М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысы өтті. Жиынға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов төрағалық етті.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру тапсырмасы аясында ұйымдастырылды. Кеңейтілген форматта өткен отырысқа құқық қорғау және атқарушы органдардың басшыларымен бірге қоғам өкілдері, сарапшылар, екінші деңгейлі банктердің, білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Ашық пікір алмасу алаңына айналған кездесуде құқық бұзушылықтың өзекті мәселелері мен оларды шешудің тиімді жолдары қаралды. Іс-шараның университетте өткізілуі кездейсоқ емес – мемлекет жастар арасында құқықтық сананы қалыптастыруға және оларды жағымсыз әрекеттерден қорғауға ерекше көңіл бөліп келеді.
Отырыста қаралған негізгі мәселелердің бірі – қаржы пирамидалары, интернет-алаяқтық және заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл. Бұл бағытта халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігі баса айтылды. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктермен тығыз ынтымақтастық орнатып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, алдын алу шараларын цифрлық кеңістікте кеңінен тарату тапсырылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Петропавл қаласындағы қылмыстық ахуал. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылық деңгейін төмендету жолында нақты тапсырмалар берілді. Облыс әкімі бұл іске мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдарды белсенді тарту қажеттігін айтты.
Сарапшылар тарапынан бірқатар ұсыныстар да айтылды. Әсіресе ойын-сауық орындарында тәртіпті қадағалауды күшейту, жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, ауылдық жерлерде «Саламатты ауыл» жобасын кеңейту, есірткі саудасына қарсы күресті жүйелі түрде жүргізу және мектептер мен жоғары оқу орындарында профилактикалық жұмысты жандандыру қажеттігі атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына, жергілікті атқарушы билікке және мүдделі ұйымдарға нақты міндеттер жүктелді. Аймақ басшысы құқықтық мәдениетті қалыптастыруда қоғаммен ашық әрі тиімді жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Комиссия жұмысы өңір тұрғындары үшін қауіпсіз әрі тұрақты орта құруға бағытталмақ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».