«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАТЕРЛІ ІСІК: ӨМІР ҮШІН КҮРЕС

Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісік диагнозымен 600-ге жуық бала тіркеледі. Бұл – құрғақ статистика ғана емес, жүздеген отбасының үміті мен үрейі, күресі мен көз жасы. Қатерлі ісікпен күресте ең басты қару – уақыт. Уақытылы қойылған диагноз, дер кезінде басталған ем баланың өмірін сақтайды.

Әлтайырдың арманы – тәуір болу

Екі жыл бұрын Петропавл­дың кішкентай тұрғыны Әлта­йыр Еркебұланға «лейкоз» диагнозы қойылды. Баланың анасы Меруерттің айтуынша, бәрі ангинадан басталған. Та­мағын емдегеннен кейін де қы­зуы түспей, кейін денесі кө­геріп, қызыл дақтар пайда бола бастаған. Дәрігерлер балаға қанның қатерлі ісігі диагнозын қойды.

– Біз 2023 жылдың соңында дерт туралы білдік. Бірден «Ана мен бала» орталығына жатқы­зылып, ем қабылдадық. Бір жыл үш ай толық курстан өтіп, 2025 жылы 2 ақпанда ауруды жеңіп шықтық. Үйге оралған­нан кейін екі айдан кейін ре­цидив болды. Аталық безі бұра­лып, сол рецидивке себеп болған. Екінші аталық безінен биопсия алды, Астана дәрігер­лері ол жерде клетка бар деп шешіп, оны да алып тастаймыз деді. Біз оған қарсы болдық, барлық құжаттарды Қытайға жібердік. Ондағы мамандар кө­мектесе алатындықтарын айт­ты, – дейді Меруерт Тәліпова.

Бірақ қытайлық мамандар емдеу құны 130 млн. теңге екенін айтқан. САРТ-терапия – заманауи тәсіл, нәтижесінде науқастың өз иммундық жасушалары зертханада өзгертіліп, рак жасушаларын танитындай етіп қайта ағзаға енгізіледі. Бұл әдіс кейбір «лейкоз» және «лимфома» түрлерін емдеуде қолданылады.

Баласының өміріне алаңда­ған ата-ана жұрттан жылу жи­науға кірісті. Баланың әкесі Данияр жұрттың назарын ауда­ру үшін, велосипедпен Астана­ға сапар шекті.

– Виза күткен уақытта лим­фа түйіндерінде ісіктер пайда болды. Қазір Қытайдамыз, хи­мия терапия, гормон алып жа­тырмыз. Бірақ алдындағы сомадан асып кетті. Қазір 170 млн.теңге керек деп отыр. Сол себепті қазір қайта ақша жинап жатырмыз. Әлеуметтік желіде altayr_help деген парақша да ашып қойдық. Қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсы. Ісік­тері кішірейіп, аздап тамақ іше бастады. Кеше Гуанчжоу қала­сына барып, ПЭТ-МРТ түстік, нәтижесін күтіп жүрміз, – дейді Әлтайырдың анасы Ме­руерт Тәліпова телефон арқы­лы.

Заманауи әдістер үміт сыйлайды

Елімізде жыл сайын жүзде­ген бала осы дертке шалдығып, ұзақ уақыт ем-дом жасатады. Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің мәліметінше, биылғы жарты жылда 280 бала онкологиялық есепке алынған. Балалар арасында ең көп кезде­сетіні – жедел лейкоз, екінші орында орталық жүйке жү­йесінің ісіктері, үшінші орында лимфомалар және одан кейін нейробластомалар және жұм­сақ тін саркомалары тұр.

– Елімізде соңғы 10 жылда балалардың қатерлі ісікпен сырқаттану деңгейі тұрақты және бұл көрсеткіш әлемдік көрсеткіштерден төмен. Бала­лар онкологиясының ең жоға­ры үлесі Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Ба­тыс Қазақстан, Жетісу облыс­тарында тіркелген, – дейді Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің ди­ректоры Гүлнар Сәрсенбаева.

Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 6 ай ішінде республика­лық медициналық ұйымдарда барлығы 2535 бала емделді. Балалардағы онкогематология­лық патология бойынша 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 70 пайызға жетті, бұл әлемдік стандарттарға сәйкес келеді.

– Заманауи орталықтардың құрылуы, шетелде емдеуге тәуелділіктің азаюы, жоғары технологиялық көмектің қол­жетімділігі стратегиялық міндеттің орындалуын қамтама­сыз етеді, өсіп келе жатқан ұр­пақтың денсаулығын сақтау және онкогематологиялық ау­рулары бар балалардың өмір сүру сапасын жақсартады, – дейді Гүлнар Сәрсенбаева.

Онкологиялық дерттен сауығу көрсеткіші бес жылдық өмір сүру үлесімен есептеледі. Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымда­рының докторы, профессор, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың бірінші прорек­торы Диляра Қайдарованың айтуынша, бірер жыл бұрын бұл көрсеткіш ел бойынша 30 пайыз ғана болса, қазір 57 па­йызға жеткен.

Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанда қатерлі ісікпен күресте бірқатар заманауи технология­лар енгізілді. Олар – жоғары сапалы ПЭТ-КТ, МРТ, моле­кулярлық-генетикалық тесті­леу, таргеттік және иммуноте­рапия, соңғы буындағы желілік үдеткіштер.

– Еліміздегі жетекші он­коорталықтар NCCN (АҚШ) және ESMO (Еуропа) халықаралық хаттамалары бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар медицина кадрларын даярлау деңгейі де халықаралық бағдар­ламалар арқылы едәуір жақсар­ды. Қазіргі уақытта молекула­лық онкология, қатерлі ісіктің эпидемиологиясы, биомаркер­лерді зерттеу, диагностикада жасанды интеллектіні қолдану бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ерте диагностика, пер­соналды ем, онкорегистр мен биобанктерді дамыту және халықаралық клиникалық зерт­теулерге қатысу – басым бағыт­тардың бірі болып қала береді, – дейді Диляра Қайдарова.

Қатерлі ісік неліктен жасарды?

Жастар арасында онколо­гиялық аурулардың өсуі өмір салтының өзгеруімен тікелей байланысты. Оның ішінде дұ­рыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, семіздік, зиянды әдет­тер, созылмалы стресс бар. Сондай-ақ экологиялық және генетикалық факторлар да әсер етеді.

– Еліміздегі маңызды про­филактикалық шара – адам па­пилломасы вирусына қарсы екпе жасау. Бұл жатыр мойны обырының алдын алады. Сонымен қатар саламатты өмір салтын насихаттау, темекі мен алкогольден бас тарту, дұрыс тамақтану және тұрақты про­филактикалық тексерулерден өту керек, – дейді Диляра Қай­дарова.

Ғалымның пікірінше, қа­зақстандық сырқаттардың ше­телде ем іздеуіне көп жағдайда сенімсіздік, «екінші пікір» алу­ға ұмтылыс, индивидуалды ем тәсілін іздеу, клиникалық зерт­теулерге қатысу мүмкіндігі се­беп немесе кейбір дәрі-дәрмек­тердің Қазақстанда болмауы­мен байланысты.

Дегенмен қатерлі ісік – бұл үкім емес. Ерте анықталса, то­лық айығу мүмкіндігі өте жоға­ры, әсіресе балалар арасында.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp