Көпшілік тамыр ұстап диагноз қою дегенді бақсылық деп ойлайды. Сенімсіздікпен қарап, күмәнданып жататындар да баршылық. Дәстүрлі қазақ медицинасында тамыр ұстап диагноз қою – ежелден келе жатқан әдістің бірі. Оған XV ғасырда ғұмыр кешкен, көрнекті ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі дәлел. Осыдан 5 ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған ғылыми шығармада дәл осы тамыр ұстап, диагноз қою туралы көп мәлімет бар.
Тамыр ішкі және сыртқы болып екіге бөлінеді. Шипагер кей науқас адамға «сыртыңды қара жел буып алған» десе, енді біріне «ішкі органдарды ыстық алған» екен дейді. Былай деу тамыр райын анықтау бойынша белгілі болып жатады және дәрігердің тәжирбесіне де байланысты. Қазақ емшілігінде негізінен тамыр ұстап қана ауру белгілерін анықтамаған, қазіргі заманауи дәрігерлер сияқты жалпы диагностика жасалған. Алдымен шипагер науқас адамды толық қарап, жалпы тексеруден өткізген. Содан кейін қашаннан бері сырқаттанғанын, қазіргі уақытта өзін қалай сезінеді және қай жері ауырып тұрғанын білген. Үшіншіден, сырқат адамның ауырып тұрған жерін ұстап, сипап, басып тексерген. Өң әлпетін тексеру арқылы тері аурулары, басқа да сырқат белгілері бар- жоғына көз жеткізген. Мәселен, көп уа қыт науқастанған адамның өң әлпетінде өзгерістер болады. Түрінің сарғаюы, бозғылттануы, көкшіл тарта бастауы, көз алдының, қол-аяқтың, кеуде және құрсақ бөлімінің ісінуі көптеген ауру белгілерін аңғартқан. Шаштың түсуі, майлануы, тырнақтың қисайып өсуі, сынғыштығы, ойық белгілер, сызықтар пайда болуы, доғалдануы, сүйірленіп өсуі – адам ағзасында қандай да бір дәрумен-минералдардың жетіспеушілігінен болатын құбылыс. Тіл арқылы ағзалардың ішкі күйі, энергияның қозғалысы және патологиялық өзгерістер анықталады. Бұл әдіс қазіргі медицинада да кейбір жағдайларда қосымша қолданылады.
Тамыр ұстаудың да өз әдісі бар. Әдетте, тамырды білектің ішкі жағынан, кәрі жіліктің басынан, тамырдың таяз жерінен, оң және сол қолдан ұстайды. Екі қолдың тамырын бір қолмен ұстау – қате. Сол себепті міндетті түрде екі қолдың тамырын екі қолмен ұстап тексерген дұрыс. Шипагер науқастың оң білегін сол қолымен ұстаса, сол білегінен оң қолымен ұстайды. Әр қолда үш негізгі нүкте бар. Олар – жоғарғы, ортаңғы және төменгі нүктелер. Жоғарғы нүктені сұқ саусақпен, ортаңғы нүктені ортаңғы саусақпен, ал төменгі нүктені аты жоқ саусақпен басып ұстайды.
Әр қолдағы үш негізгі нүктелер нені білдіреді? Мәселен, жоғарғысы – жүрек, өкпе, ішек; ортаңғы – бауыр, көкбауыр, асқазан және төменгісі арқылы бүйрек, қуық жағдайын және әйел адамның жатырының ыстық немесе суық екендігін анықтауға болады.
Тамыр соғысының сипаттамаларына тоқталсам, жылдамдығы – баяу, қалыпты, жиі; тереңдігі – үстіңгі, ортаңғы, терең; күші – әлсіз, орташа, күшті; ырғақтығы – тұрақты, тұрақсыз және текстурасы – жұмсақ, қатты, серпінді болып бөлінеді. Осы белгілеріне қарап-ақ адамның денсаулығы жайында көп мағлұмат алуға болады. Егер тамыр өте әлсіз және баяу болса – бұл энергияның жетіспеушілігі мен қан айналымының бұзылуын көрсетеді. Тамыр тым жиі соқса – бұл ағзада қабыну үдерістерінің бар екенін білдіруі мүмкін. Тамыр терең және әлсіз болса – ішкі мүшелердің әлсірегенінің белгісі. Тамыр қатты болса – сыртқы патогендік факторлардың (суық тию, инфекция) бар екенін білдіреді.
Тамыр ұстағанда тамыршы әр саусақтың астындағы тамыр ырғағын ажырата білуі керек. Бұл көптеген жылдар бойы тамыр ұстаған тәжірибелі шипагерлердің қолынан келеді.
Тамыр жұмысы маусымға қарай өзгеріп отырады. Жазда ол кернеулі, ағысы екпінді келеді. Ал қыста тамырдағы қан ағысы баяу, жіңішкелеу болады, бірақ бұл ауру белгісі деп қаралмайды.
Ақжарқын ДӘУЛЕТҰЛЫ,
«Алтын ине» клиникасының директоры.