«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН

“Арт Строй” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ануар Валишин өңірімізде құрылыс саласын дамытуға еңбегі сіңген, есімі әлі күнге дейін құрметпен аталатын адам ретінде танымал. “Атадан ұл тумай ма, ата жолын қумай ма?” демекші, оның ұлы Ильгам болса, ұлағатты әкенің тәрбиесін көріп, іскер азамат болып қалыптасты.

Тоқсаныншы жылдардың өтпелі кезеңінде орын алған жағдай оның да есінде. Құрылыс жұмыстары тұралаған сол кезде әкесінің маза таппай жүргенін ол талай рет көрген. Бірақ өз ісіне берілген әкесі Ануар Гумарұлы дағдарыс екен деп дағдарып қалмады. Атқаратын жұмысының жүйесін, тетігін, түрлі жағдайларда қиындықтардан шығудың жолдарын білетін іскер маман қысылтаяң шақтан нарыққа бет түзеген заман көшіне бірге ілесіп шыға білді.

Әр нәрсені біліп өскен, қажет болатындарын іліп өскен Ануардың уақыт келе зейнет жасына шыққан әкесінің ізін жалғастыруы сол кісінің арқасы. Заман ағымына деген көзқарасың дұрыс болса, ұтарың да аз болмайды ғой. “Арт Строй” ЖШС-ін 2002 жылдан бері басқарып келе жатқан ол оны жақсы түсінеді. Істің көзін білетін кәсіпкер осы салаға соңғы кездері мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдаудың арқасында жұмыстары алға басып, шығаратын өнімдері сұранысқа ие болып жатқанына риза.

Өндірісі өрге басқан кәсіпорын негізінен кірпіш шығарумен айналысады. Бұл жерде қаламызда құрылыс жұмыстарына қажет өнім шығарумен жалғыз ғана осы аталған кәсіпорын айналыспайтындығын ескеру қажет. Ал мұндай жағдайда қандай да бір кәсіпорын шығаратын материалдар жоғары сапаға ие болса, соның асығы алшысынан түседі, өнім өндіру өрге басады. “Жақсы істің аяғы тыныс” демекші, жетістіктер биіктеген сайын, мүмкіндіктер барған сайын молая береді. Мұндайда қол жеткен табысты еңбек алдағы уақыттарға белгіленген іргелі істерді жалғастыруға мүмкіндік тудырады.

– Бұдан бірер жыл бұрын құмнан жасалатын блок шығаруды қолға алдық. Жаңа өнім шығарудағы бұл қадамымыз жаман болған жоқ. Бұл өнімге қызығушылық танытып, сатып алушылар қатары көбейе түсуде. Құмнан жасалған блок құрылыс жұмыстарын жүргізгенде бір жағынан өте өнімді болса, екінші жағынан экологиялық таза. Әрі жылулығы тиімді, ұзақ мерзімге сақталады. Беріктігімен ерекшеленетін керамзит блогын шығаруды қолға алғалы екі жыл болды. Оның да пайдаға асар өзіндік қасиеттері аз емес. Оларды шығаруға жұмсалатын құрылыс материалдарының сапалы өнім жасауға сай болуын ескереміз. Сары құмды, цементті, кварцты Көкшетаудан, керамзитті Түменнен алдыртамыз, – деді серіктестік директоры Ильгам Валишин.

Кәсіпорындағы цехтарды, қоймаларды аралай жүріп, серіктестік шығаратын басқа да құрылыс материалдарына көзіміз түсті. Бәрі орын-орындарына қаз-қатар тізіліп қойылған. Түрлі көлемдегі плиткалар, өрнектастар, ұстаханада жасалған әткеншектер, қақпалар, есіктер, гүл отырғызуға арналған құйылып және металдан жасалған ыдыстар, тағы басқалары бар. Оған қоса, серіктестік құрылысқа қажетті көптеген заттарды өздерінің қоймалары арқылы сатуды ұйымдастырады. Мәселен, бүгінгі күні жиі пайдаланылатын түрлі түсті қаңылтыр табаларды Теміртау қаласынан және Ресейден жеткізеді. Барлығы 300-ден астам құрылыс материалдары тұтынушыларға ұсынылады.

Ильгамның өмірінің мына бір сәті де тоқтала кетуге тұрарлық деуге болады. Ол серіктестік директоры қызметіне дейін “Солтүстік-Шығыс” деп аталатын орталыққа қарайтын, еліміз бойынша 18 аймақты біріктірген “Қазақстан Галлакер Компаниясы” фирмасында менеджер қызметін атқарған. Ай сайынғы табатын табысы да жақсы деуге болатын еді. Клиенттер үшін тренинг өткізу, оқыту, оған қоса, кеңес беру жұмыстарымен айналысқан. Болашағынан үміт күттіретін жасты бірде басшылары шақырып алып, жан-жақты дамыған, мықты елдердің қатарындағы Швейцарияның Женева қаласына ауысу жөнінде ұсыныс жасайды. Бірақ Ильгам келісімін бермейді. “Мен ол елге бара алмаймын. Себебі, Қазақстанның азаматымын. Туған қалам – Петропавлға оралып, туған-туысқандарымның жанында болып, қызмет еткенді қалаймын”, – деп қысқа жауап беріпті.

“Жақсыны көрмек үшін” деп те жай айтылмаған. Кәсіпорын директоры Ильгам Ануарұлы әңгіме барысында өздері бастама көтере ойластырып шығарған ұзақ мерзім жанатын жылыту қазандығын көрсетті. Ол кез келген қатты отынмен жанады. Оны жекеменшік үй иелері мен кәсіпорындар сатып алуда. Жұмыс істеу процесіне келсек, күз айында суық түсе тұтатылатын қазандықты көктем шыға бірақ сөндіруге болады. Өткен жылы осындай 60 қазандық сатылған. Үстіміздегі жылы да одан көп тапсырыс түседі деп күтілуде. Бағасы – 280 мың теңге. Пайдалану мерзімі – 20 жыл. Жылу реттегіш орнатылған қазандық компьютердің көмегімен жұмыс істейді.

Жақсы ісімен танылып жүрген серіктестік директоры Ильгам Валишиннің көздегені еңбегін ел кәдесіне жарата беру. Ол – “Қазақстанда жасалған” маркасымен шығарылатын өнімдердің мәртебесін асыра түсу үшін түрлерін әлі көбейте бермек. Бұл заманда қимылдаған ғана қыр асады. Соны түсінетін кәсіпкер алдағы уақытта іргетас блоктарын шығармақ. Кәсіпкер бұдан бөлек, ағаш өңдеу цехын ашып, әртүрлі ағаш өнімдерін шығару жұмысын да жолға қоймақ.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: дәнекерлеуші А.Окатьев жұмыс үстінде.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp