Елімізде жол-көлік оқиғасы азаймай тұр. Сәт сайын күрежолдағы жүгенсіздік салдарынан талай тағдырдың талқандалып жатқаны жайында жайсыз хабар естіліп жатады. Соның салдарынан бір отбасы асыраушысынан айырылса, енді бірінің жан дегендегі жалғызы ажал құшып, қара жамылып қалуда. Өрімдей балалардың өмірін жалмап жатқан оқиғалар қаншама? Жан түршігерлік жағдайға алып келетін жол апатының статистикалық мәліметіне көз жүгіртсеңіз, көңіл құлазиды.
Облыстық полиция департаментінің дерегінше, биылғы сегіз айда облыста 362 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті, салдарынан 28 адам қайтыс болып, 488-і ауыр жарақат алған. «Биыл облыста жол-көлік оқиғалары былтырғымен салыстырғанда 33 пайызға артты. Маусым, шілде айларында осы мәселеге қатысты фактілердің азайғаны аңғарылған еді. Қыркүйек айында тіркелген жан ауыртар деректер бізді ғана емес қарапайым халықты да алаңдатып отыр. Жауапты мамандар тарапынан түрлі алдын алу шаралары қабылданғанымен, олардың барлығы нәтиже берер емес», – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әдемау Меңдібаева.
Ведомство өкілі атап өткендей, қыркүйек айындағы фактілерді сөйлетсек жүрек ауырады. Қыркүйектің алғашқы жұлдызында Челябі-Новосібір тас жолындағы «Добрый путь» асханасының жанында «Shevrolet», «Mazda», «Lexus» автокөліктері соқтығысқан. Екі адам оқиға орнында көз жұмып, бесеуі ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. 6-шы қыркүйек күні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шақпақ ауылы маңында (Есіл-Чистополье тас жолында) «Chevrolet Cobalt» және «Toyota Camry» автокөліктері соқтығысып, 41 жастағы полиция майоры Владимир Синицын мен 27 жасар аға лейтенант Дәулетхан Қазыханның көз жұмғанын күйзеле хабарлаған едік. 8-ші қыркүйекте Шал ақын ауданының маңында (Жезқазған-Петропавл тас жолында) «Audi» автокөлігі аударылып, 41 жастағы жолаушы қайтыс болды, жүргізуші дене жарақатымен ауруханаға жатқызылған.
«Жол-көлік оқиғаларының жиілеуінің себеп-салдарын анықтау мақсатында 10-шы қыркүйекте тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері профилактикалық іс-шара өткізді. Көлік жүргізушілерінің рөлде отырып ұйықтап қалмауын, қауіпсіздік шараларын мұқият сақтауын түсіндіріп, олардың қан қысымдарын өлшеп, медициналық көмек көрсетті», – дейді Әдемау Меңдібаева.
Жол-көлік оқиғасының көбею деректері барлық облысқа тән. Елімізде қара жолдың үстінде орын алатын қаралы хабарлар саны өткен жылмен салыстырғанда биыл 51 пайызға өсіп, өлім-жетім екі есеге ұлғайған. Ішкі істер министрлігінің өкілі Қайсар Сұлтанбаев жуырда елордада өткен брифингте үстіміздегі жылдың жеті айындағы көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, есепті кезеңде елде 19100 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 26100 адам зардап шеккен. Қайтыс болған 1200 адамның 176-сы бала. Қазақстанның барлық өңірінде жағдай мәз емес. Жол апаттары Ақтөбеде 3, Атырауда 2,5, Қызылордада 94, пайызға өскен. Елімізде орын алған жол-көлік оқиғаларының әрбір бесіншісі Алматыда болады екен.
«Бұл фәниде қашанда өмір қымбат», – деп ақын жырға қосқандай, осынау құндылықтың әрқайсысымызға бір рет қана берілетінін қара жолдың үстінде көлік тізгіндеп келе жатқан жүргізуші де, жолаушы да жақсы біледі. Статистикалық деректер жол апаттарының көп жағдайда жүргізушілердің жүгенсіздігінен орын алатынын дәйектеп отыр. Жылдамдық режімін асыруға құштар, жаяу жүргіншілер өткелінен зу етіп өте шығатын жүргізушілерге ақын Күләш Ахметованың өлеңіндегі: «Төзім құрып қалған ба, тағат тозып, осы біздер қай жаққа асығамыз?» деген өлеңмен өрілген сауалды төтесінен қойғың келеді.
Жалпы мамандардың айтуынша, бұл мәселенің бірнеше себебі бар. Оның алғашқысы «темір тұлпар» тізгіндегендердің жауапкершілігіне тікелей байланысты. «Кез келген жүргізуші көлік рөліне отырғанда жанында отырған, көшеде кезіккен адамдардың тағдыры үшін алаңдауы тиіс. Адамның өмірі ойыншық емес. Жол қателікті кешірмейді. Жүргізуші «жолда асықпау керек» деген ұстанымды басшылыққа алса дейсің», – дейді 50 жыл көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген Петропавл қаласының тұрғыны Ардақ Бекдәулетов.
Жол-көлік апатының мұншалықты көп болуына жол сапасының нашарлығы да әсер етуде. Шыны керек, облыс орталығына жақын орналасқан аудандарды айтпағанда, шалғайда жатқан ауылдарға баратын күре жолдардың сапасы сын көтермейді. Заманауи тас жолы бар ауылдардың саны аз. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сай, Қазақстан жол сапасы жөнінен әлемде 108-ші орында тұр. Әрине, жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы сатыға жайғасқан Ұлы даланың түкпір-түкпіріне заманауи талаптарға сай жол салу қиын екені түсінікті. Дегенмен күре жолдарды күрделі жөндеу толастамауы тиіс. Өңірде бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылып жатқанымен, олардың барлығы бірдей сапалы орындалуда деп айта алмаймыз. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы облыстық филиалы мамандарының дерегінше, жыл басынан бері тексерілген 128 жол нысанынан 259 ақау табылған.
Полиция қызметкерлері жол апатының 68 пайызы жылдамдықты шектен тыс арттырудан дейді. «Темір тұлпар» тізгінін ұстаған екі жүргізушінің бірі жоғары жылдамдықпен жүреді екен. Сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүрген жүргізуші кез келген жағдайда, тіпті қарсы алдынан жаяу жолаушы жүгіріп шықса да, тежегішті басып үлгереді. Адамды қаққан күннің өзінде соққы өлімге алып келмейді. Ал сағатына 80, 100, 120 километр жылдамдықпен жүретін автокөлік қоғамға өте қауіпті.
Қара жолда қыршынынан қиылып жатқан тағдырлардың көбеюі ақхалаттыларды да алаңдатуда. Дәрігерлер бұл мәселенің бір ұшын көлік жүргізушілерінің шаршауды басады деген оймен энергетикалық сусынды жиі тұтынуымен байланыстырады. «Адамның жүрек соғысын жиілететін мұндай сусындар денсаулыққа өте зиян. Жүректің қатты соғуы ми жұмысына да әсер етеді. Ми алғашқы екі сағатта қандай өзгеріс болып жатқанын қабылдай алмай, ағзаға «жылдамдық режімін іске қос» деп тапсырма беруі мүмкін», – дейді терапевт-дәрігер Айдын Бектасов.
Жол-көлік оқиғалары тек адам өмірі мен қоғам тыныштығына қауіп төндіріп қана қоймай, мемлекеттің имиджіне де кері әсер етеді. Өйткені туристер үшін саяхаттайтын мекеннің қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан халықаралық қауымдастықтар жол апаты төңірегінде түрлі зерттеулер жүргізіп отырады. Мысалы, БҰҰ мәліметтеріне зер салсақ, жыл сайын әлемде 1,3 миллионға жуық адам жол апатынан қаза табады. Оқыс оқиға салдарынан қапияда өлім құшқандардың әрбір төртіншісі жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер. Өміріне қауіп төнгендердің орташа жасы 5-тен 29-ға дейін.
Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу жағдайы Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп. «The World Bank»-тың деректері бойынша, Қазақстанда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 23,8-ді құрайды. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш төмен. Ұлыбританияда 2,9 адам, Германияда 4,2, Францияда 5,1, Нидерландыда 3,1, Швецияда 2,9, Норвегияда 2, Швецияда 2,5, Швейцарияда 2,7 адамды құрайды.
Тағы бір айта кететін жайт, көшеде «бұғанасы қатпаған» жастардың көлік тізгіндеп келе жатқанын жиі көреміз. Қандай көлік дейсіз ғой. Екінің бірі, егіздің сыңарының уысына түсе бермейтін қымбат «темір тұлпарлар». Олардың барлығының дерлік иелері жол ережесін бес саусақтай білсе жақсы. Білмесе ше? Осы ретте автокөлік жүргізуге рұқсат беретін құжаттың сатылатыны туралы ақпараттың құлағы қылтияды. Бұл жайтты құжатты беруге жауапты мекеме де, облыстық полиция департаменті де жоққа шығарды.
ТҮЙІН: Айдың-күннің аманында жол апатынан қаза тапқандардың көптігі ешкімді бейжай қалдырмауы тиіс. Жол ережесін сақтамай, жоғары жылдамдықпен жүйткігендер азаймайынша, жол бойындағы апаттың азаюы екіталай. Қоғамда жол-көлік оқиғасын, тіпті, адам шығынын тудыруы мүмкін кішігірім құқық бұзушылықтарға толық төзбеушілікті қалыптастырудың да уақыты әлдеқашан жеткен. Көлік жүргізу мәдениетіне де көңіл бөлінсе игі. Сонда ғана қара жолда үзілген тағдырлар саны азаяр, бәлкім!
Перизат ӘМІР,
«Soltüstık Qazaqstan».