“Ұлпан” қосымшасының өткен жолғы санында жарық көрген “Әлди, әлди, ақ бөпем” атты шағын мақаланы оқып, бір марқайып қалдым. Себебі, онда көпбалалы аналар, оның ішінде төртем, үшем, егіз баланы өмірге әкелген нәзік жандар туралы жазылған. Қуаныштысы сол, көпбалалы аналардың қатарын толықтыруға сүбелі үлес қосып жүргендердің ішінде біздің облыстың келіндері де бар. Міне, қандай тамаша!
Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда жас отбасылардың көбі бір-екі баламен ғана шектеледі. Әрине, оған әркімнің өз айтары бар. Біреулері тұрақты жұмыс жоқ десе, екіншілері баспана мәселесін алға тартады. Ол да рас. Бала болған соң, оған тиісті жағдай жасау керек. Бірақ мұндай мәселе бүгін ғана туындап отырған жоқ қой. Ол бұрыннан бар. Сондықтан да, сынықты сылтау еткенше, одан шығар жолды қарастыру керек сияқты. Еңбек етсе, бәріне де қол жеткізуге болады. Жатқан тастың астына су ақпайтыны сияқты, әрекет етпеген кезде нәтиже де ойдағыдай болмайтыны белгілі. Сондықтан жастарға еңбек етіңдер дегім келеді.
Жоғарыда айтып өткен мақаланы оқыған кезде “Көпбалалы аналардың пейілі де кең шығар …” деген ой келді маған. Шынымен де, қарап отырсақ, отбасылардың әрқайсысында өз мәселесі бар ғой. Кейбір көпбалалы аналардың өздері балашағасымен баспана жалдап тұрып жатқанын көріп, естіп жүрміз. Бірақ мұнымен өмір тоқтамайды. Керісінше, қиындық адам баласын шыңдай түседі. “Әр бала өз несібесімен” деген дана сөз тегін айтылмаған ғой. Қиындықтың өз жеңісі болады.
Баспанасы бола тұра бала санына шектеу қоятын жас келіндер де аз емес қазір. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын мен. Сәбидің тәтті күлкісіне не жетсін?! Олар – біздің баға жетпес байлығымыз, барымыз. Сондықтан да өмір арнасында кездесетін түрлі сылтауға мән беріп, осындай қымбат қазынамыздан бас тартпайық.
Төртем, үшем, егіз бала деген қандай тамаша! Оларды өмірге әкелген аналардың мәселесі жоқ екен деп ойламаймын мен. Әрине, бар. Тіпті, сәбилерді бағып-қағудың өзі ең жауапты жұмыстың бірі емес пе? Міне, осы жағынан алғанда жас келіндер көпбалалы аналардан үлгі-өнеге алса артық болмас еді. Түн ұйқысын төрт бөліп, әлдиімен ақ бесігін тербеткен аналардың еңбегін біреулер түсінсе, біреулер түсінбес, бәлкім. Қалай болғанда да, қиындыққа мойымай, дәуір жүгін алға жетелеген алтын құрсақ аналардың қайсарлығы бұл. Сондықтан оларға бір ескерткіш орнатылса да, артық болмас еді. Мұның өзі бір мерей емес пе? Біріншіден, олар анаға құрмет көрсетеді, екіншіден, өмірдің жалғасы бала екенін түсінеді, сезінеді деп ойлаймын. Әрине, “Меккеге үш рет арқалап апарса да, ана алдында перзент парызы өтелмейді” дегенімізбен, асыл жандарға деген сыйластық осындайдан басталатын сияқты.
Нүризат ҚОҢҚАШЕВА,
“Алтын алқа” иегері.
Есіл ауданы.