«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘКЕННІҢ ҚЫЗЫЛЖАРДА БОЛҒАН СӘТТЕРІ

Сәкен Сейфуллин небары 43-ақ жыл жасаған өзінің аз ғана ғұмырында Қазақстанның бірталай қалаларына арнайы сапар шегіп, әсіресе, өз ұлтының, яғни, қазақ халқының әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсарту жолында аянбай еңбек етті. Ол біздің Қызылжар қаласына да түрлі себептермен әлденеше рет атбасын тіреген екен.

Бізге белгілі болғандай, оның алғаш рет Қызылжарда болуы трагедиялық жағдаймен ұштасып жатыр. 1918 жылдың маусым айында Сәкен қызмет істейтін Ақмола Совдепінің мүшелерін контрреволюционерлер тұтқындап, 7 ай бойы түрмеде азаптайды, ал, 1919 жылғы қаңтардың бас кезінде Қызылжарға жөнелтеді. Бұл туралы Совдептің мүшесі, Сәкеннің жақын достарының бірі Захар Катченко кейін былай деп жазды: “1919 жылдың қаңтар айында бізді Петропавлға сақылдаған сары аязда айдап ала жөнелді. 500 шақырымды 18 күнде әрең тауыстық. 7 ай бойына түрмеде отырып қажыған адамдарда не қауқар болсын, өгіз аяңмен келе жатқан шанаға ілесе алмай оппа қарға құлай береміз. Әсіресе, Бәкен Серікбаев, Жұмабай Нуркин әбден қалжырап, жүруге жарамай калған соң Сәкен Қызылжарға дейін жаяу барды десем артық болмас.

Атаман Анненковтың ажал вагонына тиелгенге дейінгі көргеніміз азап емес екен. Қияметтің әкесі Петропавл лагерінен басталды. Байдың мал қамайтын қорасынан нашар, жұқа тақтайдан домбалдай салған, тесік-тесігінен қар мен жел гуілдеп соғып тұрған, лыпасы жоқ, асты тоң лагерьден қармаққа шаншар еті жоқ, сүйектеріне терісі жабысып, көздері шүңірейіп кеткен тірі өліктердің арасына апарып тыққанда тамұқтың басталғанын бірден аңғардық. 24 қаңтар күні бізді екі вагонға отырғызды да, Омбыға қарай алып кетті”. (Тұрсынбек Кәкішев. “Ескірмейді естелік”. Алматы, “Жазушы” 1994, 160-бет)

Бұл туралы Сәкен өзі “Тар жол, тайғақ кешу” кітабында былай деп жазыпты: “Ақмола мен Қызылжардың арасына 18 күн жүріп келдік. 5 январьда Ақмоладан шығып, Қызылжарға 23-інде келіп кірдік. Қызылжардың үлкен көшесіне келіп кірдік, тізбектеліп келе жатырмыз. Конвой мылтықтарын ыңғайлап ұстап бізді қоршап келеді. Көшедегі жұрт аңырайып қарап қалады. Қызылжар маған бұрыңғыдан біртүрлі зор тәрізді көрінді. Халқы да бұрынғыдан көп тәрізді, адамдары да бұрынғыдан бөтен, жат сияқты. Көшеде жүрген әскери киімділер көп, көбі чехословактар. Түрлері сұлу сияқты, бойлары сымдай чехославактар. Бұлардың киімдері ақ, солдаттардікіндей емес. Жаңа ғана бәйге алған аттарша аяңдайды. Сарт-сұрт. Жалт-жұлт. Қызылжардың үлкен көшелерін аралатып отырып, бізді әкеп қаланың шетіндегі жұқа тақтайлардан істеген бір лагерьге қамады”. (С.Сейфуллин. “Тар жол тайғақ кешу”. Тарихи-мемуарлық роман. 4-ші басылым. Алматы, “Жазушы”. 1977, 219-220 беттер). Бұдан біз Сәкеннің Қызылжарда бұрын да болғанын көреміз. Бірақ бізде әзірше ондай мәлімет жоқ.

1920 жылғы 4 қазанда Орынборда Қазақстан Советтерінің тұңғыш съезі ашылып, Қазақстан Орталық Атқару комитеті сайланғаны тарихтан мәлім. Сәкен осы атқару комитетінің төралқа мүшесі болып сайланды.

Қазақстан Орталық Атқару комитеті (КирЦИК) 1921 жылдың 16 ақпанында Ақмола мен Семей облыстарын Қазақстанға қосатын және оларды басқару аппаратын жасақтау жөнінде төтенше өкілдігі бар комиссия құрды. Комиссияның төрағасы С. Мендешев, мүшелері: Ә.Досов, С.Сейфуллин, Г. Әлібеков, Заромский және қырықтай штаты бар қосалқы аппаратпен 2 наурыз күні Омбыға аттанады. Күні бұрын телефон арқылы да, өкілдік арқылы да келісілгеніне қарамастан Сибровком “Біз дайын емеспіз” деп сөз бұйдаға сала береді. Наурыздың аяғына дейін Төтенше комиссия Петропавл қаласына тоқтап, елдің жай-күйімен танысты. Сәкен “Бостандық туы” газетінің жұмысына нақты көмек берді. Бірнеше санын шығарысты.

Комиссия іске кірісіп, келіссөз жүргізіп жатқанда Қызылжарда ақ бандылар мен бай-кулактардың қарулы көтерілісінен көп адамдардың мерт болғаны, олардың ішінде белгілі революционер ақын Баймағамбет Ізтөлин де бар екені жөнінде суық хабар Омбыға да жетеді. Сәкен бірнеше адамдармен бірге Қызылжарға келіп, қаза тапқандарды бауырластар зиратына жерлеуге және сол құрбандарға арналған қаралы митингіге қатысады. Сәкен Қызылжарға аттанарда Омбы вокзалында отырып, “Қызыл ерлер” деген өлең шығарып, Қызылжарға келген соң “Бостандық туы” газетінде бастырады. Онда мынадай жолдар бар:

Бостандық үшін ант қылып,

Күресуге тұрдық біз.

Республика Советін,

Ұран салып құрдық біз.

Жауыздар үшін қан төгіп,

“Дінім”, “ұлтым” демеспіз.

Дүниенің барлық жарлысы,

Бауырымыз біздің жұртымыз.

Олардың бақыты үкімі,

Дініміз біздің ұлтымыз.

(Т.Кәкішев, “Сайыс”. Алматы.2004. 138-бет)

Бұл кезде Мағжан Жұмабаев “Бостандық туы” газетінің редакциясында істейтін. Осы күндері Сәкеннің Мағжанмен кездескені туралы профессор Тұрсынбек Кәкішев “Сайыс” атты кітабында былай дейді: “Шынтуайтында сол жолы Мағжан мен Сәкен редакцияда кездескен. Оған куә – Мағжанның “Бостандық туы” газетінің сол, 1921 жылғы 16 сәуірде шыққан “Ақмола, Семей облыстарын Қазақстанға қосу үшін келген Төтенше комиссияның ісі” деген мақаласы. “Жәжеке” деп қол қойған бұл мақаласында Мағжан: “Жоғарыдағы жобамен Төтенше комиссияның ісі туралы комиссия мүшесі Садуақас Сейфуллин жолдас төмендегі хабарды берді”, – дей келе келіссөз жүргізілген үш мәжілісті атайды. Бұл мәліметтерді, әрине, Сәкен редакцияда айтқан да, Мағжан оны жазып алып, газетке мақала етіп бастырған.

Сонымен, Ақмола мен Семей облыстары Қазақстанға қарайтын болды. Ақмола облысының орталығы – Қызылжар қаласы болып белгіленді. Жаңа құрылған Ақмола губерниясын губревком басқарды. Оның төрағасы Әбдірахман Әйтиев, мүшелері: Абдолла Асылбеков, Виктор Барлебен, Сабыр Шәріпов, Коротков тағы басқалары. Сәкенге Ақмола губревкомының жұмысына жәрдемдесу тапсырылады. Сәкен өз еліне барып қайтпақ болып кетеді де, сонда ауырып қалады.

1922 жылдың 4 тамызында КирЦИК, РКП (б) обкомы мен ВЦСПС Кирпрофбюросының біріккен мәжілісінде Сәкенге мынадай мандат берілді: “Осы мандат ұсынушы КАССР Оқу халық комиссарының орынбасары Сейфуллин жолдас Ақмола губерниясында қайта сайлауды басқару және өткізу үшін КирЦИК пен РКП облыстық комитетінің өкілі және губерниялық сайлау комиссиясының председателі ретінде Петропавл қаласына жолданылып отыр. Губерниялық сайлау комиссиясының председателі Сейфуллин жолдастың кәсіподақ, партия ұйымдарының, Ақмола губерниялық Атқару комитетінің және оның бөлімдерінің жұмысын тексеруге және НКВД тарапынан тиісті бұйрық-жарлық беруге правосы бар. Сейфуллин жолдас Кир-ЦИК пен РКП Киробкомының өкілі болғандықтан тура проводпен сөйлесуге, “А” және “Б” литері бойынша телеграмма беруге, теміржол поезына өшіретсіз билет алуға праволы. Сондай-ақ, лау көлігіне немесе автомобильге мінуге кезек тоспайды.

Барлық Совет мекемелері мен партия ұйымдарынан Сейфуллин жолдасқа жүктелген міндеттерді орындау барысында заңды көмек көрсетілулері өтініледі. Сол үшін қол қойып, мөр басылды.

Осы мандатпен Сәкен 1922 жылдың 19 тамызы күні Петропавл қаласына суыт аттанады. Жүктелген міндеттің ауыр да абыройлы екенін, советтік өмірдің адуынды адыммен алға басқанын “Біздің тұрмыс – экспресс” деген өлеңінде білдірді:

“Зырла,экспрессс, ұш, зырла!

Жұлдыздай ақ, құлдыра!

Құйындай құтыр, бұлдырла!

Аянбай жүгір бәрің де!”– деп Сәкен Қызылжарға жетеді.

Советтердің губерниялық съезімен қатар Сәкенге РКП губерниялық комитетінің кезектен тыс конференциясын өткізу жүктелген болатын. 7-10 қыркүйек күндері партия конференциясында ел жағдайы, шаруашылық жайы кең талқыланып, сайлаудың барысы әңгіме болады да, советтердің съезінде нақты жоспарлы іске айналады. Губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып губернияның хал-жайын жақсы білетін Сабыр Шәріпов сайланады. Сәкеннің аялдауға мұршасы жоқ, телефонмен де, телеграммамен де Орынборға шақыртылады. Оны вокзал басына Сабыр мен Сәкеннің байырғы досы, губисполком мүшесі Захар Катченко шығарып салады.

1926 жылдың күзінде Сәкен Қызылжарға аттанады. Жолда Ақмолаға соғып, жан жолдасы Жақия Айнабековтің ағасы Қайып Айнабековтің үйінде біраз аялдайды. Әңгіме арасында Қайыптың әйелі күйеуіне мына баладан Гүлбаһрамға сәлем-сұхбат жіберудің жайын ойласайшы дейді. Содан Қайып өзінің немере ағасы Батырбектің жалғыз қызы биыл Қызылжардағы совпартшколаға түсіп, оқып жатқанын түсіндіреді де,”Әйтеуір, Қызылжарға аялдайсың ғой, сәлем-сұхбат ала кетсең қайтеді” – дейді, Сәкен: “Қаражат жіберсеңіздер болмай ма”, – дейді. Қызылжар қаласына келген Сәкен партия мектебі директорының үйіне түседі. Сол үйдің ересек баласын жатақханада тұратын Батырбекқызы Гүлбаһрамды шақырып келуге жұмсайды. Ұзын шашын қос өрімдеп өрген аққұба өңді, өткір көзді жас ару ауыл әдетінше үйге имене кіреді.

– Қарындасым, ауыл-аймақтарың тегіс аман. Көкең бір сәлемдеме беріп жіберіп еді, соны тапсырайын деп ем, – деп төс қалтасындағы ақшаны алып береді, – Ие, оқуың қалай, қалаға үйреніп қалған шығарсың?

Гүлбаһрамда үн жоқ. Ернін жыбырлатып бірдеңе деген болады, бірақ естілмейді. Әлі де ауыл әдетінен арылмаған. Атағы зор, даңқты адамның бет-жүзіне қарауға Гүлбаһрамның дәті шыдамайды. Үй иесі – өзінің директоры. Ұялғаннан екі беті қып-қызыл . Сәкен түні бойы көз ілмейді. Гүлбаһрамның келбеті көз алдынан бір кетпей қояды. Ертеңіне партия мектебіне барып, оқу жайымен танысады. “Бостандық туы” газетіндегі жігіттермен кездесіп, түс ауа үйге оралып, кешегі баланы Гүлбаһрамға қайтадан жібереді.

– Кеше сөйлесе алмап едік, – деп Сәкен өзінің ойын алыстан бастайды.– Оқуды Қызылордада оқығаның жөн сияқты. Бас-көз боп жүреміз ғой, – дегенде сезімтал сұлу ақын ойын аңғарып, түсініп қалады. – Егер сөзіңе берік болсаң, ел-жұртқа жария етіп жар боламын, – дейді Сәкен.

Гүлбаһрам “Оны кезінде көрерміз” дегеннен басқа ештеңе дей қоймайды. Сәкен Қызылордаға аттанып кетеді. Кейін ол Гүлбаһрамға бірнеше рет хат жазады. Арасында жауап та алады. 1926 жылғы 27 қазандағы хатын Сәкен “Сүйікті қарындасым – Гүлбаһрам!” деп бастапты. Ол партия мектебінің директорына да хат жазады. “Еңбекші қазақ” газетінің 1926 жылғы 19 қарашадағы санында “Совпарттағы қарындасыма, (Гүлбаһрамға)” деген өлең жариялайды. “Сәкен” деп қол қояды. Сол ұзақ өлеңнің бір-екі шумағын келтірейін:

Елден келдің қалаға,

Оқу іздеп шырағым.

Жүрмегейсің ұмытып,

Ауылдың алыс-жырағын.

Сүйгенімнен айтамын

Бұл ақылды, шырағым!

Есіңнен бір тастама

Елдің алыс-жырағын!

Ақыры Гүлбаһрам Қызылордаға ауысатын болады да, поезбен жүріп кетеді. Қызылорда вокзалында оны Сәкен, Сәбит, Орынбек Беков, Әлкей Өтекин қарсы алады. Сөйтіп, 1926 жылдың желтоқсанында Гүлбаһрам Сәкен шаңырағының табалдырығынан аттайды.

Қайролла МҰҚАНОВ,

өлкетанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp