Жылдағы дәстүрмен биыл да Наурыз тойында өңіріміздің өрен айтыскерлері Н. Погодин атындағы облыстық орыс-драма театрының сахнасын сәнге де, әнге де бөлеп, жыр шумақтарын төгілтті.
Ауыз толтырып айтарлықтай ақындарымыз барына көзіміз жетті. Аз да емес, көп те емес, он ақын бес жұп болып, айтыстың көрігін қыздыруға қадери-халінше бар өнерлерін салды. “Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай көсілер” демекші, айтыстың әлқиссасын бастаған Аманжол Зағыпар (Тайынша) мен Амангелді Оқас (Уәлиханов) қазылардың көңілінен шығарлық дәрмен таныта алмады. Жеті төреші ең жоғары баға бергенде жетпіс ұпай алуға болар еді. Тақырып – Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл деп айдарланғандықтан, жырдың арқауы сол болуы керек еді. Алайда, ақындар екеуінің Моңғолиядан келгендіктерін және бір ауылда туған оралман екендіктерін айғақтап, айтыс өрісіне аса тереңдей қоймады.
Ақжар ауданының намысын қорғаған Нұрболат Шәкірман да аса көсіліп кетпеді. Бұл – оның айтысқа тұңғыш қатысуы. Соның салдарынан болар, қарсыласы Санжар Сабыр да (Мамлют) кібіртіктеп, шоқырақтап қалып отырды. Соңғы кездері ұтқыр ойымен, өткір тілімен риза қылып жүрген оның әлсіздігін Нұрболаттың әлеуетінің төмендігінен болар деп ой түйдік.
Есесіне, Құрмет Құралхан (Қызылжар) мен Екпін Советхан (Ғ. Мүсірепов атындағы аудан), Қуаныш Оспанов (Аққайың) пен Жұмабек Рахимов (Есіл) құлаштарын сермеп, қанаттарын керіп, тыңдарманның айызын қандырып айтысты. Әсіресе, Жұмабектің биылғы даярлығы көңілімізден шықты. Соған орай 64 ұпай алып, қарсыласынан мерейін асырды. Қуаныш та осал көрінбеді. Мақамы анық, абдырамай, әдемі әнін де әуелетті.
Бірінші лектегі ең тартымды айтыс – Жарқын Жұпархан (Шал ақын) мен Мұхаммед Қоңқаевтың (Айыртау) сөзсайысы. Екеуі көмбеге қатар жетті: ең жоғары – 67 ұпайды еншіледі.
Өткір өлең, орынды қалжың, қағытпа жолдар – осы екеуінің олжасы. Жарқынмен айтысатындар үнемі “Толықсың”, “Семізсің” дейтіндеріне әбден еті үйреніп алған екен, өзін Алаштың айбынды батырлары “Бөгенбай мен Қабанбайға тартқанмын ғой” дей отырып, орынды жауаппен жас Мұхаммедті тым әріге жібермей қойды. Ақыры, інісіне үстіндегі шапанын шешіп беріп, мәрттік жасады.
Келесі кезекте Қуаныш – Жарқын және Жұмабек – Мұхаммед жыр бұлағын сапырды. Ақтық айтыста Жарқын мен Мұхаммед қайта өлең салыстырды. Бұл жолы қазылар екеуіне залдан жеребе арқылы тақырып беріп, күш-пәрмендерін тағы да тезге салып көрді. Бір ұпай басымдықпен Ж. Жұпархан бас жүлдені еншіледі. М. Қоңқаев – бірінші, Ж. Рахимов – екінші, Қ. Оспанов үшінші жүлделерді иеленді.
Осы айтысты түйіндей келгенде айтарымыз, жүлдегерлер мерейге кездейсоқ бөленген жоқ. Мысалы, Жарқын дүбірлі додаларда өңір намысын лайықты қорғай алатын өнерін айғақтады. Сондай-ақ, жас Мұхаммед те үмітімізді ақтайтындай қабілетін танытты.
Өткен жылдардағы айтыстарда оза шауып, бәйге алып жүретін Құрмет осы жолы сәл бәсең көрінді. Дегенмен де, оның Қызылжар ауданына көшіп келіп, түпкілікті орныққаны қуантты.
Сөзсайысты төрешілердің төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов түйіндеп, ақындарға игі тілегін арнады.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
қазылар алқасының мүшесі.