«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРІСКЕЙДЕ ЕГІН БІТІК

Өңірге жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров диқандармен кездесті. Облыстық әкімдікте өткен жиында өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті әңгіме өзегіне айналып, маңызды мәселелер сөз болды. Әсіресе мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары талқыланды.

 Жиынға төрағалық еткен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру жайына тоқталғанын атап өтті.

– Өңірде 5,5 миллион тон­надан астам дәнді-дақыл жи­налды. Жалпы түсім жаман емес. Өнім берекелігі – гекта­рынан 19,6 центнер. Ауқымды жұмыстар алда. Қолайлы ауа райын пайдаланып, қалған ас­тықты жинап алуымыз қажет, – дей келе Ғауез Торсанұлы об­лыста майлы дақылдарды ору қызу жүріп жатқанын айтты.

Жиында өңірдің аграрлық әлеуеті мен атқарылып жатқан шаралар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндама жаса­ды. Өткен 8 айда жалпы өнім көлемі 255,7 млрд. теңгені құ­раған. Нақты индекс көлемі – 109,3 пайыз. Бұл өзге өңірлер­мен салыстырғанда жоғары. Агроөнеркәсіптік кешенді қар­жыландыру көлемі 160 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бо­йынша 105, «Қаз-АгроҚаржы» АҚ арқылы 46, форвардтық са­тып алу бойынша 7,5 млрд. тең­ге берілді. Биыл 340 мың тонна минералды тыңайтқыш, 50,6 млрд. теңгеге 1,8 мың техника сатып алынғаны айтылды.

Жиында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бас­қарма төрағасының орынбаса­ры Айдын Досқараев та баянда­ма жасады.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Айдарбек Сапаров бүгінде Үкімет тарапынан атал­мыш салаға қолдау айрықша екенін айта келе жұмыстан нақты нәтиже шығару қажет екенін сөз етті.

– Осындай жиындарда ма­ңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік бар. Премьер-ми­нистрдің тапсырмасымен об­лыстарды аралап, әр өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өнді­рушілерімен кездесулер өткізу­деміз. Түйткілді мәселелерді бір­лесе шешуге дайынмын, – деген министр өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қандай мәселе толғандыраты­нын сұрап, жергілікті аграршы­лар тарапынан демеуқаржы, ли­зинг, жанар-жағармай мәселесі мен астық инспекциясына қа­тысты қойылған сауалдарға нақ­ты жауап берді.

Жиын соңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аграрлы өңірде ауқымды жұмыстар ат­қарылып жатқанымен, жалақы төмен екенін айтты. Әсіресе ауыл шаруашылығы тауар өнді­рушілерінен осы мәселеге ай­рықша назар аударуды сұрады.

Жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтар мәсе­лесі бар агроқұрылым басшыла­рын қабылдады. «Целинное-2004» серіктестігінің дирек­торы Серік Ибраев жасымық тұқымының жаңарғанын қалайды. Министр кәсіпкердің өтініші негізінде жасымықтың тұқымын жаңартып, солтүстік өңірге сай келетінін ұсыну қажет екенін, көтерілген мәселені бақылауы­на алатынын айтты.

«Буденное – СК» ЖШС бас директоры Мустафа Гулиев мал шаруашылығына қатысты сұрақ қойды. 1200 басқа арнал­ған тауарлы-сүт фермасын сал­ған. Мал алу үшін Дания елін­дегі әріптестерімен байланыс орнатып, тиісті шартқа қол қойған. Енді төленетін субси­дияның көлемін арттыру жайы толғандырып отыр.

– Бұл мәселені көтеріп, тиісті органдарға ұсынысы­мызды жолдадық. Экономика және Қаржы министрліктері қолдаса, әр басқа 400 мыңнан 700 мың теңгеге артады, – деді Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрі жұмыс сапары аясында Қызылжар ауданына барып, егіс алқабын аралады.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp