Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театрының ұжымы өнер көрсетті. Қызылжар жерінде кербез бишілер екі күн қатарынан көрермен жүрегін жаулады. Әлемге Қазақстан өнерін танытып жүрген театр ұжымының құрылғанына биыл 50 жыл толды. Оның репертуарлық қоржынында 50 спектакль, 150-ден артық концерттік бағдарлама бар.
Нәзіктік пен күшті ұштастырған балет жұлдыздары “Гамлет, принц датский”, “Мастер мен Маргарита”, “Егер соғыс болмаса” атты балет қойылымдарын көрермендер назарына ұсынды. Солтүстікқазақстандықтардың сұрауы бойынша балериналар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік академиялық би театрының қоржынындағы танымал үздік классикалық туындылардың бірі – “Аққу көлін” де сахналады.
Сахнада қазқатар тізілген биші қыздардың өнері, шеберліктері, қимыл-қозғалысы, әдеміліктері мен музыкасы, бәрі көрерменді баурап алды. Олардың арасында ерекше әдемі Одетта да бар. Бұл рөлді театрда 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан дарынды әртіс Гүлнәр Камалова сомдады. Ол – шешесінің көз жасынан пайда болған көлдегі аққу-қыздардың ханшайымы. Егер Одетта ғашықтық өртіне күйіп, махаббаты мәңгілік болса қыздар да, ол да бұрынғы қалпына түсіп, дуадан арылады. Бірақ зұлым Ротбарт әрқашан оған кедергі жасаумен болады.
Зұлым күшті театр әртісі Юрий Шакиров сомдаса, аққу ханшайымға ғашық жігітті Ғабит Данабеков бейнеледі. Қойылым әділдік пен зұлым күштердің, адалдық пен арамдықтың арпалысынан тұрады. Чайковскийдің екі актілі “Аққу көлі” осынысымен қызық. Спектакль арамдықты жақсылықтың жеңуімен аяқталады.
– Бұл қойылым әлем классикасының жауһары, сондықтан әр театрдың қоржынында бар деп ойлаймын. Бірақ әр балетмейстер өз көзқарасына қарай сахналайды. Мәселен, Болат Аюханов заманауи тұрғыдан қарастырған. Өзінше ерекше. Менің бұл театрда өнер көрсетіп жүргеніме – 13 жыл”, – дейді Мемлекеттік академиялық би теарының әртісі Дана Ешкенбаева.
Екі күн бойы облыстық театр көрерменге толы болды, бұл – қызылжарлықтардың өнер десе ішкен асын жерге қоятындығының тағы бір көрінісі.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.