«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәкпеновтер отбасының ең сыйлы және ең құрметті адамы – Жәзит ата. Ол 1932 жылы Айыртау ауданындағы Қарақамыс ауылында туған. Сырымбет орта мектебін аяқтағаннан кейін Петропавл қаласындағы педагогика институтының жаратылыстану факультетінен мамандық алып, еңбек жолын Совет ауданындағы (қазіргі Аққайың) әзірлік мектебінде химия және биология пәндерінің мұғалімі болып бастапты. Кейін мұғалімдік қызметін Айыртау ауданындағы Светлое ауылында жалғастырады. 1965 жылдан 1992 жылға дейін Комаровка, Лавровка орта мектептерінде басшылық қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Светлое ауылындағы мектепте ұстаздық етеді.

Өзінің ұзақ жылғы ұстаздық қызметінде өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге Жәзит Кәкпенұлы қомақты үлес қосты. Оның алдынан білім-тәрбие алып шыққан оқушылары түрлі мамандықтарды игеріп, Қазақстанның түкпір-түкпірінде және шетелдерде жемісті еңбек етіп жүр.

– Әкем Қабдірахман Шүкенов Ұлы Отан соғысына аттанып, 1942 жылы Украинаның Луганск қаласын жаудан азат ету кезінде қаза тапты. Топырақ сол жерден бұйырды. Оның бауыры, аға лейтенант Сабыр Шүкенов шайқаста ауыр жарақат алып, 1944 жылы қайтыс болды. Сүйегі елден жырақта қалды. Біз көптен күткен жеңісті жақындату үшін елде аянбай еңбек еттік. Өзім де, зайыбым да – тыл еңбеккеріміз, – дейді педагогикалық қызметтің ардагері.

Жәзит ата отбасының отын сөндірмей, үнемі қолдау көрсетіп отырғаны үшін өзінің зайыбы Қарашаш Қалиқызына дән риза. Олар 60 жылдан бері иық тірестіре бірге өмір сүріп келеді. Алты ұл мен бір қызды тәрбиелеп, бұл күндері 18 немере мен 3 шөбере сүйіп отыр.

“Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” деген емес пе?! Балалары да ата-ананың шынайы қамқорлығын ақтап, қалаған мамандықтарына қол жеткізді, үйлі-баранды болды. Ұлдары Білімжан Көкшетау қаласындағы “Дарын” мектебінде ұстаздық етеді, Тасболат Көкшетау қалалық “Нұр Отан” партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Ризабек – Петропавл қаласындағы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың мектеп-интернатында директор, Сәкен Петропавлдағы “Облыстық наркологиялық оңалту орталығы” МКМ-нің бас дәрігері болып еңбек етеді. Сәбит Жәзитұлы Көкшетауда жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ұстаздық мамандықты таңдаған қыздары Айнаш – Ақмола облыстық орыс драма театрының әкімгері. Кенжесі Боркен Көкшетау қаласындағы қонақүй бизнесіне басшылық жасайды, сәулет құрылыстарын тұрғызады. Оның өзі зайыбы Шолпанмен бірге 5 бала тәрбиелеп отыр.

– Немерелеріміздің көпшілігі мектепті “Алтын белгімен” аяқтады. Мысалы, Айнұр Лондон университетінде, Ләйла Германиядағы медицина университетінде “Болашақ” бағдарламасымен оқып жатыр. Қазақ-түрік лицейінде оқитын немереміз Мейірбек ҰБТ-да ең жоғары 125 балл алып, Австрияда білімін жалғастыруға арналған оқу грантын жеңіп алды. Биыл қыркүйек айында сонда жүргелі отыр. Ұрпақтарымыздың осылай өз жолдарын тауып жатқанына қуанамыз, – дейді “Алтын алқа” иегері Қарашаш Қалиқызы.

Жәзит ата мен Қарашаш апаның бір-біріне деген құрметі, сыйластығы кейінгілерге үлгі боларлықтай. Олардың отбасындағы қарым-қатынасы, кітапқа, сурет өнеріне, тарихқа, ғылымға, биология мен математикаға қызығушылығы балалары мен немерелерінде көрініс тапқан. Мысалы, Сәкен Жәзитұлы өзінің балалары мен жиендеріне күлдіргі жырлар шығарып, “Whatsapp” ұялы телефон желісінде “Кәкпеновтер және Жәзит” тобын құрыпты, сол арқылы жан-жақтағы бауырларымен әртүрлі тақырыптарда әзілдеседі және фотосуреттерімен алмасады. Отбасында отағасыны “Президент ата” деп атайды. Өйткені, ақсақалдың айтқаны балалары мен немерелері үшін заң, оның ақыл-кеңестері, тапсырмалары мүлтіксіз орындалады. Жәкең 83 жасқа келгеніне қарамастан, ұялы телефонды қасынан тастамайды. Өткен қыста балалары мен немерелері Қытайда демалған кезде “Whatsapp” арқылы хабарласып тұрды.

Ынтымағы жарасқан отбасының балалары әкесі жайлы естелік кітап әзірлеуде. Бұл да – үміт пен еңбектің ақталғандығының бір белгісі.

Назымбек ОРАЗЫМБЕТОВ,

  облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp