«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАДАМЫ ҚАРЫШТЫ СЕРІКТЕСТІК

Іссапарға шыққалы алты сағат. Жолымыздың сапасы жоғары болмағанмен, кідіріссіз алға ұмтылған “ГАЗель” автокөлігінің бағыты белгілі, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шөптікөл ауылдық округі аумағында орналасқан “Агрофирма “Приишимский” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін нысанаға алып келеді. Көлік ішінде отырған журналистердің мақсаты – биылғы жылдың күзгі науқанын сәтті аяқтап, маңызды нысанды іске қосқалы отырған серіктестіктің қол жеткізген жетістігіне қанығу.

Облыс орталығынан төрт жүз шақырымнан астам қашықтықта орналасқан бұл елді мекенде 130 шаңырақ түтін түтетіп отырса, тұрғындардың саны бес жүзден асады. Олар талай қиындықтарды бастарынан өткерсе де, қайсарлығынан айрылмапты. Туған жер, кіндік қаны тамған құтты мекенді қалай қастерлеу керектігін өзгелер осылардан үйренуі керек шығар деген ойға келдік. Өйткені, жол бойында, өзен-көлдің жағасында тұрған кейбір ауылдардың жабылып жатқанын білеміз. Ал елдің шетінде, желдің өтіндегі Разгульное ауылының тұрғындары болса, ештеңеге де қарамастан ауылдарын сақтап қалыпты. Туған топырағын басқа жұмақ жерге айырбастамаған ауыл тұрғындары үшін бұл жерден артық мекен жоқ.

Ауылға аяқ басқан бізді серіктестіктің басшысы Мустафа Гулиев қарсы алды. Әңгіме барысында директор шаруа жағдайы туралы айтып, бүгінгі күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті.

Ресейдің Армавир қаласының механикалық-технологиялық техникумының түлегі Мустафа Маулиевич заман талабын ескеріп, 2001 жылы өзінің жеке шаруашылығын ашуға бел байлаған. Алғашқыда егін еккен. Тынымсыз еңбектерінің арқасында сол жылы бітік шыққан егінді сатып, түскен қаражатқа ескі болса да техника мен бірнеше ірі қара сатып алған. Сөйтіп, бірте-бірте шаруашылықтың тасы өрге домалап, мал басы мен жер көлемі ұлғая түседі. Жылдан-жылға еңбектері жанып, кіріс те көбейеді.

– Қазіргі қоныстанған жеріміз Разгульное деп аталады. Селеу даланың жазықтарында, Есіл өзенінің жағалауында 1931 жылы “Приишимский” кеңшары болып құрылған. Ауыл құрылған жылдары оның 120 гектар жайылымында 2688 сиыр мен 699 жылқы жайылып, 274 гектар алқапқа дәнді дақылдар себіліп келген. Өз ісімді ашқанда менің үлесіме бұл елді мекеннен мал қорасы тиді. Өткен 15 жылдың ішінде ісім оңға басып, қорадағы малымның саны артып, қамбам дәнге толды. Жыл өткен сайын қожалығымыз дамып келеді, – дейді шаруашылық басшысы.

Кешегі тоқырау заманында, ел іші қиыншылыққа тап болған тұста ауыл тұрғындарының басын біріктіріп, екі қолға бір күрек тауып берген агроқұрылым бүгінде 29 мың гектар шабындық, жайылымдық және егістік алқапқа иелік етеді. Серіктестікте сайдың тасындай, еңбек десе, ішкен асын жерге қоятын 135 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл күнде жұмысы толық жолға қойылған серіктестіктің иелігіндегі 11 “Джон Дир” комбайны, 9 “КамАЗ” бен бірнеше трактор, жер жыртатын соқа, жыртылған жерді тегістейтін жабдықтар, қысқаша айтқанда, жауапты науқанға не қажеттінің барлығы бар. Жыл сайын ескі техника жаңасына ауыстырылып келеді. Жанар-жағармай да жеткілікті.

Үстіміздегі жыл малға да, жанға да қолайлы, берері мол, берекелі жыл болғаны сөзсіз. Өз ісіне жауапкершілікпен қараған шаруашылық диқандары көктемгі дала жұмыстары барысында агротехникалық шараларды сақтай отыра, шығымдылығы жоғары “Омбы-38”, “Шортанды-95”, “Дамсинская” бидай сұрыптарын сепкен болатын. Бұл шаралар нәтижесін берді. Теңіздей толқыған сары алқапта таң атқаннан кеш батқанға дейін комбайндар гүрілі бір сәтке толастаған емес. Серіктестіктің Леонид Дудник, Андрей Пупынин, Владимир Шевченко, Александр Литвинов, Евгений Галимзянов, Игорь Черный және Михаил Алимов сияқты тәжірибелі механизаторлары жоспарды орындауда жоғары нәтиже көрсетіп, әр гектардан 21,2 центнерден өнім алды. Уақытпен санаспай еңбек етіп, белгіленген межеден көрінуге тырысқан диқандарға басшылық тарапынан еңбегіне сай сыйлықтар табысталды.

Егінді шығынға ұшыратпай жинаған серіктестіктің механизаторлары үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда асхана, қоғамдық монша, қонақүй жұмыс істейді. Кеңсе мен фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шаруашылықта еңбек ететіндердің барлығы ай сайын тұрақты түрде атқарған жұмыстарына қарай еңбекақы алады. Ол серіктестікте орта есеппен 80 мың теңгені құрайды.

Сапар барысында қомақты қаржыға салынған шаруашылық кешенін араладық. Мұнда сиыр бұзаулайтын, төл күтетін орындар бар. Мемлекеттік бағдарламаға орай серіктестіктің мал шаруашылығын дамыту ісін қолға алғанына да үш жылдың жүзі болыпты.

Бұл жұмысқа Мустафа Гулиев көп уақыт дайындалған. Алдымен ол асылтұқымды сиырлар мен бұқаларға арнап төрт жүз бас малға арналған екі қора салды. Шаруашылық қажет шөпті негізінен өзі дайындайды. Сонымен қатар, көршілес жеке шаруашылықтардан да сатып алады.

– “Мал бейнетін баққан біледі” деген нақыл сөз бар. Мал бағу оңай шаруа болмасы анық. Мен бұл іске кіріспес бұрын ұзақ дайындалдым. Мал суару үшін су ұңғымасы бар, жемшөп сақтауға бөлек қоймалар, сиырлардың төлдеуі үшін және бұқалар тұратын орындар дайындап, ғимараттардың ішіне жарық тарттық, – дейді шаруашылық директоры.

Барлық дайындықтары жасалып болған соң шаруашылық “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы 147 миллион теңге жеңілдетілген несие ресімдеп, абердин-ангус тұқымының 193 бас сиыры және 7 бас бұқасын АҚШ-тың Пенсильвания қаласынан жеткізген. Бүгінде мал басы 529-ға жеткен, 204 төл алынған. Алдағы уақытта шаруа мал басын көбейтпек.

Қол қусырып отыруды білмейтін басшы жуырда мемлекеттік қолдаудың арқасында қуаттылығы 6 мың тонналық кешен салудың инвестициялық жобасын іске қосты. Заманауи астық қабылдау қоймасы мен бастапқы тазалау, сақтау, дәнді дақылдардың элиталық тұқымын кептіру және жөнелту желісі бар нысан бірнеше жұмыс орнын ашып, ауыл тапшы мамандармен толықты. Бұл нысанның да аудан мен облыстың экономикалық дамуына елеулi үлес қосатындығына сенiм мол.

Әңгіме арасында Мустафа Маулиевич Разгульное ауылының тұрғындарына қолдан келген көмегін көрсетіп отырғанын жеткізді.

“Елу жылда ел жаңа” дегендей, Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде дағдарыс кезінде қаңырап, иесіз қалған ауыл қайтадан жасарып, жаңғыра бастады. Мал басы өсіп, жаңадан жұмыс орындары ашылды. Ауылдардың келбетіне шырай кірді. Қайта өрлеу кезеңін басынан кешіріп жатқан Разгульное ауылы серіктестіктің қамқорлығын көруде. Нысанның басында болған аудан әкімі Владимир Дудов шаруашылықтың мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде Приишим орта мектебі мен “Аққу” шағын орталығына демеушілік көмек көрсететіндігін жеткізді. Агроқұрылым қаражатына ауыл балалары үшін спорт алаңы тұрғызылып, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында бірнеше нысанның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етуге өзіндік үлес қосып, су құбырларын әр үйге кіргізуді өз мойнына алған. Шаруа ауылда өтетін қайырымдылық шараларға үнемі қатысып, аз қамтылған отбасыларға демеушілік көрсетіп келеді.

Қызметкерлеріне де жақсы жағдай жасап отырған шаруашылық өткен жылы өз күшімен екі тұрғын үй салып, жергілікті мамандардың баспаналы болуына жағдай жасаған. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, екі отбасы қоныстойын тойлады. Сапалы материалдардан салынып жатқан бұл ғимараттар ауылдың көркін аша түсері сөзсіз. Оларды сырттан маман шақырмай, ауыл құрылысшыларының салып жатқандығы қуантады.

– Разгульное елді мекені – облыс орталығынан ең шалғай жатқан ауылдардың бірі. Оның көркейіп, дамуы жергілікті шаруашылықтарға да байланысты екенін жақсы түсінеміз. Әсіресе, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, бос уақыттарын мазмұнды өткізулеріне де жағдай жасауымыз керек. Аудан орталығына дейінгі жолымыз күрделі жөндеуді, қыс бойы қардан тазалап отыруды қажет етеді. Сол себепті біздің техникамыз қыс бойы да тыным таппайды, – дейді шаруашылық басшысы.

Әрине, мұның бәрі оңайлықпен келмегені анық. Ол ауыл тұрғындарының ауызбірлігі мен маңдай терлерінің өтеуі. Алда талай асулар тұр. “Еңбек етсең емерсің” деген осы шығар.

Қайтар жолға шығар кезде “Шаруа қожалығының алдында енді қандай мақсаттар бар” деген сұрағымызға: “Алға қойған жоспарымыз көп. Басты мақсатымыз – мал басын көбейтіп, асылдандыру, шаруашылықты жаңа технологиямен жабдықтап, қол еңбегін азайту және жұмыс күшін тұрақтандыру. Қаражат пен жұмыс күші болса, барлығын жүзеге асыруға болады. Ал біздің жұмысшылар болса, ерінуді білмейтіндіктерін ісімен дәлелдеуде”, – деген жауап алдық. Біз де бүтіндей бір елдің қамқоршысына айналған азаматтың жұмысына сәттілік тіледік.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp