«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Театр – менің өмірімде

Ақтілек БАЛҚЫБЕКОВА,

режиссердің көмекшісі:

– Мен егемендіктің жарқын күнінде дүниеге келіп, бүгінде өзінің он бес жылдығын тойлап отырған театрдың алғашқы ашылған жылдарынан бастап, шығармашылық ұжыммен қоян-қолтық жұмыс істеп келемін. Кез келген елдің мәдениеті көрініс тауып, тарихынан сыр шертілетін киелі сахнаның әрбір қызметкерінің атқаратын міндеті де бір арнада тоғысып жатады, олар қайткенде көрерменнің көңілінен шығамын деген сауалдың төркінін іздейді. Бұл орайда режиссер көмекшілерінің атқаратын жүгі де, міндеті де ауыр. Әлгінде ғана дайындық барысында көз алдыңа түрпідей тиетін оғаш әрекеттердің, жөнсіздіктердің барлығынан арылып, көрермен қауымға мінсіз әлемді, сиқырлы сахнаны ұсыну аса жауапкершілікті талап етеді. Мұны ойдағыдай атқару алғашында ауыр соққанымен, уақыт өте келе өнерге деген риясыз сезімім менің шыңдалуыма сеп болды. Осы уақыт аралығында алпыстан аса қазақ және әлем елдерінің спектакльдері сахналанды. Он бестен аса отандық және шетелдің танымал режиссерлерімен бірге жұмыс істедік. Көрерменнің кіршіксіз ықыласына бөленуді қызметтерінің негізі санайтын олардың барлығы менің жұмысымның тыңғылықты болуына баса мән берді. Сахнаның тазалығы, әртістердің киім үлгісі, жарықтың дұрыс берілуі сырт көзге кез келген адам меңгеріп, лезде игеріп әкететін майда жұмыс болып көрінгенімен, түп-тамыры киім ілгіштен бастау алатын театрдың бір бөлшегі іспеттес.

Асылхан РӘЗИЕВ,

актер:

– “Ақын болу оңай деймісің, қарағым, алдында болу сыздаған барлық жараның”, – деп қазақтың ақиығы Төлеген Айбергенов айтқан ақындық сияқты, әртіс болу да – таланты тасып, айбары асып тұрған кез келген адамның қолынан келе бермейтін шаруа. Өйткені, актерлік – үнемі ізденісті, талпынысты, ерекше еңбекқорлықты талап ететін мамандық. Өмірімді өнермен ұштастырғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Еңбек жолымды қырандай баптап, түлетіп өсірген С. Мұқанов атындағы қарашаңырақтан бастағаным үшін қуанамын.

Сахнада бар ойың көрерменнің алдына шығатын кейіпкеріңнің табиғатында болады. Мың ойланып, толғанасың. Мұның бәрі жай келмейді ғой. Кас қағым сәтте қаншама дүние, қаншама өмірді айтасың. Көрерменнің сыр сандығы сияқты руханият әлеміне жол тартасың. Бұл әртістің бағы болса, сәл қателесу күмән әкелуі мүмкін.

Бүгінде, Құдайға шүкір, біздің театрымыздың көрермендері күн сайын көбеюде. Олардың қызығушылығы мен қошеметтерінен-ақ мұқановтықтардың еңбегінің жемісін аңғаруға болады.

Самал ЕМЕЛЕВА,

грим цехының меңгерушісі:

– Театр дегенде, ең алдымен, әртістерді, спектакльдерді қоюшы режиссерлерді аузымызға аламыз. Техникалық қызметкерлердің дені сахна сыртында, көрермен көзінен тыс қалып жатады. Алайда, олардың еңбектері орасан. Мен он жыл бойы аталмыш қарашаңырақта еңбек етіп келемін. Театр менің жалақы алып, отбасымды асырап отырған табысымның көзі ғана емес, өмірімнің өзі. Өйткені, менің өз ісімнің нағыз маманы болып қалыптасуыма әсер еткен де осы орда болды. Ең алғаш қарапайым диктор, аудармашы болып қызмет еткен мен театрдың өміріне етене араласа отырып, бірнеше мамандықты игердім. Шаштараз, әрлеуші болдым.

Осы он жыл еңбек еткен шығармашылық қызметімде әртістердің бет әлпеттеріне көңілі толмай, ашуланып, кетіп қалғанын кездестірмеппін. Өзімді шығармашылықтың шыңында тұрған суретші ретінде сезініп, әртістердің жасанды түр-келбетінен шынайылықты қалыптастыра білдім деп ойлаймын. Бұл саланы иеленген адам аздап психолог та болуы керек. Реніш болып қалатын көрінеді, бірақ тек жұмыс бабы бойынша – актер өзінің сахнадағы келбетін гримдеуші қарағанда басқаша көрген жағдайда орын алып тұрады екен. Көбінесе кейіпкердің келбеті режиссердің, актердің, костюм бойынша суретшінің және гримдеушінің біріккен күшімен жасалады. Гримдеуші пьесаны оқиды, репетицияға қатысып, сахнада не болып жатқанын қарайды. Содан соң кейіпкердің келбетін жасайды.

Өзіндік келбеті бар кейіпкерді гримдеу қызықты. Күрделірек болған сайын жақсы шығады. Ең қиыны – портреттік грим жасау. Алдыңда тірі адам отырады, қолыңда фотосурет болады, сен оның көшірмесін жасауың керек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp