«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЛАРДЫҢ СҰЛТАНЫ – РАМАЗАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Барша мұсылман қауымы жылда тағатсыздана күтетін қасиетті Рамазан айына санаулы күн қалды. Биыл ораза 18 маусымнан басталады. Мұсылмандар үшін ардақты Рамазан айын лайықты өткізу үшін облыстың мешіттерінде дайындық басталып та кетті. Қасиетті айдың артықшылықтары туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының СҚО бойынша өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбайдан сұраған едік.

– Кенжетай қажы Байкемелұлы, жуырда Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезі өтті. Бұл әлемдік деңгейдегі іс-шараға облысымыздан қатысқан делегацияның мүшесі болдыңыз. Съезден кейін түйген ойыңызбен бөліссеңіз.  

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен елімізде осымен бесінші мәрте өткен съезд әлемдік және дәстүрлі діндердің әлеуетін арттырып, бейбітшілік пен келісімді нығайтып, діндер мен мәдениеттер арасындағы ынтымақты, өзара түсіністік пен құрметті тереңдете түседі деп ойлаймын. Елбасы бір сөзінде: “Әлемде бір ғана қауым бар, ол – адамзат қауымдастығы, бір ғана Жаратушы бар, ол – Алла Тағала. Бір ғана тіл бар, ол – жүрек тілі. Ендеше, барша адамзаттың тілегі бір”, – деген еді. Ислам дінінің де көздегені – еліміздегі береке-бірлікті арттыру. Алла Тағаланың адамзат баласына тату болуға, ұлтқа бөлінбеуге бұйырған аяттары да көп. Соның бірінде: “Ей, адамзат! Сендерді біз әуелде бір еркек, бір әйелден – (Адам мен Хауадан) бір ата, бір анадан жараттық (өрбіттік)… Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Ал ерекше діндар болғандарыңды Тәңірі құрметті санайды. Анығында, Алла барлық нәрсені біліп, бәрінен хабар алып отырады”. Ендеше, бәріміз бір атаның, бір ананың перзенттеріміз. Халқымызда: “Байлық байлық емес, бірлік – байлық” деген ұлағатты сөз бар. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы алғаш рет өткен республикалық имамдар форумында: “Дін – рухани бірлігіміздің, тұтастығымыздың тірегі, ал имам – ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы”, – деген еді. Діндарға қарап, дінді танимыз, сондықтан түрлі діндердің белді өкілдері қатысқан съездің тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары хақ.

– Айтулы іс-шараның қасиетті Рамазан айының қарсаңында өткізіліп отырғанының да өз себебі бар болар? Ізгілікке толы айдың артықшылықтары қандай?

– Ислам дінінің негізгі бес тірегі бар, ол алдымен, “Алла Тағаладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның құлы, әрі елшісі” деп куәлік ету, екіншісі – намаз оқу, үшіншісі – зекет беру, төртіншісі – қажылыққа бару және бесіншісі – Рамазан айында ораза ұстау. Ораза ұстау – мұсылманның бес парызының бірі. Алла Тағала “Бақара” сүресінің 185-аятында: “Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы, ақ пен қараны айырушы ретінде Құран түсірілген ай”, – деген. Рамазан айы – Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алла Тағаладан періштелер арқылы уақи келе бастаған ай және Құранның көп бөлігі Рамазан айларында түсірілген. Рамазан айы басталуымен әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылманға ораза ұстау – парыз. Ардақты айда түрі басқа болса да, тілегі бір ұлттар бір уақытта бір құлшылықты орындайды. Бұл – өз кезегінде мұсылмандардың арасындағы өзара бірлік пен ынтымақтастықтың нығая түсуінің кепілі. Хадисте жазылғандай, “Рамазан айы келісімен жұмақтың есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады әрі шайтандарға кісен салынады”, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша анамызға: “Жәннаттың есігін үнемі қақ!” – деген. Сонда әзіреті Айша анамыз: “Немен қағамын, ей, Алланың Елшісі?” – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Оразамен” деп жауап береді. Жоғарыдағы хадистен оразаның қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.

– Кей адамдар намаз оқымасақ, ораза да ұстай алмаймыз деп есептейді.

– Ораза – жеке-дара құлшылық. Намаз оқымаған адам да ұстай алады. Ораза – Ұлы жаратқанға жақындаудың бір түрі. Намаз оқымайтын кісі ораза арқылы дінге бір табан жақындап, келер жылдары намазға жығылуы әбден мүмкін. Ораза ұстаған кісіге: “Ораза қабыл болсын!” – деп демеу беріп, мұсылманшылыққа даналықпен шақыру – әрбір мұсылманның міндеті.

– Ораза ұстаудың діни, рухани тұрғыдан пайдасы жайлы не айтасыз?

– Оразаның жеке адамға да, қоғам үшін де пайдасы аса зор. Шындығы сол, кез келген ғибадат тәрізді мұсылман адам ниетін таза ұстап, оразаны Алла Тағаланың бұйырғаны үшін тұтады. Хазірет Әли бұл жөнінде: “Пайдаға бола жасалған ғибадат – саудагердің ғибадаты. Үреймен жасалған құлшылық – құлдың ғибадаты. Алла Тағаланың жақсылықтарына шүкіршілік ету мақсатында орындалған құлшылық – нағыз ерікті адамның ғибадаты”, – деген. Құлшылықтың бұл түрінің Жаратушының әмірі екендігін жете түсініп, кіршіксіз адал ниетпен тұтқан оразаның әрбір мұсылман үшін пайдасы өлшеусіз.

– Қандай жағдайда ауыз бекітілмейді?

– Құран Кәрімнің “Бақара” сүресінде: “Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жолсапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді (ауыздарың ашық кездің қазасын өтеп), ораза күнінің санын толтырыңдар. Сендерді тура жолға бастаған Алланы мадақтаңдар. Оған шүкіршілік етіңдер”, – делінген (185-аят). Құранда Алла Тағала: “Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір жарлының тамағын төлесін”, – дейді (Бақара, 2/184). Ибн Аббас бұл аят жайлы былай дейді: “Аят кәрі адамдар үшін түскен. Оразаны өтеу – парыз”. Дегенмен, кейбір қартаң адамдар жоқ-жітікті тамақтандыруға шамасы келмесе, Алладан кешірім тілейді. “Алла адамға көтере алмайтын жүкті бермейді” (Бақара, 2/186.3). Яғни, бұл аятты түсіндіріп өтер болсам, Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер және қарт адамдар күніне бір мәрте бір кісіні тамақтандыруға кететіндей фидя садақасын беруі қажет.

– Биылғы пітір-садақаның көлемі жайлы оқырмандарымызға айта кетсеңіз.

– Пітір-садақасы – шүкіршілік ету мен мол сауапқа кенелу мақсатында Рамазан айында берілетін садақа. Шарттары: мұсылман болу, еркін болуы және нисап мөлшеріндегі байлыққа ие (85 г. алтын) болу. Пітір-садақасы – дүние-мүліктің емес, жан басының садақасы. Оны беру Ораза айт күні таң атысымен уәжіп болғанымен, оны Рамазан айы басталысымен алғашқы күннен бастап-ақ беруге де болады. Айт намазына дейін берілгені дұрыс. Түрлі себептермен аталмыш мерзімнен кешіктірілсе де, пітір-садақасы міндетті түрде берілуі тиіс. Биылғы пітір-садақаның көлемі жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ортақ шешім шығарды, барлық облыстардағы экономикалық жағдайды ескере отырып, жан басына 200 теңгеден белгіледі.

– Рамазан айында қайырымдылық жасауға асығатындар көп, себебі салиқалы амалдардың сауабы мол болатынын білеміз.

– Мына бір хадисте: “Сендердің ең жақсыларың – ас бергендерің!” Егер адамдарға ас беру исламның ең жақсы амалдарының бірі болса, онда осы ұлы амалды Рамазан айында жасаудың сауабы мол. Биылғы Оразада ауызашар беруге Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының этномәдени орталықтары да ниет танытып отыр. Жылдағы дәстүрге сай жетім балалар мен тұрмысы төмен отбасыларға да қайырымдылық көрсетілетін болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Айгүл ЫСҚАҚОВА

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp