«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОМПОЗИТТІК МАТЕРИАЛДАР ҚЫЗЫЛЖАРДА ШЫҒАРЫЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы Александр Топченко басқаратын “Сапро-НАТ” ЖШС биылғы сәуір айында “Полимерлік композиттер зауыты” еншілес кәсіпорнын құрып, “Композиттік материалдар өндірісін ұйымдастыру” жобасын жүзеге асыруға кірісті.

Аталмыш жоба облыс әкімдігі жанындағы үйлестіру кеңесінде қолдау тауып, өңірдің Индустрияландыру картасына енгізуге ұсынылды. Сол күні үйлестіру кеңесінің белсенді мүшесі, пластикалық құбырлар шығарумен айналысатын “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС-нің директоры Александр Кондратов жаңа өндіріс орнының шығарғалы отырған өніміне қызығушылық білдірген болатын.

– Бұл жобаның болашағы зор деп есептеймін. Облыс орталығындағы пластикалық құбырлар шығаратын өндіріс орындары композиттерді шетелден алуға мәжбүр. Өйткені, ондай өнім өндіретін кәсіпорын біздің елімізде жоқ. Сондықтан “Полимерлік композиттер зауыты” ЖШС-мен әріптестік орнатуға қазірден бастап дайынмын, – деген жобаның мақсатына, күтіліп отырған нәтижесіне ерекше назар аударған Александр Викторович.

Сонымен, жаңада ғана шаңырақ көтеріп жатқан зауыттың аяқ алысымен таныспақ болып, біз де кәсіпорынға ат басын тіредік.

Полимерлік композиттер зауыты да “Сапро-НАТ” ЖШС сияқты облыс орталығындағы Универсальный, 1а мекенжайында орналасқан екен.

– Полиолефиндер (полипропилен, полиэтилен, полистирол) базасында жасалатын толықтырылған композициялар Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Украина нарығында мол сұранысқа ие. Композициялық материалдар өнеркәсіптің барлық салаларында, атап айтқанда, автомобиль, жиһаз жасауда, электр және резеңке техникасында, тоқыма өндірісінде кеңінен қолданылады. Олар темір мен ағашты алмастырады. Сонысымен құнды. Мысалы, автомобильдердің бамперлері, әйнектердің тығыздауыштары осы композициялық материалдардан жасалады. Бұл материалдар жылуға, мыс иондарына, қышқылданып бұзылуға, салмақ түсуге төзімді сияқты төрт көрсеткіш бойынша бағаланады. “Омбы каучугі” ААҚ изопренді каучук өндірісін игеру арқылы төртінші көрсеткішке қол жеткізбек. Ондай өнім кабель жасау өндірісінде пайдаланылады. Омбылық әріптестерімізбен бірлесе жұмыс істей отырып, осындай өндіріс орнын өзімізде ашуды ұйғардық, – дейді жаңа серіктестіктің директоры Абзал Темірбек.

Абзал Магометұлы бұған дейін “Сапро-НАТ” ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарыпты. Басшының айтуына қарағанда, қазір өндірістік цехқа арнайы желі орнатылған. Бұл желінің құрамына екішнекті экструдер, дозаторлар, салқындату ваннасы, түйіршіктегіш, түйіршіктерді жинақтаушы-сыйымдылық, пневмоартқыш, жылдамдықты қоспалауыш сияқты қондырғылар кіреді. Осы желі арқылы сағатына 90 килограмм түйіршікті композициялық материал әзірленеді. Дайындалған өнім Омбы, Тольятти, Москва қалаларында зертханалық сынақтан өтіп, сертификатталуда. Шикізатқа мұнай қалдықтары пайдаланылады. Ол үшін Омбы мұнай өңдеу зауытымен арнайы келісім жасалған.

– Жобаның бірінші кезегін іске қосу үшін орнатылған желіні реттеу жұмысымен айналысып жатырмыз. Бүгінгі күні 100 килограмдай дайын өніміміз бар. Бұл желі тоқтаусыз жұмыс істейтін болады. Өндіріс барысы солай. Әзірше онда 7 адам еңбек етеді. Зауыттың 21 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін екінші кезегін іске қосуды биылғы күз айларына жоспарлап отырмыз. Ол кезде қазіргіден төрт есе артық өнім шығаратын боламыз. Өнімдеріміздің 90 пайызы Ресей Федерациясының “Росскат”, “Татнефть”, “Камкабель” сияқты өндіріс орындарына экспортталады. Тек шыны қоспасы бар композиттер ғана пластикалық құбыр өндірісіне жарамды. Ондай өнім шығару – болашақтың ісі. Сол кезде облыс орталығындағы “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС сияқты кәсіпорындар пластикалық құбырлар шығару үшін біздің тұтынушыларымыз бола алады. Қазіргі міндетіміз – орнатылған желіні өндіріске қосу, екінші қуатты желіні орнату үшін жаңа өндіріс орнын әзірлеу. Бүгінгі күні осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ал зауыттың жаңа цехтары бірер айда осы жерде тұрғызылатын қаңқасыз имаратта орналасады, – дейді серіктестіктің директоры.

Сонымен, облыс орталығында бой көтеріп жатқан бірегей жаңа кәсіпорын түрлі түсті композициялық материалдар шығаруға бағыт ұстанып отыр. Ол индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында жүзеге асырылатын өңірлік жобалардың қатарын толықтырып, облыс экономикасы үшін жұмыс істейтін болады.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp