«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚҚА – НЫҚ ҚАДАМ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында атап көрсеткеніндей, XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуға, соның ішінде балаларды мектепке дейінгі оқу және тәрбиемен қамту, педагог кадрлардың сапасын жақсарту, мүмкіндіктері шектеулі балалардың оқуына жағдай жасауға, балалардың құқықтарын қорғауға барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі білім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың 2014-2016 жылдарға арналған басым бағыттарын белгілеп, атқарылатын шаралар жоспарын ұсынды. Облыстың білім саласының қызметкерлері осы құжатты басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізуде.

Петропавл қаласы мен әр ауданда мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді жаңартып, жаңа бағдарлама әзірлеу бойынша әдістемелік топтар құрылды. Қазіргі таңда облыстың мектепке дейінгі мекемелерінде “Алғашқы қадам”, “Зерек бала”, “Біз мектепке барамыз” негізгі бағдарламаларымен бірге халықаралық “Step by step”, баланың өзін-өзі дамытуына арналған Мария Монтессори бағдарламаларының тетіктері енгізілуде.

“Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыста 9429 орын жаңадан ашылған. Облыста 5-6 жастағы 14871 бала бар. Олар мектепке дейінгі міндетті білім берумен толық қамтылған. Алайда, Петропавл қаласында балабақша кезегін еңсеру мүмкін болмай тұр. Республикалық бюджет есебінен бірнеше балабақша құрылысын салу жоспарда бар. Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласына, Есіл ауданындағы Явленка және Горное ауылдарына да балабақша қажет.

Мектепке дейінгі мекемелердің баламалы жүйесін ашу үшін мемлекеттік-жеке серіктестіктің түрлі формаларына жеке құрылымдарды кеңінен тарту бағытындағы жұмыс бойынша тәжірибе бар, ол әлі де жалғасатын болады.

“Назарбаев Зияткерлік мектептері” іс-тәжірибесін жалпы білім беретін мектептердің педагогтеріне тарату және әдістемелік көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясы мен Қызылжар ауданындағы Бескөл мектеп-гимназиясы базалық мектептер болып бекітілді.

Білім берудің жаңа мазмұнын енгізу үшін жергілікті жерлердегі біліктілікті арттыру деңгейлік курстарынан өткен мұғалімдерге де зор жауапкершілік жүктеледі.

Облыстағы 570 жалпы білім беретін мектептің 139-ы – қазақ, 295-і орыс тілінде білім берсе, 136-сы аралас тілде оқытады. Облыстағы білім ошақтарының 463-і – шағын жинақты мектеп.

2015-2016 оқу жылында жаңа мазмұндағы оқу бағдарламасының жобасы апробациядан өтеді. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы көптілділіктің негізгі бағыттарын айқындайды. 2013-2014 оқу жылының басында үш білім мекемесінде көптілділікті эксперименттеу режімінде жұмыс жүргізілді, онда 191 оқушы қамтылды. Облыстың төрт мектебінде ерте жастан ағылшын тілін оқыту бойынша эксперимент аяқталды.

Жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының облыстық кезеңіне қатысқан 504 оқушының 206-сы түрлі дәрежелердегі дипломдарға ие болды. Соның ішінде Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептен, Аққайың, Жамбыл аудандарынан 5 оқушыдан жүлдегерлер шықты. Түрлі деңгейлердегі республикалық, халықаралық сайыстарға қатысушылар облыс қоржынына 10 алтын, 17 күміс және 23 қола медаль салды. Жалпы білім беретін пәндерден Шымкент қаласында өткен республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша облыс оқушылары жалпыкомандалық үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ, бір оқушы Білім және ғылым министрлігінің “Ауылдың үздік оқушысы” мақтау қағазымен марапатталды.

Облыстың білім жүйелерінде 17748 педагог қызмет атқарады. Олардың 13,8 пайызы – жоғары, 22,4 пайызы – бірінші, 29 пайызы – екінші санаттылар. Жаңа пішімдегі басшы жедел, жаңашылдықты тез қабылдайтын, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды меңгерген, өз мектебінің болашақтағы дамуын болжай алатын болуы керек. Осыған байланысты тәрбие мен білім сапасын арттыру бойынша ауылдық мектептерге әдістемелік көмек көрсету мәселесі де маңызды болып отыр.

Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов, Айыртау, Есіл, Мамлют, Аққайың, Тайынша аудандарында ресурстық орталықтар жұмыс істейді. Оларға 25 шағын мектеп бекітілген. Петропавл қаласы мен Жамбыл ауданындағы жалпы білім беретін мектептер жанында мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған 5 арнайы сынып ұйымдастырылған. Үстіміздегі жылы 369 жалпы білім беретін мектепте даму мүмкіндігі шектеулі 1838 бала инклюзивтік оқу үдерісімен қамтылды.

Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, ел болашағы болатын білімді ұрпақ тәрбиесін жаңа биік сатыға көтеруге күш салатын боламыз.

Шолпан КАРИНОВА,

облыстық Білім

басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp