«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІКТІЛІК – БІЛІМ САПАСЫНЫҢ КЕПІЛІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесін түбегейлі жаңғырту қолға алынды. Әсіресе, соңғы екі жылда біліктілікті арттыру тұжырымдамалық өзгерістерге ұшырап, ол осызаманғы кембридждік жүйесі элементтерімен толықты. Педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесінің қолданыста болған тұрпаты қайта жаңғыртылып, ол үшін біліктілікті арттырудың базалық кешені құрылды. Барлық әдістемелік жұмыс ұстаздардың педагогикалық шеберліктерін шыңдауға бағытталып отыр. Біліктілікті арттыру курстарын Назарбаев Зияткерлік мектептері жанындағы педагогикалық шеберлік орталығында арнайы дайындықтан өткен “Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы Солтүстік Қазақстан облысы педагог қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыру институтының жаттықтырушылары өткізеді. Екі жыл ішінде еліміз бойынша 7884 педагог (оның 7584-і – үшінші, 300-і екінші деңгейде) біліктілікті арттырудың кембридждік жүйесінен өтті.

 

Облыстық Білім басқармасының әкімшілік-кадрлық жұмыс бөлімінің жетекшісі Гүлнәр Кәрменованың айтуынша, облыс мұғалімдері Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Кембридж университетінің сарапшылары бірлесіп әзірлеген үшінші базалық деңгей бағдарламасына сәйкес оқытылды.

– 2012 жылы облыста үшінші базалық деңгей бойынша 300 мұғалім оқып шықты. Бұл курстардан өткен мұғалім емтиханды сәтті тапсырған жағдайда еңбекақысына 30% үстемеақы қосылу құқығына ие болды. 2013 жылы аталмыш курстарда бірінші базалық деңгей бойынша 100 адам біліктілігін көтереді. Екінші базалық деңгейде 38 адам оқып шықты, тағы 36 мұғалім оқитын болады. Үшінші базалық деңгей бойынша 374 ұстаз біліктіліктен өтсе, 175-і келесі кезекпен өтеді, – дейді Гүлнәр Кәрменова.

Гүлнәр Әділханқызының айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” атты Жолдауында: “Педагогтер құрамының сапасын арттырудың маңызы зор. Әр өңірде педагогтердің біліктілігін арттыратын интеграцияланған орталықтар жұмыс істеуі тиіс”, – деген болатын. Бұл тұрғыда білім берудің дәстүрлі тәжірибесін жетілдіре отырып, оның сапасын жақсарту мақсатында ұдайы әрі тұрақты әрекет етіп, тәжірибенің жекелеген тұстарының қажеттілігін қанағаттандырып, кейбір жағдайларда тұтастай өзгертуге тура келеді. Облыста 2012 жылдың сәуірінен бастап Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық-технологиялар орталығы жұмыс істейді. Орталықтың негізгі мақсаты – оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін тарату, педагогтерге әдістемелік көмек көрсету. 2012-2013 оқу жылында аталмыш орталық 20 форум, 150 семинар, “дөңгелек үстелдер”, білім саласында инновациялық технологияларды енгізу бойынша әдістемелік циклдық отырыстар өткізді. Өткізілген шаралар негізінде педагог кадрлардың біліктіліктерін арттыру курстарының бағдарламасы, курсалды тапсырмалары, мектепте тәжірибеден өту кезеңінде орындайтын тапсырмалар, ұстаздардың, жаттықтырушының басшылық үшін пайдаланатын әдістемелік құралдары әзірленіп, пайдалануға енгізілген.

– Педагогтердің мәртебесін арттыру үшін ұстаздықты насихаттау, үздік мұғалімдердің іс-тәжірибелерін кеңінен тарату, пән мұғалімдерінің съездеріне қатысу алдыңғы орынға қойылған. Өңіріміздің озық мұғалімдері 2011 жылы – математика, 2012 жылы – химия-биология, 2013 жылы тіл мамандарының съездеріне қатысып, өз пәндері бойынша келелі мәселелер қозғады. 2012 жылы республикада алғаш рет “Үздік педагог” конкурсы өтті. Онда еліміз бойынша 48 мұғалім жеңімпаз атанып, оларға 1,6 млн. теңге көлемінде сыйақы тағайындалды. Солардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданына қарасты Бескөл орта мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Күлзия Бабышева да бар. Мұндай конкурс облыстық деңгейде таяуда екінші мәрте өткізілді. Онда Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы “Парасат” мектеп-гимназиясының химия пәнінің мұғалімі Бақыт Алдабергенова “Үздік педагог – 2013” атанды. Ол енді облысымыздың атынан республикалық кезеңге баратын болды, – дейді Гүлнәр Кәрменова.

Бұдан басқа республикалық “Талантты ұстаз – дарынды оқушыға” педагогикалық олимпиадасы, “Үздік авторлық бағдарлама” конкурсы мен инновациялық, педагогикалық мақсаттарды тарату фестивальдары ұйымдастырылуда. Осындай шаралардан жергілікті жерлердегі ұстаздар да тысқары қалмайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp