Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісік диагнозымен 600-ге жуық бала тіркеледі. Бұл – құрғақ статистика ғана емес, жүздеген отбасының үміті мен үрейі, күресі мен көз жасы. Қатерлі ісікпен күресте ең басты қару – уақыт. Уақытылы қойылған диагноз, дер кезінде басталған ем баланың өмірін сақтайды.
Әлтайырдың арманы – тәуір болу
Екі жыл бұрын Петропавлдың кішкентай тұрғыны Әлтайыр Еркебұланға «лейкоз» диагнозы қойылды. Баланың анасы Меруерттің айтуынша, бәрі ангинадан басталған. Тамағын емдегеннен кейін де қызуы түспей, кейін денесі көгеріп, қызыл дақтар пайда бола бастаған. Дәрігерлер балаға қанның қатерлі ісігі диагнозын қойды.
– Біз 2023 жылдың соңында дерт туралы білдік. Бірден «Ана мен бала» орталығына жатқызылып, ем қабылдадық. Бір жыл үш ай толық курстан өтіп, 2025 жылы 2 ақпанда ауруды жеңіп шықтық. Үйге оралғаннан кейін екі айдан кейін рецидив болды. Аталық безі бұралып, сол рецидивке себеп болған. Екінші аталық безінен биопсия алды, Астана дәрігерлері ол жерде клетка бар деп шешіп, оны да алып тастаймыз деді. Біз оған қарсы болдық, барлық құжаттарды Қытайға жібердік. Ондағы мамандар көмектесе алатындықтарын айтты, – дейді Меруерт Тәліпова.
Бірақ қытайлық мамандар емдеу құны 130 млн. теңге екенін айтқан. САРТ-терапия – заманауи тәсіл, нәтижесінде науқастың өз иммундық жасушалары зертханада өзгертіліп, рак жасушаларын танитындай етіп қайта ағзаға енгізіледі. Бұл әдіс кейбір «лейкоз» және «лимфома» түрлерін емдеуде қолданылады.
Баласының өміріне алаңдаған ата-ана жұрттан жылу жинауға кірісті. Баланың әкесі Данияр жұрттың назарын аудару үшін, велосипедпен Астанаға сапар шекті.
– Виза күткен уақытта лимфа түйіндерінде ісіктер пайда болды. Қазір Қытайдамыз, химия терапия, гормон алып жатырмыз. Бірақ алдындағы сомадан асып кетті. Қазір 170 млн.теңге керек деп отыр. Сол себепті қазір қайта ақша жинап жатырмыз. Әлеуметтік желіде altayr_help деген парақша да ашып қойдық. Қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсы. Ісіктері кішірейіп, аздап тамақ іше бастады. Кеше Гуанчжоу қаласына барып, ПЭТ-МРТ түстік, нәтижесін күтіп жүрміз, – дейді Әлтайырдың анасы Меруерт Тәліпова телефон арқылы.
Заманауи әдістер үміт сыйлайды
Елімізде жыл сайын жүздеген бала осы дертке шалдығып, ұзақ уақыт ем-дом жасатады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биылғы жарты жылда 280 бала онкологиялық есепке алынған. Балалар арасында ең көп кездесетіні – жедел лейкоз, екінші орында орталық жүйке жүйесінің ісіктері, үшінші орында лимфомалар және одан кейін нейробластомалар және жұмсақ тін саркомалары тұр.
– Елімізде соңғы 10 жылда балалардың қатерлі ісікпен сырқаттану деңгейі тұрақты және бұл көрсеткіш әлемдік көрсеткіштерден төмен. Балалар онкологиясының ең жоғары үлесі Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында тіркелген, – дейді Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 6 ай ішінде республикалық медициналық ұйымдарда барлығы 2535 бала емделді. Балалардағы онкогематологиялық патология бойынша 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 70 пайызға жетті, бұл әлемдік стандарттарға сәйкес келеді.
– Заманауи орталықтардың құрылуы, шетелде емдеуге тәуелділіктің азаюы, жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігі стратегиялық міндеттің орындалуын қамтамасыз етеді, өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығын сақтау және онкогематологиялық аурулары бар балалардың өмір сүру сапасын жақсартады, – дейді Гүлнар Сәрсенбаева.
Онкологиялық дерттен сауығу көрсеткіші бес жылдық өмір сүру үлесімен есептеледі. Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры Диляра Қайдарованың айтуынша, бірер жыл бұрын бұл көрсеткіш ел бойынша 30 пайыз ғана болса, қазір 57 пайызға жеткен.
Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанда қатерлі ісікпен күресте бірқатар заманауи технологиялар енгізілді. Олар – жоғары сапалы ПЭТ-КТ, МРТ, молекулярлық-генетикалық тестілеу, таргеттік және иммунотерапия, соңғы буындағы желілік үдеткіштер.
– Еліміздегі жетекші онкоорталықтар NCCN (АҚШ) және ESMO (Еуропа) халықаралық хаттамалары бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар медицина кадрларын даярлау деңгейі де халықаралық бағдарламалар арқылы едәуір жақсарды. Қазіргі уақытта молекулалық онкология, қатерлі ісіктің эпидемиологиясы, биомаркерлерді зерттеу, диагностикада жасанды интеллектіні қолдану бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ерте диагностика, персоналды ем, онкорегистр мен биобанктерді дамыту және халықаралық клиникалық зерттеулерге қатысу – басым бағыттардың бірі болып қала береді, – дейді Диляра Қайдарова.
Қатерлі ісік неліктен жасарды?
Жастар арасында онкологиялық аурулардың өсуі өмір салтының өзгеруімен тікелей байланысты. Оның ішінде дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, семіздік, зиянды әдеттер, созылмалы стресс бар. Сондай-ақ экологиялық және генетикалық факторлар да әсер етеді.
– Еліміздегі маңызды профилактикалық шара – адам папилломасы вирусына қарсы екпе жасау. Бұл жатыр мойны обырының алдын алады. Сонымен қатар саламатты өмір салтын насихаттау, темекі мен алкогольден бас тарту, дұрыс тамақтану және тұрақты профилактикалық тексерулерден өту керек, – дейді Диляра Қайдарова.
Ғалымның пікірінше, қазақстандық сырқаттардың шетелде ем іздеуіне көп жағдайда сенімсіздік, «екінші пікір» алуға ұмтылыс, индивидуалды ем тәсілін іздеу, клиникалық зерттеулерге қатысу мүмкіндігі себеп немесе кейбір дәрі-дәрмектердің Қазақстанда болмауымен байланысты.
Дегенмен қатерлі ісік – бұл үкім емес. Ерте анықталса, толық айығу мүмкіндігі өте жоғары, әсіресе балалар арасында.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».