«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚҚА СЫЗАТ ТҮСІРМЕДІК

Аталарымыз “Көрші ақысы – Тәңір ақысы” дей отыра, бүтін бір елді ынтымақ пен бірлікте өмір сү­руге шақырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықты ұлтына бөліп-жармай, біртұтас ел қалыптастыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы – осы­ның айғағы. Биыл этносаралық татулық пен қатынасты, біртұтас қоғам құру мен түсіністікті басты ұстанымы еткен Ассамблеяға – 25 жыл.

Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиыншылықта бірлікті сақтау аса маңызды еді. Тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне табан тіреген түрлі ұлыстың басын қосып, бір атаның баласындай бірлікке шақыру оңайшылықпен іске аса қойған жоқ. Десек те, осы бір өзара сыйластықтың арқасында тәуелсіз еліміз әлемге танылды. Экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, жері дәулетті, елі сәулетті мемлекет ретінде іргесі бекіген Қазақстанның ішкі тұтастығын сақтауда жер-жерде құрылған этномәдени бірлестіктердің үлесі зор.
Тоқсаныншы жылдардың елең-алаң шағында Пресновка ауылында құрылған қазақ мәдени орталығының жұмысын үйлестіру де оңайға соққан жоқ. Қазағы санаулы аудан орталығында ұлттық мәдени бірлестіктің жұмысына бағыт-бағдар сілтер адам аз еді. Сол кезде қазақ ауылдарын аралап, көнекөз қарттармен жүздесіп, әжелерімізден салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайлы тереңірек білуге ұмтылдық. Ұлттық құндылығымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді насихаттайтын шараларды өткізерде аға буынның ақылына құлақ асып, сол кісілердің жөн сілтеуімен сын сағаттардан сүрінбей өттік. Себебі, қазақ мәдени орталығы жер-жерде ашылған этномәдени бірлестіктердің арасында ауызбіршілік орнатуға ұйытқы болуы тиіс еді.
Түрлі ұлыс өкілдерін жас мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтауға жұмылдыру, этносаралық татулықты сақтауға шақыру қазақ мәдени орталықтарына зор жауапкершілік жүктеді. Елдік, ұлттық мәселеге келгенде қызуқандылыққа берілмей, парасаттылық көрсетіп, дұрыс шешім қабылдаудың нәтижесінде татуластық тамыры тереңдей түсті. Туындаған келеңсіздікті түсінісе отырып шешкен сол жылдарда қалыптасқан ауызбіршілікке сызат түсірмеу – бүгінгі буынның міндеті.
Қазір басымызға бақ болып қонған бейбіт заманда еліміздегі әр этнос өкілі, ең алдымен, еліне, қоғамға қызмет етуі тиіс. Шынайы бақыт пен береке үйлесімді бірлік пен тірлікте жатыр. Оған көзім жетті. Бір-бірімізді құрметтеу, қадір тұту – әрқайсымыздың борышымыз.
Бүгінгі таңда Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде алты этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ауызбіршілік, ынтымақтастық пен рухани сыйластықты сақтау өткен күн­дердің еншісінен қалған мұра болса, бүгінде біз бір-біріміздің шашбауымызды көтеріп, мерейі­мізді асыратын сенімді досқа ай­налдық. Қазақстан халқы Ассамб­лея­сы қанатының астында жұмыс істеп жатқан қоғамдық бірлестіктер болашаққа бай да салиқалы мұра қалдыру үшін әр кез бір жа­ғадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның ырысын еселеуге атсалысуда. Аудан көлемінде өткізілетін қоғамдық-мәдени шаралар қазақ мәдени орталығының белсенді араласуымен ұйымдастырылады. Қазақ сөз өнерінің майталман шеберлері, белгілі қалам иелері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шу­хов, Сафуан Шәймерденов туған бұл өлкеге келушілер де көп. Ел-жермен танысуға келген қонақтарды туған өлкенің танымды тарихымен таныстыру – біздің этномә­дени бірлестік атқарып отырған жұмыстың бір парасы.
Сонымен қатар этномәдени бірлестік жанынан құрылған “Мерей” ұлт аспаптар ансамблі ауданымыздағы өнерлі жастардың басын құрап отыр. Аудан, облыс көлемінде өтетін түрлі шараларға қатысып, өнерлерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген осы жастар біздің бірлестіктің жұмысын жандандырды. Оларды көріп өзгелердің де қызығушылығы артып, шараларға қатысып, белсенділік танытып жүр.
Біз өзге этнос өкілдерімен етене араласып, оларға мәдениетімізді, тіліміз бен ділімізді таныстыруымыз үшін де осындай жұмыстарды атқарып отырмыз. Атадан қалған асыл мұраны ұмыттырмай, еске түсіріп отыру да аса маңызды. 

Күлбаршын РӘЗИЕВА,
қазақ мәдени орталығының төрайымы.
Жамбыл ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp