«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛЫМ ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі былтыр күзде “Астана банкі” акционерлік қоғамын банктік және басқа да операцияларды жүргізу лицензиясынан айырған болатын. Үстіміздегі жылдың 9 қаңтарынан оның салымшылар алдындағы қарызын төлеу “Еуразиялық банк” акционерлік қоғамына жүктеліп отыр. Қазақстанда соңғы жиырма жыл бойы депозиттердің кепілдендірілген жүйесі жұмыс істейді. Сондықтан таратылатын “Астана банкі” АҚ-ның клиенттері өздерінің салымдарын алатынына сенімді болуы тиіс. Оны қашан және қалай алуға болады?

Кепілдендірілген депозиттерге “Астана банкі” АҚ-да ашылған жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің салымдары, ағымдағы шоттары, сондай-ақ, төлем карточкалары жатады. “Астана банкі” АҚ-ның клиенттері 26 қаңтардан бастап өздерінің ақшаларын алу үшін “Еуразиялық банк” АҚ-ның филиалдарына өтініштерін бере алады. Таратылатын банктің клиентері өз салымдарын алты ай ішінде ала алады. Егер әлдебір себептермен 2019 жылдың 26 шілдесіне дейін оған қол жеткізе алмаған клиенттер өз ақшасын Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына өтініш беру арқылы алуына болады.

Қазақстанда салымдар бойынша ең көп кепілдендірілетін сома 10 млн. теңге, ал шетелдік валютада 5 млн. теңге. Егер клиентте бірнеше және түрлі валютада салымдары болса, онда олар бойынша кепілдендірілген депозитті қайтару 15 млн. теңгеден аспайды. Мәселен, салымшыда ұлттық валютада жалпы сомасы 12 млн. теңге болатын екі депозиті және шетел валютасында 8 миллион теңгенің үш салымы болса, онда екі салым бойынша кепілдендірілген қайтарым 10 млн. теңге болады, ал басқа елдің ақшасындағы үш салымға 5 млн. беріледі. Қорыта айтқанда, салымшының қолына 15 млн. теңге тиеді.

Таратылатын банктің салымшыларына ақшалары тек теңгемен қайтарылады. Банктегі салым шетел валютасында ашылғанымен, қайтарым сомасы банкті ықтиярсыз тарату туралы соттың шешімі қабылданған 2019 жылғы 9 қаңтардағы мынадай нарықтық айырбастау бағамы бойынша төленеді:

USD – 373,66 теңге;

EUR – 427,80 теңге;

RUB – 5,57 теңге;

GBP – 476,90 теңге.

Қайтарымның сомасын “Астана банкі” АҚ-ның тарату комиссиясы анықтайды және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры тексереді. Егер “Астана банкі” АҚ-ның салымшысында осы банкте несие ресімделген болса, онда тарату комиссиясы өзара есеп айырысу талабы мен салымшының міндеттемесін тексереді. Салымшының депозиттегі ақшасы оның банк алдындағы қарызын өтеуге жұмсалады.

Салымшы банктен өз ақшасын алу үшін ЖСН-і көрсетілген жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын алып баруы тиіс. Сонымен қатар салымшы кепілдендірілген төлемді алуға өтініш жазады және өзінің ақшасын алудың тәсілін таңдайды.

Қайтарылатын ақшаны өзінің өкілі арқылы да алуға болады. Ол үшін сенім білдірілген тұлғаның ЖСН-і көрсетілген жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы, салым бойынша ақшаны қайтару туралы талаппен салымшының атынан өтініш білдіруге құқығын растайтын нотариалды куәландырылған сенімхат қажет. Мұрагерлердің банк қайтаратын ақшаны алуы үшін өтініші, мұрагердің жеке басын куәландыратын құжатының түпнұсқасы, мұраны немесе мұра қалдырушының ақшасын пайдалануға құқықты растайтын құжаттар болуы тиіс.

Үстіміздегі жылдың 26 қаңтарында жеке тұлғаларға қызмет көрсететін “Еуразиялық банк” АҚ-ның барлық бөлімшелері сағат 8-ден 22-ге, ал 27 қаңтарда сағат 8-ден 20-ға дейін жұмыс істейді. Алматы, Ақтау, Қарағанды, Павлодар, Шымкент қалаларындағы және сауда орталықтарында орналасқан банк бөлімшелерінің жұмыс режімі басқаша болмақ.

Биылғы 29 қаңтардан “Еуразиялық банк” АҚ-ның барлық бөлімшелері штаттық режімде жұмыс істейді. “Астана банкі” АҚ-ның клиенттерге төлем төлеу орталықтары сағат 9-дан 21-ге дейін жұмыс істейтін болады. Мұндай орталықтардың тізімі “eubank.kz” сайтының “Астана банкінің клиенттері үшін” бөлімінде жарияланған.

Салымдар бойынша сыйақы 2019 жылғы 9 қаңтардағы жағдайға сәйкес капиталдандырылған сыйақы сомасы шеңберінде төленетін болады. Мәселен, салымшы сыйақыны ай сайын капиталдандыру арқылы 13,2 пайыздық жылдық үстемемен “Астана банкі” АҚ-ның депозитіне 2018 жылдың басында 500 мың теңге салса, жыл басынан бері ол депозитке 70 мың теңге сыйақы есептеледі. Соның нәтижесінде салымшы банк-агенттен 570 мың теңге жинақталған сыйақысы есептелген салымын толық алады.

Егер салымның сомасы кепілдіктің сомасынан асып кетсе немесе банк-агент төлемейтін капиталдандырылмаған сыйақы болса, онда салымшы банк-агенттен ақшаны қайтарудан басқа жағдайды қарау үшін “Астана банкі” АҚ-ның тарату комиссиясына өтініш беруі керек. Сондай-ақ, салымы бойынша қайтарылған сомаға келіспеген жағдайда да өтініш білдірген жөн. Банктің тарату комиссиясы өтініштерді қабылдауды бастады. “Астана банкі” АҚ-ның барлық филиалдарында өтініштер 2019 жылдың 18 наурызына дейін қабылданады. Банк филиалдарының байланыс телефондарын Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының веб-сайтындағы “Тарату процесіндегі банк салымшыларына” бөлімінен алуға болады.

Таратылатын банк салымшыларына ыңғайлы болуы үшін “Еуразиялық банк” АҚ-ы өз қаражатын қайтарып алудың мынадай бірнеше нұсқасын ұсынады:

Бірінші. Салымшының “Еуразиялық банк” АҚ-да төлем картасы, салымы немесе ағымдағы есеп айырысу шоты болса, онда қайтарылған ақшаны олардың кез келгеніне аударуға болады. Ақша сол күні түседі.

Екінші. “Еуразиялық банк” АҚ-да төлем картасы, депозит немесе ағымдағы есеп айырысу шотын ашып, оның кез келгеніне қайтарылған ақшаны аударуға болады. Есеп айырысу шоты мен карта өтініш берген күні ашылады, сондықтан ақша алуда кедергі болмайды.

Үшінші. Қайтарылған ақшаны банктің барлық бөлімшелерінен 26 қаңтардан бастап алуға болады, оған ешқандай комиссия көзделмеген. Ақша өтініш берілген күні қайтарылады.

Төртінші. Тілек білдірген жағдайда ақшаны басқа банкке аударуға болады. Бұл жағдайда ақша аударылған сәттегі банктің тарифі бойынша комиссия алынады. Кепілді ақшаның қайтарылымы үш жұмыс күні ішінде түседі.

Сенім көрсетілген тұлғаларға, мұрагерлерге, жеке кәсіпкерлерге, кәмелеттік жасқа толмағандарға, сондай-ақ, тегін өзгерткен депозиторларға қаржы барлық қажетті құжаттар тапсырылған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде қайтарылады.

“Еуразиялық банк” АҚ-ның баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp