Көкшетаудан шыққан жеңіл көліктер кортежінің алған бағыты – әуежай. Облыс басшылары Сарыарқаның інжу-маржаны – Бурабайға демалысқа келген СОКП Орталық комитетінің бас хатшысы Леонид Брежневті шығарып салуға келе жатты. Облыстық партия комитетінің бюро мүшелері көліктерінен түсіп, құдды бір әскерде жүргендей, ұшақтың жанына барып, сап түзеп тұра қалды.
Леонид Ильич облыс басшыларымен қоштаса бастады. Ол, неге екені белгісіз, обкомның екінші хатшысы Василий Никонорович Загорскиймен амандаспай, бірден Еркін Әуелбековтің жанына барды да:
– Еркін Нұржанұлы, тамаша демалыс ұйымдастырғандарыңа рақмет. Ризамын. Жұмысыңа сәттілік тілеймін, алған бағытыңнан тайма! – деді.
Ерекең Леонид Брежневті шығарып салысымен жұмыс орнына келді. Кабинетке обкомның ауыл шаруашылығы саласын басқаратын хатшысы Евгений Михайлович Золотарев та ілесе кірді.
– Еркін Нұржанұлы, терең ойға шомып отырған сияқтысыз, мен сізге кедергі жасаған жоқпын ба? – деді сұраулы жүзбен.
– Евгений, мен Леонид Ильичтің Василий Никоноровичпен амандаспай өте шыққаны туралы ойланып отырмын.
– Еркін Нұржанұлы, оған басыңызды қатырып қайтесіз. Оның себебін білгіңіз келсе екінші хатшыңыз Загорскийден сұрасаңыз болады. Бәлкім, жауабын сол айтар. Ол сіздің қай ауданға баратыныңызды, қай жерде жүргеніңізді аңдып отырады. Сіз жоқ кезде ол демалып жатқан Леонид Ильичтің мазасын алумен болды. Менің ойымша ол “сарбазыңыз” Бурабайға сізді мадақтау үшін барды деп ойламаймын. Арғы жағын өзіңіз де сезіп отырған шығарсыз.
Золотаревті шығарып салысымен Ерекең өзіне тән тез шешім қабылдауға дағдыланған әдетімен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты байланыстыратын қызыл телефонға қол созды. Димекең де Әуелбековтің қоңырауын тосып отырғандай, Ерекеңнің дауысын бірден танып:
– Еркін, жағдайларың қалай? Леонид Ильичті шығарып салдыңдар ма? Көңіл күйі қалай екен, – деген мәтіндегі сұрақтарды жаудырта бастады.
– Көңіл күйі жақсы. Менің сізбен ақылдасатын бір шаруам бар еді.
– Тыңдап тұрмын, айта бер.
– Екінші хатшы Василий Никаноровичті басқа жұмысқа ауыстырсаңыз, ал олай болмаса мен жұмыстан кетемін.
Мән-жаймен танысқан Димекең сабырлы дауысымен:
– Еркін, Загорскийдің мәселесін ертең шешемін. Ол республикалық кәсіподақтар Кеңесіне хатшылыққа ауысады. Бұдан былай жұмыстан кетемін дегеніңді мен естімейін. Сен сияқты іскер де батыл обкомның бірінші хатшыларын дереу даярлап шығаратын менде инкубатор жоқ. Екінші хатшы болатын адамды өзің таңдай бер.
…Ерекеңнің есіне Солтүстік Қазақстан облысындағы “Марьевский” совхозы түсті. Сол кездегі басшылар Ерекеңнің Мәскеудегі Тимирязев академиясын қызыл дипломға тамамдағанынан хабардар еді. Арада көп уақыт өтпестен оны шаруашылықтың бас агрономы етіп тағайындады. Ал егін орағы кезінде совхоздың директоры басқа жұмысқа ауысып кетуіне байланысты аудан басшылығы Еркін Нұржанұлына директордың міндетін қоса атқаруды тапсырды. Дәл сол кезде Ерекең бар-жоғы 25 жаста болатын. Ол бірден шаруашылық жұмысына қызу араласып, өзінің білімі мен біліктілігін көпшілікке таныта білді. Егін орағы табысты аяқталып, шаруашылық жұмысын қорытындылаған облыс және аудан басшылары Еркін Әуелбековті совхоз директоры етіп бекітті.
Директорлық қызметке кірісісімен Ерекең халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуды қолға алды. Тың игеру жылдары жаңа салынған үйлер сол кезде одақтас республикалардан келген басқа ұлт өкілдеріне бірінші кезекте беріліп, өзіміздің қазақтар шетқақпай қалатын. Сол жағдайды байқаған Ерекең, ауылдастарымен ақылдаса келе асарлық әдіске көпшілікті жұмылдыра білді. Бүкіл ауыл болып, сенбі, жексенбідегі бос уақыттарын үй тұрғызуға арнап, лай илеп, саман құйған жігіттерге бас болып жүрген соң, қалған жұрт та тыс қалмай, ұйымшылдықтың арқасында бір маусымда баспаналарын жақсартып алды.
Еркін Әуелбековтің лауазымының тез өсуі аға ұрпақ өкілдерінің көз алдында. Оған бірден бір себеп, Еркін Нұржанұлының өзі жетекшілік ететін совхоз тұрғындарының әлеуметтік тұрмыстарын көтере білуі, өнім өндірудің қосымша көздерін іздестіріп, еңбек адамдарының күш-жігерлерін сондай ұрымтал тұстарға жұмылдыра білуінде еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ұйымдастыру қабілеті бар, қай қызметте болсын өзін жақсы қырынан көрсете білген адамдардың жолдары әрдайым ашық болатын. Ерекең Солтүстік Қазақстан облысында қызмет атқарған қысқа уақытта өзін сондай қырынан көрсете білді. Болмысындағы алғыр мінез де, жан-жақты іскерлік те, өжеттілік пен ерлік те, міне, осы тұста жас Еркіннің азаматтық тұлғасын ерекшелендіре түсті.
Бар-жоғы сегіз жылға жетер-жетпес уақытта Ерекең осы облыстағы лауазымды қызметтердің бәрін жемісті атқарып шықты. 1961 жылы ол Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, содан соң Ерекең облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына жоғарылатылды, көп ұзамай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып бекітілді. Осыншама лауазымды қызметтерді мінсіз атқарып, салиқалы қалпынан айнымайтын Ерекеңнің тұлғасынан парасат пайымы және байыпты іскерлігі сезіліп тұратын. Облыс жұртшылығы да Еркін Әуелбековті осындай қырынан тани білді. Еркін Нұржанұлының басшылықтағы табандылығы мен дарындылығы, адамдармен тез тіл табысып, оларды ортақ іске жұмылдыра білетін іскерлігі республика басшылығына да жетті. Орда бұзатын отыз жасқа жаңа толған Еркін Әуелбеков сол жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Мәсімхан Бейсебаевтың ұсынысымен Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осындай жауапкершілігі зор республикалық көлемдегі қызметті атқаруға Еркін Нұржанұлы тас түйін дайын еді. Өзіне де, басқаларға да қатаң талап қоя білетін Әуелбеков бұл жұмысты үйіріп әкетті.
Тың игеру жылдары, әсіресе солтүстік облыстардағы кадр саясатының өрескел бұрмалануы, келімсектердің лауазымды қызметтерге оңды-солды жаппай тағайындалуы кезінде, оның тегеурінді іс-әрекеті мен азаматтық жігер таныта білуі екінің бірінің қолынан келе бермейтін батылдық болатын. Өзінің бастығы министр Моторикамен иық қағыстыра жүріп, Ер-аға қиқар мінезді министрді өз дегеніне көндіре білді. Оның бір дәлелі министр еңбек демалысына кеткен кезде, міндетін атқара жүріп, министрліктегі жетекші екі басқарманың басшылығына қазақ кадрларын тағайындады. Әуелбековтің бұл батыл қадамы кезінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумына төраға болып сайланған Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің аппаратқа бірден сегіз қазақ маманын қабылдауын қайталау еді. Ж. Тәшенев пен Е.Әуелбековтің қазақ мамандарына осылайша жоғары лауазымға жол ашу әрекеті сол жылдары министр және облыстарды басқарып отырған қазақ басшыларын ойландырса керекті. Алайда олардың дені осындай батыл қадамға бара алмады.
Еркін Әуелбековтің кадр саясатына батыл араласуы министр Моторикаға ұнай қойған жоқ. Ашық тартысқа бармаса да араларына бір сызаттың түскені байқалып тұрды. Е.Әуелбеков теориялық үздік білімін санаулы жылдарда озат тәжірибемен ұштастырып, іс жүзінде реформатор екенін дәлелдеп үлгерді. Қай жерде жүрсе де, қандай басшылық қызметте болса да әкесі Нұржанның өсиет етіп айтып кеткен: “Балам, қолыңда билік бола қалса, қарапайым адамдарға қамқоршы бола біл, ұлтыңның намысын ешкімге таптатпайтын бол”, – деген нақылын ешқашан естен шығармайтын. Министр Моторика қазақ мамандарына менсінбей қарайтын. Әйтсе де ол Еркін Нұржанұлының білімпаздығы мен қиыннан қиыстырып сөйлейтін шешендігінен сескенетін еді. Сондықтан ол Д.А. Қонаевпен кездескен сайын Әуелбековке қамқоршы болғансып, оны қызметте өсіру керек екендігін жиі-жиі айтып жүретін. Екі басшының арасындағы тартыстың тамыр жаюын қаламаған Дінмұхамед Ахметұлы болашағынан үлкен үміт күттіретін Еркін Әуелбековті Моторикаға жығып бермей, оны Қазақ КСР-і Астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі етіп жоғарылатып жіберді.
Тың игеру жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі зор қарқынмен дами бастады. Осыған орай Ресей мен басқа республикалардан елімізге ағылған кадрларда есеп болмады. Алайда солтүстік облыстардағы жағдай сын көтермейтін халге жетті. Мұндай келеңсіз көрініс сол жылдардағы республиканың бірінші басшысы Д.Қонаевтың назарынан тыс қалмады. Көкшетау облыстық партия комитетіне бірінші басшыны тағайындау кезінде, Дінмұхамед Ахметұлы жас та болса басшылық қызметтің түрлі сатысында ысылып үлгерген Әуелбековке ұсыныс жасады. Ұзақ жылдардан бері Көкшетау облысында бірінші басшының басқа ұлттан болуына байланысты, жергілікті кадрлардың үнемі назардан тыс қалатынын, жас қазақ мамандарын өсіріп, шаруашылықтың түрлі салаларына орналастыру керектігін, оларға қолдан келгенше жағдай жасау қажеттілігін ескертті. Шынында, Е.Әуелбеков осы облысқа келгенше Көкшетауда лауазымды қызметтегі қазақ кадрларының үлес салмағы жоқтың қасы еді.
Бірінші басшылық қызметте жүріп Еркін Нұржанұлы облыстың экономикасы мен ауыл шаруашылығын республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың қатарына қосты, ұлттық кадрлардың білім алып, қызметтерінің өсуіне үнемі қамқорлық танытып отырды. Диқандар арасынан үздік жетістіктерге жеткен қазақ жігіттерінің Социалистік Еңбек Ері атағын алуларына жағдай жасады.
Ер-ағаның осындай адал еңбегін облысқа демалуға ара-тұра келетін Леонид Ильич Брежнев те, республиканы ұзақ жылдар басқарған Д.Қонаев та байқады. Қырық беске келген шағында Еркін Әуелбековке ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осындай жаста мұндай атаққа республикадағы обком хатшыларының бірде-бірі жетпеген еді.
Халқымыз “әркімнің өзі шығар биігі бар” деп бекер айтпаған. Бұл нақылдың Әуелбековке тікелей қатысты екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Ерекеңе Еңбек Ері атағы берілісімен, әсіресе Алматыда оның артынан пыш-пыш сөз айтушылар көбейді. Қазақтың “жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер” дегені шындыққа айналды.
Қонаев төңірегінде жүргендер жай сөйлеп емес, шайқап сөйлей бастады, “елуге жетпей Еңбек Ері атағын алған Әуелбеков, енді бір екі жылдан соң екінші жұлдыз алса, өзіңді тағыңнан кетіреді” дегенді Димекеңе жеткізуге асықты, соған бар күштері мен қулық-сұмдықтарын салып бақты. Ақыры сөз тасушылар өз ойлағандарына жетті.
Әуелбеков алдымен артта қалған Торғай облысын көтеруге жіберілсе, екі жыл толар-толмастан соң “Қызылорда облысының экономикасы мен әлеуметтік саласын көтеру үшін” деген ұсыныспен Сыр өңіріне аттандырылды. Қиындықтан қаймықпайтын Әуелбековтің жігерін мұндай “тағайындау” жасыта алмады. Ол екі облыстың да қордаланған проблемаларын шешудің жолдарын тауып, бүкіл республикаға жария етті.
Қазақстан Компартиясы ХVI съезінде сөйлеген сөзінде Әуелбеков Қызылорда облысының не себепті үнемі артта қалып келгенін, оған республика басшылығы тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбегенін, халқының басым бөлігін қазақтар құрайтын аймаққа ерекше назар аудару қажеттігін ашына жеткізді.
Әуелбековті білетіндердің айтуынша, Еркін Нұржанұлы парасатты, адал азамат, алғыр тұлға. Оның өнегелі өмірі, намысшыл азаматтық бейнесі ел жадында ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз.
Мейрам БАЙҒАЗИН,
Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі.