Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгінгі таңда Қазақстан басқа мемлекеттермен терезесі тең, өркениетті ел ретінде танылып отыр. Ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктеріміз де, бағындырған белестеріміз де ауыз толтырып айтарлықтай. Өткенді таразылап, ширек ғасыр бұрынғы кезеңге көз салып қарасақ, елімізде біраз қиындықтар болғанын көруге болады. Бірақ жарқын болашаққа, кемел келешекке деген нық сеніммен алға баса білген халықтар арасындағы татулық пен берекенің арқасында сыннан сүрінбей өттік.
Осы ретте әкемнің өз өмірінде болған ұмытылмас бір оқиғасына тоқталайын. Ол кезде біздің отбасымыз Айыртау ауданында тұрған. Бірде Қоскөл деген ауылға қызыл әскердің жауынгерлері келіп, жымысқылап, болысушылық танытып жүр деген желеумен үйлерді тінтіп, менің әкемді ұстап әкетеді. Мәселенің анық-қанығына жетпестен, ешбір кінәсі жоқ әкемді өлім жазасына кескен екен. Барлық ауылдың тұрғындары жиналып, мұндай әділетсіздікке шыдай алмай жылап-еңіреп тұрғанда, анадайдан шауып келе жатқан аттың тұяғының дауысы естіледі. Тұрғындар ат үстіндегі адамның әкеммен жақсы араласып жүрген Иван есімді орыс екенін бірден таныпты. Аттан секіріп түскен ол қызыл әскерилерге әкемнің ақтармен ешқандай байланысы жоқтығын және ол адал азамат екенін түсіндіріп береді. Міне, осылайша, орыс тамыры әкемді ажалдан аман алып қалған екен. Ұлттар бірлігі, мызғымас достығының бірден-бір белгісі болып табылатын бұл оқиғаны біз еш уақытта ұмытпаймыз.
Әрине, ұлттар достығының тамыры әлдеқайда тереңде жатыр. Көптеген этнос өкілдері Қазақстанды екінші Отаным деп санайды. Мәселен, ұжымдастыру кезеңінде Ресейден Солтүстік Қазақстанға 170 мыңға жуық адам арнайы жер аударылған. Олардың ішінде 79 мың неміс, 44 мың поляк, 21 мың кавказдық, 2003 корей отбасы болған. Қазақтар олардың барлығына қол ұшын беріп, қиын-қыстау кезде шамалары келгенше көмектерін аяған емес. Міне, ұлттар достығының терең тамыры қайда жатыр?! Осындай ынтымақ пен берекенің арқасында еліміз асқар асуларды бағындырып отыр.
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы қиын уақытпен тұспа-тұс келді. Елде жаңаша өмір бастау үшін дамыған елдердің тәжірибелері жан-жақты қаралып, талқыланды. Қандай елдің экономикалық үлгісін қарау туралы әңгімелер де аз болмады. Бірақ, нәтижесінде, біз өзіміздің дара, даңғыл жолымызды таңдадық.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халыққа оңайға соққан жоқ. Елде жұмыссыздық белең алды. Көптеген өндіріс саласында даму қарқыны бәсеңдей бастады. Ақша құнсызданып, тауар өнімдері мен азықтүліктің бағасы өсті.
Тоқсаныншы жылдардың ортасында өңір тұрғындары энергияның жетіспеушілігінен біраз қиындық көрді. Петропавл қаласы және елді мекендерде жүйелі түрде жарық сөндіріліп отырылды. Ыстық су болған жоқ, газ берілмей, тұрғындардың біраз әбігерге түскенін қалай ғана ұмытуға болады.
Елдегі әлеуметтік ахуал ушығып тұрды. Тұрғындарға 3-4 айлап еңбекақы төленбеді. Зейнеткерлердің де жағдайы мәз болмады. Сол қиын сәттерде облыстық әкімдіктің қаулысымен зейнетақының орнына азық-түлік пен тауар беру туралы шешім қабылданды. Осыған орай облыстық ардагерлер кеңесінің отырысы өтті. Зейнеткерлерді бұл шешіммен таныстырып, оның қалада жүзеге асуын қадағалауды маған тапсырды. Мен зейнеткерлердің мұндай шешімге қарсы болатынын алдын ала білдім. Жиынға келген зейнеткерлер: “Бұл біздің құқығымызға қол сұғумен пара-пар. Бізге ақшалай беріңдер, ал керек тауарды арзандау бағамен өзіміз-ақ сатып аламыз”, – дегендей, ойларын жан-жақтан білдіріп жатты. Олардың айтулары дұрыс екенін түсіндім. Бірақ басқа амал болмады. Қуаныштысы, мұндай шешімнің мерзімі ұзаққа созылмады.
Бірқатар зауыттардың жұмыстары қадағалаусыз қалып, қымбат жабдықтар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатты. Көптеген нысандар арзан бағамен сатылды. Осылайша, еліміз аяғынан тік тұрып кеткенінше, қарапайым халық біраз қиындықтарды бастан кешті.
1992 жылы еліміздің стратегиялық дамуының алғашқы бағдарламасы – “Қазақстанның егемендi және тәуелсiз мемлекет ретiнде дамуының қалыптасу стратегиясы” қабылданды. Дәл осы кезде дағдарысқа қарсы бірнеше бағдарлама өмірге келді. Халық жаңаша өмірге бейімделіп, елде тұрақтылық тамырын жая бастады. Жоғарыда тоқталып өткен су, жылу, газ сияқты мәселелер біртіндеп оң шешімін таба бастады. Қандай салада болмасын ілгері басушылық байқалды.
“Туым – теңдігім, Елтаңбам – елдігім, Гимнім – айбыным” дегендей, қазынамыз осындай жаңа символикалармен толықты.
1991 жылғы 29 тамыз күні еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа зор қасірет төндірген Семей полигоны жабылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзіміздің жаңа валютамыз – теңгені айналымға енгізді. Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданды.
Экономикалық салада бізге жаңа нарықтың үлгісіне көшу керек болды. 1997 жылдың 16 қазанында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына тұңғыш Жолдауын жариялады. Ел дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңін қамтыған стратегиялық бағдарлама – ұлттық бірлікке, әлеуметтік әділеттілікке, бүкіл жұртшылықтың экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізу үшін тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнатуды мақсат тұтты. Ел өмірінде елеулі орын алған мұндай жағымды жаңалықтардың барлығы тарих беттерінде алтын әріппен жазылары сөзсіз.
Елде экономика және әлеуметтік салада елеулі өзгерістер орын алды. Бүгінгі таңда Қазақстан дамыған елдердің қатарынан өзінің лайықты орнын алып отыр. Еліміздің шетелдік инвесторларға танымалдығы арта түсуде. 25 жылда Қазақстанға 260 млрд. доллар шетелдік инвестиция тартылды. Мұның барлығы елдің қарышты қадаммен дамуына оң әсер етті. Екі есеге дейін жұмыссыздық азайып, денсаулық, білім салаларын қаржыландыру 8,5 есеге дейін артты. Республика бойынша 1300 медициналық мекеме тұрғызылды. Қазақстан халқының орташа өмір сүру ұзақтығы – 72 жасқа жетті.
Елбасымыздың “100 нақты қадам” Ұлт жоспары – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет бағдарламасы тек қана біздің елімізді емес, бүкіл төрткіл әлемді өзіне қаратты. Қазақстанның алып қадамдар жасауға қуаты жететінін данагөй Мемлекет басшымыз бағамдап, осыған орай ұсынған бағдарлама қазақ елін ешқашан көтеріліп көрмеген асқар шыңға шығаратыны айдан анық.
“100 нақты қадам” Ұлт жоспары біздің өңірде жоспарға сай жүзеге асуда. Бүгінгі таңда орта және шағын бизнес қарқынды түрде дамып, инновациялық жобалар іске қосылуда.
Облыс орталығында “Батыр” маркалы тракторды құрастыру зауыты ашылды. Тракторлардың қозғалтқыштары Ресейден тасымалданса, рамалар, капот, кабина және тағы басқа бөлшектері өз жерімізде жасалады. Кәсіпорында жыл сайын 100 трактор шығарылуы мүмкін. Сонымен қатар, Петропавлда “Сампо Азия” комбайны шығарылады. Бұл машина америкалық “Джон Дир” комбайнынан кем емес. Міне, бұл өңірімізде орын алған бірнеше ғана жағымды жаңалықтар. Ал оларды тізбектеп айта берсек, саусақ жетпейді. Мұның барлығы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз.
Облысымыздың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері биыл рекордтық – 5 млн. 768 мың тонна астық жинап, мерейтойлы жылға өзіндік тарту жасады. Бұл да – көппен бірге шыққан белес пен алған асулардың бірі.
Елімізбен бірге облыс орталығы да жыл сайын көркейіп, гүлдене түсуде. Жолдар жөнделіп, өзекті мәселелер шешімін табуда. Қандай саланы алып қарасақ та, жан-жақты дамып келе жатқанына көз жеткізуге болады. Облыс бойынша жаңа мектептер, балабақшалар ашылып, қуанышымыз еселене түсуде.
Осы желтоқсан айында облыс орталығында бес көпқабатты тұрғын үй тапсырылып, бес жүзден астам отбасы қоныстойын тойлады. Осындай қуанышты сәттерді көргенде, жүрек жылылыққа бөленіп, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді.
Өйткені, мұның барлығы – біздің елдегі өсу мен дамудың айқын дәлелі.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” республикалық акциясы ұйымдастырылды. Осы жылдар аралығында еліміздің қол жеткізген жетістіктерін баяндайтын ауқымды шараға аудан мен елді мекен тұрғындарының барлығы – бір адамдай белсене қатысты. Себебі, Тәуелсіздік – біздің ортақ мерекеміз.
Бейімбет ИСЕНОВ,
қалалық ардагерлер
кеңесінің мүшесі,
еңбек ардагері.