«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰРПАҚҚА ПАЙДАЛЫ ОЙЫН

Бүгінгі таңда ата-бабаларымыздан жалғасқан игі дәстүрді көздің қарашығындай сақтап, оның тереңіне бойлай отырып, жастарды тәрбиелеу міндеті үйде – ата-аналарға, ата-әжелерге, түзде – балабақшадағы тәрбиешілер қауымына жауапты жүк ретінде артылады. Себебі, бауырмалдылықты, татулықты, жанашырлықты, бір-біріне қол ұшын созуды дәріптейтін ұлттық құндылықтардың негізінде қаймағы бұзылмас салмақты тәлім-тәрбиенің қайнар бұлағы жатқаны көпшілікке мәлім.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің бағдарламасында ұлттық ойындар кеңінен қолданылады. Өзім оған жиі сүйенуге тырысамын. Балғындардың да қызығушылығы жоғары екені байқалады. Әуелі ойын барысында балалардың сөздік қорын молайтуға, бір-бірімен араласуына баса мән беріледі. Бүлдіршіндердің сөйлеу қабілетін дамытып, тілін жаттықтыру үшін “Ұшты-ұшты”, “Ақсүйек”, “Түйілген орамал” іспетті ойындар ұйымдастырылады. Олардың белсенділігі артып, бір-бірімен тіл табысуы жақсара түскенін мойындау керек. Сонымен қатар, балалар арасында ұйымшылдық қалыптасып, бір-біріне жәрдемдесу, жанашырлық таныту, жұдырықтай жұмылу қасиеттері бой көрсетеді. Ал ойынды екінші мәрте ұйымдастырғанда ережелер мен талаптарды бұзбайтындардың қатары артқаны аңғарылады. Бұл есте сақтау қабілеті де нығаятынын дәлелдейді.  

Баланы жан-жақты дамытуда, ой-өрісін кеңейтуде, денсаулығын нығайтуда ойындардың септігі мол. Олардың мінез-құлқын қалыптастыруда да оның рөлі аса жоғары екені анық. Тәжірибе көрсеткендей, бұл тәлім-тәрбиенің маңызды және мәнді құралы, оның өміршеңдігі ешуақытта жоғалмайды.

Ғалымдардың пайымынша, ұлттық ойындардың түрлері шамамен 100-ден асып жығылады. Олардың арасында қилы бағыттарды қамтитындары бар. Мәселен, спорттық және ақыл-ойды дамытуға арналған деп те бөлінеді. “Қыз қуу”, “Көкпар”, “Ақсүйек”, “Арқан тарту”, “Жамбы ату” алғашқысына жатқызылса, ал “Асық ату”, “Ұшты-ұшты”, “Түйілген орамал”, “Бес саусақ” ойындары бүлдіршіндердің сана-сезімін қалыптастырып, ой-өрісті кеңейте түседі. Бір топта жұмыс істеу дағдысы да ұялайтыны белгілі. Бұл ретте ұлттық асық ойынының мәні мен маңыздылығы ерекше екені даусыз. Оның тереңінде үлкен халықтық тәрбие барына темірдей тәртіпті ұстанған Бауыржан Момышұлы да назар аударған. Сондықтан өскелең ұрпақты тәрбиелеуде асықты тасада қалдырмаған ләзім. Біріншіден, оның денсаулыққа пайдасы орасан. Ойын кезінде баланың барлық бұлшық еттері қимылдайды, қол буындарының икемділігі артады. Екіншіден, мидың жұмысын, жалпы жүйке жүйесін жақсартатын қасиет те асыққа тән. Оның арқасында тәрбиеленушілерге санауды да үйретуге болады. Қатар тізілген асықтарды есептеу көмегімен баланың есепке жүйріктігі қалыптаса бастайды.

Гүлнәр МҰСТАФИНА,

“Ақ көгершін” бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp