Тамыры тереңге жайылған Наурыз мейрамы облыс орталығындағы Бензострой шағынауданында орналасқан “Снежинка” бөбекжай-балабақшасында да ауқымды түрде аталып өтілді.
Наурыз тақырыбына үйлестірілген ертеңгілікке балабақша ұжымы, ата-аналар және тәрбиеленушілер қатысты. Ұйымдастырушылар таза ауада киіз үй құрып, дастарқан жайып, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындады. Әсем әннен шашу шашқан өнерлі өрендер мерекенің ажарын ашып, қонақтарға көктемдей көңіл күй сыйлады. Далада басталған мереке балабақшаның ішінде де жалғасып, әр топ өз өнерлерін ортаға салды. Бұл күні балалар келген қонақтарға наурызкөже ұсынып, ұлттық ойындар, сахналық көріністер көрсетті. Мерекелі ертеңгілікте “Наурыз – жыл басы” тақырыбына арналған балалар суреттерінің көрмесі, түрлі спорт жарыстары өткізілді. Мереке барысында балабақша меңгерушісі Мәдина Жүсіпова әр топтағы тәрбиеленушілерге және педагогтерге мейрамның жақсы деңгейде өтуіне атсалысқандары үшін ризашылығын білдірді.
Гүлзира НҰРЖАНОВА,
“Снежинка” бөбекжай-балабақшасының
қазақ тілі мұғалімі.