Бала жасынан заңгер болуды армандаған Динара жоғары құқықтық білім алып, тәжірибелі ортада қызмет етуді қалайды. Қадағалау органында қызмет ету арқылы құқықтық сауатын арттырып, біліктілігін жетілдіре түскісі келген жас маманның таңдауы бірден прокуратура органына түседі.
Аудандық прокуратурада басталған еңбек жолы жеңіл болды деуге келмейді. Жауапкершілігі мол жұмыста қадағалаудың барлық салаларын толық қамтамасыз ету керек болатын. Жас маманға керегі де осы еді. Азаматтық, әкімшілік істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалап, сотта айыптау қызметін атқару Динара үшін тәжірибе жинаудың таптырмас амалы болды.
Жаңа заңнамалардың жобалары талқыланып, елдегі құқықтық реформа өзгере бастаған уақыт Динара Хамитқызының оқыту орталығының жетекшісі қызметін атқарып жүрген кезімен тұспа-тұс келді. Төрт Кодексті бүге-шігесіне дейін зерттеп, өзгерістер мен толықтыруларды салыстыра отыра, прокуратура қызметкерлеріне қылмыстық және әкімшілік іс жүргізудегі, қылмыстық атқару жүйесіндегі өзгерістерді түсінікті түрде жеткізу, оқыту семинарларын ұйымдастыру орталық жетекшісінің тікелей міндетіне кірді.
Маңызды кезең аяқталса да, Динара Найманованың жұмысындағы жүктеме азайған емес. “Алдағы мақсатым – жас прокурорларды оқыта отыра, өзімнің біліктілігімді де жетілдіре түсу. Ең бастысы, елдің құқық қорғау қызметін нығайтуға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, үлесімді қосқым келеді”, – дейді Динара Хамитқызы.
Думан ЕСПЕНБЕТОВ,
облыс прокурорының аға көмекшісі.