«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚ ТА, БАП ТА ШАПҚАН СӘТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жұма – 12 маусым күні ашылған ХІХ облыстық ұлттық ойындар спартакиадасы жарысқа қатысушылар мен ықыласты көрермендерді Қызылжар ауданындағы “Құлагер” атшабарында тоғыстырды.

Жарнаманың олқылығынан ба екен, көрермендерден жарысушылардың қатары қалың болды.

Бұл спартакиаданың ұйымдастырушысы – Мамлют ауданы, алайда, мұнда атшабар болмағандықтан, жарыстар осы “Құлагерде” өткізілді.

Бәсекені көкпаршылар бастап, алғашқы күнгі додаға алдымен Шал ақын – Есіл, Жамбыл – Қызылжар аудандарының көкпаршылары шықты. Ат үстіндегі бәсекеде Есіл және Қызылжар командалары қарсыластарына жол берді.

Уәлихановтықтар өз тобында алға шықса, екінші жақтан тайыншалықтар озды. Екі аудан көкпаршыларының тартысында тайыншалықтардың жолы болып, 1:0 есебімен спартакиада жеңімпазы атанды. Үшінші орын үшін бәсекеде жамбылдықтар Шал ақын көкпаршыларын 7:1 есебімен ойсырата ұтты.

Финалда қазандыққа жалғыз салымды тайыншалық Вадим Любарский тастап, командасына жеңіс сыйлады.

– Біз бұл жеңіске ұйымшылдықпен жеттік. Менің салымыма жаттықтырушымыз Мақсат Азбаевтың зор көмегі болды. Ол – отыз жетіде. Көкпардың айла-тәсіліне өте жетік, – деді В. Любарский.

Мақсаттың тұлғасы көкпаршыға сай екен. Кең жауырынды, сом білекті, нағыз балпаң басқан батыр жігіт!

Тайыншалықтардың дені – жастар және көпшілігі Аққұдық ауылынан екен. Бұл да – ұйымшылдық үлгісі. Өйткені, бәрі бірге жаттығады. Аттарды да жақсы таңдағаны, көкпарға баптағаны анық байқалып тұрды.

Ал көкпаршылардың ең ересегі – жамбылдық Нұржайық Иманжанов дәл осы күні 38 жасқа толған екен. Ардагер жастарға жақсы өнеге көрсетіп, бірнеше мәрте көзге түсті.

Жарыстың төресі, әрине, бәйге. Оның басталуын тағатсыздана тостық.

Сенбі күні атшабар үстіне алашұбар бұлттар үйіріліп, ақыры, өткінші жауын жауып өтті. Соған қарамастан, спартакиаданың салтанатты ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова ауыл спортшыларын өңір басшысы Ерік Сұлтановтың атынан ұлттық ойындар мерекесінің ашылуымен құттықтап, бұл спартакиаданың Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына арналғанын атап айтты және оған қатысушыларға жеңістер тіледі.

Осыдан соң-ақ атшабарда сәйгүліктер сайысқа шықты. Барлығы он түр бойынша шабандоздар шеберліктерін, тұлпарлар баптарын сынады.

Ұшқыр аттардың 1800 метрлік жарысында қызылжарлық Дмитрий Волковтың “Янычары” үздік болды.

5000 метрлік құнан бәйгеде Есіл ауданынан Әскер Ілиясовтың “Бекарысы” озды.

5000 метрлік жорға-жарыста Мағжан Жұмабаев ауданынан қатысқан Берік Айтбаевтың “Эдельвейсі”алдына қара түсірмеді.

10000 метрге жарысқан тұлпарлар ішінен шалақындық Анатолий Пипконың жолы болып, “Мунира” деген сәйгүлігі мерейге бөледі.

Жергілікті тұқымды аттар 3200 метрлік жарыс жолына шықты. Бас жүлде “Қарабайыр” деген атпен шапқан новоишимдік (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан) шабандоз Қуан Қосаевқа бұйырды.

“Құлагер” атшабарында көрермендердің айрықша ықыласын аударған қос дөңгелекті арбаға жегілген түрлі жастағы желіс аттарының жарысы төрт топта өтті.

Әуелі 1600 метрде Әбдіуәли Нұрметовтің “Губернаторы” саржеліспен көрген көзді сүйсінтіп, әу бастан топтың алдын бермеді. “Герой” мен “Неаполь” қалған орындарды еншіледі.

Келесі лекте осы қашықтықта сайысқан желіс аттарының алды – “Бегун” есімді сәйүлік.

Төрт жасар желіс аттарының бәрі – Орлов тұқымды тұлпарлар. Бас жүлдені Қажымұрат Зариповтың “Иней” есімді сәйгүлігі қанжығасына байласа, Ә. Нұрметовтің “Бриджі” осы 1600 метр қашықтықты екінші уақыт көрсеткішімен шауып өтті.

Ал желіс аттарының соңғы жарыс жолына шыққан үш жасар аттардың ішінен Артем Чибисов желдірген “Купчиха” дара шығып, бәйгенің алдын қарсыластарына бұйыртпады.

Жүрісінің, аяқ тастауының тамаша әсемдігімен бойды баурайтын жорғалар мен желіс аттарының жарысына көз салып тұрып, “Пай-пай, бөкен желіс-ай!” деп, тамсанасың. Осы сәтте:

“Аяңы тымақты алшы кигізгендей,

Кісіні бұлбұл қағып жүргізгендей.

Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс

Ыза қылдың қолыма бір тигізбей”, – деп ұлы Абай қалайша дәл айтқанына таң қаласың.

Айтпақшы, бұл желіс аттарының иелері – “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі мен “Құлагер” атшабарының атбегілері.

“Құлагердегі” көрермендердің ең соңғы тамашалағаны – аламан бәйге. Он бес шақырымдық жарысқа шыққан он бір жүйріктің алдын әуелден екі ат бастады. Бастапқыдан-ақ Аққайың ауданынан келген “Анонс” есімді сәйгүлік суырылып алға шыққанды. Оған Есіл ауданынан қатысқан “Сұңқар” бәсеке жасап, қатар үзеңгі қағыстырып келе жатты. Сөреге жетуге екі айналым қалғанда манадан тізгінді тарта ұстап келген шабандоз “Сұңқарды” еркіне жіберді. Міне, жүйрік! Марқұм ақын Қадыр-Мырза-Әліше айтқанда, “Жүйрікке қалудан да озу оңай!” деген осы екен. Данияр Нәсиевтің “Сұңқары” сұңқарлығын танытты.

Ұлттық спорт ойындарының алғашқы кезеңі осымен тамамдалды. Қалған түрлері бойынша жарыстар спартакиаданы ұйымдастырушы – Мамлют ауданында өтеді. Бұл сайыстар аудан орталығында аптаның соңғы күндері қатысушылардың басын қосады.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Суретті түсірген  

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp