, дәрігер боламын!” – дедім. Менің өте күрделі, жауапкершілігі зор мамандықты таңдауым осылай басталды.
Аспирантураны тамамдағаннан кейін, госпитальдың хирургия клиникасында ассистент болып жұмысқа орналастым. Көкшетау облысының бас оташысы, А.Н.Сызғанов атындағы қазақ ғылыми-зерттеу хирургия институтының аға ғылыми қызметкері, Алматы, Астана қалаларының жол клиникалық ауруханалары бас дәрігерлерінің емдеу және хирургия жөніндегі орынбасары, Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы ауруханасының бас дәрігері болып қызмет еткен жылдар дәрігер ғана емес, адам ретінде қалыптасуыма, жетілуіме жол ашты. Құдайға шүкір, елу үш жыл бойы тұғырдан түспей, қызмет етіп келемін. Көрген-түйген тәжірибемді, азды-көпті білімімді халықтың кәдесіне жаратуды ойлаймын.
– Осы уақытқа дейін жан жарасына дауа іздеген қанша науқасқа ота жасап, үміт шырағының қайта жануына себепші болдыңыз? Жарты ғасырлық еңбек жолыңызда осындай есеп жүргізіп көрдіңіз бе? Жалпы отандық медицинада, соның ішінде хирургия саласында сізді толғандыратын қандай мәселелер бар?
– Еңбек жолымды бастаған алғашқы жылдары қандай науқасқа қалай көмек көрсеткенімді жазып-сызып жүретін едім. Шынымды айтсам, қазір солардың санынан жаңылып қалдым. Оташы үшін сан маңызды емес, әр отаның сәтті аяқталуы басты мұрат. Осы мұрат бүгінге дейін, қолыма қандауыр ұстап, ота үстелінде тұруыма басты себеп. Мен хирург-гепатологтардың халықаралық қауымдастығының, эндоскопиялық оташылардың Ресей қауымдастығының мүшесімін, Ресей медициналық-техникалық академиясының академигімін, денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесім бағаланып, аталмыш академияның А.Чижевский атындағы алтын медалімен марапатталып, Қазақстан Республикасының алтын скальпелін, Германия Республикасының эндовидеохирургиясының алтын жанар белгісін иелендім. “Қазақстан Республикасының жыл дәрігері” сынды атақтарым мен 160-тан астам ғылыми жарияланымдарым, өнер табыстарым, монографияларым бар. Осының бәрі ізгі мұратымның нақты өмірде сәтті орындалған көріністеріндей елестейді.
Қай саладағы болмасын жетістіктерді Тәуелсіздікпен байланыстырамыз ғой. Сол сияқты отандық медицинаның дамуына егемендік жылдары ерекше көңіл бөліне бастады. Қазір медицина саласында дүниежүзі бойынша үлкен төңкерістер жасалуда, жаңалықтар енгізілуде. Біздің дәрігерлеріміз, әсіресе, Астанадағы, Алматыдағы, бірқатар облыс орталықтарындағы, бұрын қол жетпейтіндей болып көрінген жүрекке, миға, ішкі ағзаларға стенд салуды еркін меңгерген. Бұрын, басқаны айтпағанның өзінде, бір ғана қолқаға жасалатын ота кемінде алты-жеті сағатқа созылатын еді. Сәтті аяқталатындары некен-саяқ, өлім құшатындардың саны көп болатын. Қазір озық технологиялардың арқасында бәрі жеңіл әрі жылдам жасалады.
1987 жылы Францияда өт қапшығына ота жасалды. Дәрігер лапароскопия әдісін тұңғыш рет тәжірибе жүзінде сынап көрді. Нәтижесі өте жақсы болды. Бүгінде әлемнің біраз елдерінде хирургия саласында осы әдіс қолданылады. Қазір еліміздің кез келген облысында 3D режімде ота жасалуда. Ең жаңа әрі қымбат шетелдік құрылғының бір ғана Астана қаласындағы медициналық мекемелерде жиырмадан астамы бар. Бұл – үлкен жетістік.
“Біріне қарап шүкір қыл, біріне қарап пікір қыл” дегендей, ескі тәсілдерге қарағанда озық жетістіктер қуантады, әрине. Бірақ денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер мен реформалар біз сияқты ұзақ жылдар қызмет еткен дәрігерлерге ұнай бермейтіні де рас. Оны көп жерлерде айтып та жүрмін. Бұрын бір қалалық аурухананың құрамында бірнеше емхана болатын. Олардың бәрі бас дәрігерге бағынатын. Хирург, терапевт болсын, алдымен емханада тәжірибеден өтіп, содан кейін ауруханаға ауысатын. Олар қазіргі мемлекеттік қызметшілер сияқты өсу жолын төменгі баспалдақтан бастайтын. Бұл дұрыс. Бірақ мұндай дүние жоқ қазір. Соның салдарынан көп дәрігерлер ота жасай алмайды. Міне, бізді алаңдатып отырған мәселе осы.
– Сіздің қолы алтын оташы ғана емес, жезтаңдай әнші екеніңізді де білеміз. Әңгіме ауаны өнерге ойысқан кезде көкейге “Бұл қасиет кімнен дарыды екен?” деген ой оралуы орынды ғой. Бүкілодақтық (1969 ж.) және республикалық (1972 ж.) конкурстардың жеңімпазы болғаныңызды айтпағанда, Мәскеудің одақтар үйінің колонна залында Бүкілодақтық радио мен теледидардың Борис Карамышев басқарған эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен ән шырқауыңыз зор жетістік емес пе?!
– Менің әкем де, анам да өнерде қара жаяу болмаған, ән салған адамдар. Бұл туралы Сәбит Мұқановтың: “Бертін келе, жасөспірім шағымызда, ауылда болып жататын ойын-той, шілдеханаларда да бірге болып, домбыраға қосылып, әнді де бірге салған едік” деп жазғаны бар. Алты жасымда ән айта бастадым, он жасымда кәдімгідей сахнаға шықтым. Бәлкім, өнер жолын қуып, бұл бағытта кәсіби білім алғанымда жердегі “жұлдыздардың” санын бір адамға көбейтер ме едім, кім білсін!
Әншілік нағашым – Есембай Шыныбайұлынан дарыған. Оның өмір тарихы қиын да қызық. Бірде Есембайдың өнеріне тәнті Сәбәң әнші жерлесіне қолтаңбасымен домбыра сыйлаған екен. Міне, осы домбыра кейін оған пәле болып жабысады. 1937 жылдың күзінде иісі қазаққа әнімен де, сәнімен де әйгілі болған алаштың аяулы ақыны, ардақты азаматы Сәкен Сейфуллин “халық жауы” деп ұсталып, онымен қарым-қатынасы жақсы С.Мұқанов партия қатарынан шығарылады. Осы уақытта әлдекімдер Есембай Шыныбайұлының “халық жауы” С.Сейфуллинмен, оның жақтасы С.Мұқановпен байланысы бар деп жоғары жаққа арыз жазып жібереді. Осыдан кейін Есекең тұтқындалып, абақтыға жабылады. ГПУ-дің жандайшаптары оған “С.Мұқанов “халық жауы” деп айт” деген бір ғана талап қояды. Ұрып-соғады, қинайды. Бірақ әнші “С.Мұқанов “халық жауы” емес” деген сөзінен танбайды. Содан жазықсыздан-жазықсыз он жылды арқалап лагерьге кете барады. Ит қорлық өмірден С.Мұқановтың қолдауының арқасында құтылған ол бертінге дейін ән салды. Әкем дауысымды сол кісіге ұқсататын. Ән өнерінің жарық жұлдыздарымен бірге үлкен сахналарда өнер көрсеткен кездерім аз емес. Кәсіби музыканттар менің есту (орысша слух дейміз) қабілетіме таңғалады. Әрбір аспапты естіп, жүрекпен сезу арқылы оған ілесу мүлде бөлек дүние. Өмірімді сахнасыз, әнсіз елестете алмаймын. Әр концертке ерекше дайындаламын, бойымдағы барлық энергиямды жұмсауға тырысамын. Кейде өзіме “Осы саған керек пе? Одан да отаңды жасап жүре бермейсің бе?” деп сұрақ қоямын. Бірақ сахнаға шыққан сайын жаңа ойлар, тың шығармашылық ізденістер пайда болады. Оны жүзеге асырғым келеді.
– Демек, сізді “Әкеге қарап өскен ұл” деп айтуға толық негіз бар ғой. Сіздің жолыңызды жалғап жүрген балаларыңыз бар ма?
Құдай қосқан қосағым Роза Жаппарқызы екеуіміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Қыздарымыз Бибігүл мен Гүлмира біздің жолымызды қуып, дәрігерлікті таңдады. Үлкен ұлымыз – Айдар заңгер-экономист. Ал кенжеміз Алмаз Санкт-Петербургтің консерваториясын кларнет сыныбы бойынша бітіріп келіп, Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде сабақ беріп жүр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.